Денсаулық

Су сапасы денсаулыққа қалай әсер етеді?

Биылғы жаз ерекше болып тұр. Маусым айының басында-ақ күн күрт ысыды. Аптап ыстықта аңқасы кепкендердің дені демалыста сая іздеп жағажайларға барады емес пе?Облыстағы 13 жағажайдың жағасы күн ыстықта демалушыларға толы болады. Қала аумағындағы 11 жағажайда да жаз бойы тұрғындардың қарасы үзілмейді. Биыл су тасқыны қатты болды. Қарғын судың екпіні басылып, жұрт етек-жеңіп жинап, тірлік қамына кірісті. Осы тұста аптап ыстықтан жағажайларға барып сая іздеген жұрттың көкейінде сұрақ туындады: биылғы су тасқынынан кейін өзен суларының сапасы қаншалықты өзгерді? Санитарлық талапқа сай ма? Жағажайлардан жұқпалы ауру тарауы мүмкін бе?

Бұл сұрақтарды облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарына қойған едік…

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті маманы Нұргүл Мешітбаеваның айтуынша, шомылу маусымынан бұрынжәне басталған  кезеңде су қоймалары мен жағажайлардың суы мен құмытексерілген.

— Биыл облыс бойынша санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг  шеңберінде 134 су, 108 топырақ сынамасы алынды. Оған микробиологиялық, санитарлық-химиялық және  паразитологиялық зерттеу жасалды. Нәтижесінде барлығы талапқа сай болды. Дегенмен тұрғындарға жағажайға барғанда санитарлық ережелерді  сақтауды ескертеміз. Себебі су арқылы жұқпалы, жұқпалы емес аурулар жиі таралады. Оның ішінде бактериалды ішек инфекциялары, вирустық аурулар жұғуымүмкін. Ауру қоздырғыштары ағзаға асқазан-ішек жолы арқылы енеді. Мәселен, сапасыз су ішкенде, шомылған кезде ауыз және мұрынның шырышты қабықшасы, зақымданған тері арқылы енеді. Жіті инфекциялық ауру жұқтырған адамның алғашқы кезде дене қызуы көтеріледі. Құсып, іші өтеді, жүрегі айниды. Осындай белгілер байқалса, бірден жедел жәрдем шақыту керек, — деді Нұргүл Мешітбаева.

Облыс бойынша биыл су арқылы ауру жұқтырғандар тіркелмепті.

Маманның айтуынша, су арқылы жұғатын аурулардан қорғану  үшін алдымен жеке бас гигиенасын сақтау керек. Су айдындарына барған кезде ол жерден су ішпей, өзіңізбен бірге бөтелкедегі суды алып жүрген жөн.  Сондай-ақ  мұқият жуылған жемістер мен көкөністерді ғана тұтыну керек.

— Жаз бойы балалар жағажайға жиі барады. Осы кезде ата-аналар барынша қырағы болғаны жөн. Баланың шомылып жүрген жерденсу ішіп қоймауын және өзге де қалдықтарды аузына салмауын барынша қадағалап отыру керек. Сондай-ақ жағажайға барған әрбір адам тазалықты өзінен бастағаны жөн. Шомылатын жерге тұрмыстық қалдықтарды тастап кетпеу керек. Қоқысты арнайы контейнерге салған жөн. Бұндай жерлерде улы жәндіктер жүруі мүмкін. Сондықтан жәндіктерден қорғанатын репелленттер мен инсектицидтерді алып жүрген артықтық етпейді, — деді Нұргүл Мешітбаева.

 

Вырезка

Суда шомылудың қауіпсіздік шаралары
– Суға шомылатын жерді, жалпы жағдайды, судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз.
– Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз.
– Суға тек рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыздар.
– Өте ұзақ шомылмаңыз, өзіңізді шаршауға және тоңып қалтырауға дейін жеткізбеңіз.
– Суға түскенде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыз.
– Қоршау белгілерінен, буйлардан тысқары аумаққа шықпаңыз.
– Техникалык ескерту белгілерінің, буйлардың және басқалардың үстіне шығушы болмаңыздар.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button