Денсаулық

Шеберлік сабағы өтті

Көпсалалы облыстық балалар ауруханасындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің симуляциялық орталығында «Неонатология мен педиатриядағы шұғыл жағдайлар» тақырыбында шеберлік сабағы өтті. Шеберлік сабағын  ресейлік сарапшы, жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог Анатолий Веревкин өткізді.

Мақсат — «Pedisim», «Bebisim», «Кроха павлик» секілді жоғары технологиялық роботтар арқылы жұмыс істеуді меңгеру.

Ақтөбеге арнайы келдік. Үш күнге созылатын шеберлік сабағының алғашқы күні кімнің қалай жұмыс істейтінін анықтап, бөлімдерге бөлеміз. Содан кейін осы бағыттағы мәселелерді ортаға салатын боламыз. Жалпы, балаларға диагноз қою оңай емес. Оның ішінде мебдикелердің жұмысы өте күрделі. Ал білікті медбике кез келген сынақтан сүрінбей өтеді. Осы ретте шала туған нәрестелердің күтімін робот арқылы көрсетеміз. Осылайша мамандардың тәжірибесінің шыңдалуына септігімізді тигіземіз, — деді Анатолий Веревкин.

Іс-шара барысында университеттің  стратегиялық даму ғылым және халықаралық серіктестік жөніндегі проректоры Гүлмира Жорабекова шеберлік сабағының неонатологтар мен педиатрлар үшін маңызы зор екенін айтып, Мәскеу қаласынан арнайы келген маманға алғысын білдірді.

Медицина мамандары жұмыс кезінде түрлі қиындықтарға кездеседі. Кез келген қиындықтан шығу үшін замануи әдістерді меңгеру қажет. Тренингтің алғашқы күнінде-ақ көп нәрсені үйреніп жатырмыз. Мәселен, нәрестелердегі бронх демікпесі, анафилактикалық шок және өзге де қауіпті сырқаттар кезіндегі көмектің қыр-сырын меңгеруге тырысып жатырмыз.  Симуляциялық орталықта бірінші, екінші курстың студенттері де тәжірибеден өтеді. Бұл іс-шара оларға да үлкен мүмкіндік болып отыр, — деді М.Оспанов атындағы БҚМУ балалар симуляциялық орталығының жаттықтырушысы Назгүл Ғұбай.

Шеберлік сабақ аясында неонатологтар мен педиаторлар жоғары технологиялық роботтарды қолдану әдісін меңгерді. Бейнетрансляция арқылы брифинг ұйымдастырылды. Осылайша келуге мүмкіндігі болмаған мамандар да мәскеулік дәрігердің кеңесін алып, сұрақтарын қойды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button