Мәдениет

Сахна сыртындағы көрінбейтін еңбек

«Мәдениет пен өнер — ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер — ұлттың жаны, ал мәдениет — рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу — ортақ парыз».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті.

Аптап ыстық басталысымен көбі еңбек демалысына шығуға асықса, Қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері ақтөбеліктердің жазғы кешін қалай көңілді өткіземіз деп әлек. Жалпы, облыс орталығында өтетін мерекелік іс-шаралардың көбін осы мекеменің ұжымы ұйымдастырады.

Санаулы сағаттарға ғана жоспарланған концерттің артында қанша адамның еңбегі жатқанын білесіз бе?

Біз бұл жолы күннің ыстығы мен суығына қарамай, демалыссыз еңбек етіп жүрген мәдениет саласының алдыңғы шептегі жауынгерлерінің жұмысымен танысып қайтқан едік…

Білікті маман

Кез келген іс-шараның мәнді әрі мағыналы шығуы оның сценарийді қалай жазуына тікелей байланысты. Қалалық мәдениет үйінің халық шығармашылығы және демалыс қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бақытгүл Тілепова — тек Ақтөбе қаласындағы ғана емес, облыс аумағындағы көлемді іс-шаралардың жоспарын жасап жүрген білікті маман. Бақытгүл Біләлқызының жасаған бір жұмысы екіншісіне мүлде ұқсамайды. Оның жұмыс жасау барысындағы «фишкасы» да осында.

Біз барғанда кейіпкерімізҰлттық Домбыра күніне арналған мерекелік іс-шараның сценарийін жазып отыр екен. Әрбір жазған жұмысын тарихпен байланыстыруға тырысатын сценарист бұл жолы мерекелік концерттің прологын абыз Әбіш Кекілбаевтан естіген домбыра туралы аңыз-әңгімесінен бастапты. Домбыра күнін тойлауға жиналған жұртшылыққа бұл аңызды Құрманғазы мен Дина, Дәулеткерей мен Қазанғап шығып айтады.

Бақытгүл — маңғаз Маңғыстаудың қызы. Жиырма жылдан астам уақыт білім беру саласында қызмет еткенімен, қашанда бар көңілі мәдениет пен өнер жағында болғанын айтады.

Бала күнімнен шығармашылыққа жақын болдым. Қызмет етіп жүрген жылдары да кез келген мерекелік іс-шараға барсам, ұйымдастырылу жағындағы қателіктерді көріп тұратынмын. Сосын іштей ой толғап, көрініс құрып отыратын едім. Қолымнан келгенше аудандағы мәдени шараларды ұйымдастыруға көмектесіп жүрдім. Сол еңбегімді көрген аудан әкімі мені Мәдениет үйіне бөлім меңгерушісі ретінде жұмысқа шақырды. Кейін сол Мәдениет үйінің директоры болып тағайындалдым. Бұл салаға келгеніме де 20 жылдан астам уақыт өтіпті.

Өнер адамдарына ең керегі — еркіндік. Олар еркін болған сайын шығармашылығы шыңдала түседі. Мені қуантатыны — бүгінде бізде сондай мүмкіндік бар, — дейді Бақытгүл Тілепова.

Кейіпкеріміз осыдан он шақты жыл бұрын дәм-тұз айдап Ақтөбеге қоныс аударады. Жұмыс іздеп жүріп, сол кездегі облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысына жолығып, бірден Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған үлкен іс-шараның сценариін жазуға тапсырма алады.

Тапсырманы ойдағыдай орындаған соң, облыстық халық шығармашылығы үйіне жұмысқа алынады.

Ақтөбе өңіріндегі өмірім осылай басталды. Мен мұнда келіп, өз орнымды таптым. Өнері өрісті, мәдениеті мәуелі жерге келгеніме әлі күнге дейін қуанамын, — дейді Бақытгүл Біләлқызы.

Бақытгүл әрбір сценарийін досына, тіпті баласына балайды. Бір сағаттық іс-шараның артында бірнеше күнгі ұйқысыз түндер жатқанын айтады.

Әр сценарийім ойымдағыдай  шығуы үшін ұзақ ойланып-толғанамын. Дайындаған дүниемді режиссерге тапсырамын. Оны жүзеге асырып, жарыққа шығаратын — сол, — дейді кейіпкеріміз.

Ол үнемі ізденісте жүреді. Кітапты көп оқиды. Көркем сөздер мен ұлылардың ойлары жазылған 40-қа жуық қойын дәптері бар.Құлаққа жағымды, мағыналы сөздер естісе, бірден соған түсіріп қояды. Кейін оны бір пайдасына жаратады.

— Әр адам өзінше демалады. Біреу шетелге саяхаттайды, енді біреу табиғат аясына шығып сейіл құрғанды демалысқа санайды. Мен жұмысқа келіп, сценарий жазып демаламын, — дейді ол.

Облыстағы ауқымды іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосып жүрген Бақытгүл Біләлқызы жуырда «Мәдениет саласының үздігі» атанды. «Еңбек даңқы» медалінің иегері.

Мәдениеттің Фаризасы

Фариза Төлебаеваның  да жүзі ақтөбеліктерге жақсы таныс. Қазіргі таңда қаладағы бірде-бір іс-шара Фаризаның қатысуынсыз өтпейді.

Фариза — Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты физика-математика және жаратылыстану факультетінің түлегі. Диплом бойынша мамандығы —математика пәнінің мұғалімі.

Дипломын алып, ауылына қайтып бара жатқан Фаризаға қалалық мәдениет бөлімінен хабарласып, жұмысқа шақырады. Сөйтіп, еңбек жолын қалалық мәдениет үйінің әдіскері болып бастайды. Кейін мансап жолымен сатылап өскен кейіпкеріміз қазір Қалалық мәдениет үйі директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүр.

Қашанда жаңашылдыққа жаны құмар, кез келген іс-шараны креативті етіп ұйымдастыра қоятын Фариза бүгінде қала аумағында дәстүрге айналған бірқатар жобаның авторы. Соның бірі — отбасы құндылығын сақтап, ағайын арасындағы ауызбіршілікті нығайтуды мақсат еткен «Аңыз болар абысындар» атты байқауы.

— Бұған дейін қалалық келіндер байқауын ұйымдастырып жүрдік. Ол сайыста келіндер өздерін көрсетуге тырысады. Ал абысындар байқауының ерекшелігі — бір үйдің келіндері, яғни ағалы-інілі бауырлардың келіншектері тұтас отбасының абыройы үшін бақ сынасады. Сайыстың мақсаты — бір-біріне деген құрмет-ілтипаты ерекше абысынды-келіндерді көпшілікке таныстыру, — дейді.

Әрбір жобасында ұлттық тәрбиенің ізін көрсетуге тырысатын Фариза —Башановтар отбасындағы жалғыз келін. 2017 жылы қала көлемінде ұйымдастырылған байқауға қатысып, «Ел келіні» атанғаны бар.

Фариза бүгінде облыс орталығында өтетін іс-шаралардың ұйымдастырылуына жауап береді. Сценарийдің құрылуынан бастап, сахнаның жиналуына дейінгі жұмыстардың барлығы осы қаршадай қыздың мойнында.

— Жұмысымды қатты жақсы көремін. Әр кештің көрермен жүрегінен орын тапқанын қалаймын. Біздің ұжым жаз бойы ақтөбеліктер үшін түрлі бағдарламалар жасақтап жатыр. Домбыра күнін сәтті өткізіп алсақ, Астана күніне орай ашық аспан астында поэзия кешін ұйымдастырмақпыз. Қала тұрғындары мен қонақтарын бізбен бірге болуға шақырамыз, — деді ол.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button