Балет артистерінің шашуы
Театр
Сейсенбі күні Ақтөбе қаласына гастрольдік сапармен келген Мемлекеттік академиялық би театрының артистері «Аққу көлі» балетін сахналады. Ақсүйек өнерді тамашалауға жиналған көрермен көп болды.
57 жылдық тарихы бар өнер ұжымы көрнекті композитор Пётр Чайковскийдің музыкасына қойылған әйгілі «Аққу көлі» («Лебединое озеро») балетін бұған дейін Ақтау, Атырау қалаларындағы көрерменіне ұсынған.
— Біздің сапарымыз осы көктемге жоспарланған еді. Алайда су тасқынына байланысты енді ғана жолымыз түсті. Бірақ, уәде еткеніміздей, сәл уақыт оздырып болса да еліміздің батыс бөлігінаралап келе жатырмыз.
Театрдан барлығы 38 адам келдік. Оның 35-і — бишілер. «Аққу көлі» классикаға айналған балет қой, ақтөбеліктер жылы қабылдады. Ризамыз.
Театрымыздың негізін қалаушы — Қазақстанның халық артисі, профессор Болат Аюхановтың өмірден өткеніне алдағы желтоқсан айында 2 жыл болады. Қазақ балетіндегі құбылысқа айналған тұлғаның бастаған ісі жалғасып жатыр, қараша айында «Ақсақ құлан» балетінің премьерасын өткіземіз. Өз кезегінде Болат Ғазизұлының зайыбы, 2 баласы да бізбен байланысты үзбеді, театрымызға ұдайы келіп тұрады, — дейді аталған труппаның көркемдік қойылым бөлімінің меңгерушісі Мақсат Закиров.
Нәзіктік пен сұлулықтың символы саналатын балет өнерінде енді танылып келе жатқан Сымбат Мақсұт — жоғарыда аталған шығармада бас партияны сомдады.
— Бұл біздің театрдың «төлқұжаты» десем болады. «Аққу көлін» жиі сахналаймыз. Мұнда мен Одеттаны ойнаймын. Кейіпкерімнің көңіл-күйін көрерменге жеткізу оңай емес. Қимыл-қозғалыспен, қас-қабақпен оның мұңын, жан күйзелісін көрсету үлкен ептілікті қажет етеді, — дейді жетекші солист Сымбат.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.