Жастар

Жастар «Адалдық сағатына» қатысты

Аймақтағы білім беру мекемелерінде «Адалдық сағаты» акциясы өткізіліп жатыр. Мұндай іс-шараға өңірде 100 мыңнан астам адам қамтылды.

Кезекті кездесу Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» залында ұйымдастырылды. Басқосуға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Алмат Мырзалиев, сондай-ақ аталған оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Жиын барысында сыбайлас жемқорлықтың зияны айтылып, оқуда және өмірде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін адал еңбектің пайдасы ұғындырылды.

Кездесу барысында спикерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жаңалықтары, агенттіктің қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары, жемқорлық тәуекелдерінің картасын жан-жақты түсіндіріп, ақпаратты тақырыптық бейнероликтермен сүйемелдей отырып,  үлкен экраннан көпшілік назарына ұсынды.

Қазіргі таңда адамдардың бойында тәуелділіктің көптеген түрі бар. Ол — алкоголизм, нашақорлық, клептомания, лудомания, компьютерлік және интернетке тәуелділік. Жастарды мұндай тәуелділіктерге жақындамауға, егер бойыңызда болса, одан бас тартуға шақырамыз. Өйткені оның арты жақсылыққа апармайды. Мәселен, құмар ойындарға тәуелділік — лудомания салдарынан да жемқорлық деректері тіркелді. Соның бірі — Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің түлегі, Ақтөбедегі мектептің бас есепшісі аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды. Ол сегіз жыл бойы өзінің банктік шотына жалақы ретінде заңсыз аударымдар жасаған. Салдарынан мемлекетке 413,8 миллион теңге сомасында залал келтірді. Тек бір жылдың ішінде ол өзіне 200 миллион теңгеден астам қаражат аударған. Бұл — мектептің тұтас жылдық еңбекақы қорының 30 пайызы. Жымқырған сомасының орнына 100 балаға мектеп салуға болатын еді, — деген Алмат Мырзалиев жиналғандарға өз баяндамасында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті ректорының жемқорлық үшін күдікке ілінген бейнероликті де көрсетті.

Ол өз сөзінде оқу орындарында білім беру сапасын көтеруге айрықша мән беру қажеттілігін де айтты. «Көпке топырақ шашпаймын, дегенмен қазір университеттерде ұстаздар тарапынан нақты практикалық білім берілмейді. Көбінесе «сабақ өткізілді, болды» деп емес, студенттерге барынша сапалы және заманауи білім берілуі қажет. Студенттер сабаққа диплом алу үшін ғана емес, оған жауапкершілікпен қарауын қамтамасыз ету маңызды. Өйткені сапалы білім берілмесе, жас ұрпақтың болашағы күмәнді. Келешекте олар өз мамандығы бойынша жұмысын тиісінше орындай алмай, ауыр салдарға тап болады», — деген спикер бұл мәселеде облыстағы жолдың жайын тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазір Ақтөбе жолдарының сапасы республика бойынша ең төмен көрсеткішке ие, адам өміріне қауіп төндіруде.

Сонымен қатар кездесуде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік», «Бизнес жол» сияқты жобалар туралы да молынан түсінік берілді. Тақырыпқа байланысты белсенді жастар, оқытушылар өз ойларын ортаға салып, студенттер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button