АуылБасты жаңалықтар

Орманымен мақтанатын округ

Ауыл — ел бесігі

Мұғалжар ауданы тауымен ғана емес, шөбі шүйгін даласымен, емдік қасиеті мол көлдерімен, қарағайлы орманымен, мөлдір бұлағымен, биші қайыңдарымен көрікті. Шұрайлы өлке қазақ тілі мен қазақ музыкасына өлшеусіз үлес қосқан ғалымдар — ағайынды Жұбановтардың туған жері екені де көпке белгілі. Мұнда Құдайберген Жұбановтың есімімен аталатынокруг те бар. Оның құрамынаекі ауыл кіреді. Олар —округ орталығы Қаракөл және Жаңатұрмыс ауылы. Біз бұл жолы қаракөлдіктердің тыныс-тіршілігі туралы білген едік…

Қаракөлдің тынысы

Тарихқа үңілсек, 1899 жылы Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген қазақтың тұңғыш лингвист-ғалымы, түркітанушы Құдайберген Жұбановтың есімі 1991 жылы округке берілген. Округ орталығы — Қаракөл ауылы. Бұрын Михайловка аталған ауылдың іргесі 1905 жылы қаланған. 1961 жылдан Орқаш ауылдық кеңесі, кейін «Орқаш» кеңшары болған бұл ауыл облыс орталығынан 150 шақырым, аудан орталығынан 65 шақырым қашықтықта орналасқан. Қаракөл — Мұғалжар ауданының онтүстік-шығысындағы Көбелей өзенінің саласы Қайындысай бойында орналасқан ауыл.

Құдайберген Жұбанов ауылдық округінің Жыл басында сайланған жаңа әкімі Ләззат Бердібаеваның айтуынша, округте 760 адам тұрады.

— Қаракөл ауылында — 114 үй, Жаңатұрмыс ауылында 29 аула бар. Округте бір орта, бір негізгі мектеп, бөбекжай-бақша, Мәдениет үйі, ауыл клубы, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік пункт, кітапхана, ветеринарлық бөлім, «Қазпошта» бөлімшесі, «Орқаш орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесі, №45 өрт сөндіру бекетіжұмыс істейді. Сондай-ақ коммуналшы, электр желісі мамандары, үйде қызмет көрсететін арнаулы әлеуметтік қызметкерлер де бар. Округ тұрғындарына «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қатысқан төрт адамның үшеуінің жобасы мақұлданды, бір адамның мүлкі бағалаудан өткізіліп жатыр. Барлығы да мал шаруашылығы бағытын таңдап отыр. Жеңілдетілген несиеге мал алып, көбейткісі келеді, — деді Ләззат Бердібаева.

Округ әкімі Қаракөл ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы да әңгімеледі.

— Ауыл абаттандырылып жатыр. Мәселен, көшелерді жарықтандыру бойынша жөндеу жұмыстарына 1 982 400 теңге қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстарын мердігер компания «Тесла плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Яғни ауылдағы 13 көшеден 40 шам ауыстырылды.

Енді ауылдағы саябақ жөнделмек. Оған қаражатты салық төлемдерінен алу жоспарланып отыр. Қаракөл ауылына кіреберіс Бейбітшілік көшесін орташа жөндеудің сараптама қорытындысын өткізу үшін 553 мың теңге бөлінді. Қазір жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Жаңатұрмыс-Жұрын ауыларалық жолына қиыршық тастан көтерме жол салынады, оның да жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде, — дейді округ әкімі.

Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округте WLL CDMA-450  сымсыз  байланыс торабы мен интернеттің Мегалайн және Beeline ұялы байланыс операторлары қосылған.

Округ орталығындағыМәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қаракөл ауылының Мәдениет үйі 1972 жылы салынды. Салынғаннан бері ешқандай күрделі жөндеу жүргізілмеген. Бүгінгі таңда Мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 219 миллион теңге қаражат бөлінді.Мердігер «Еркен»компаниясы 7 ай ішінде жөндеу жұмыстарын аяқтап береміз деп отыр, — дейді Қаракөл ауылдық мәдениет үйінің директоры Саламат Атырауов. Қаракөлдегі Ахмет Жұбанов атындағы орта мектепке де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 119 оқушысы бар білім ұясы мамыр айында 17 түлек ұшырған. Оның екеуі «Алтын белгі» иегері болса, екеуі мектепті үздік аттестатпен бітірген.

Округке қарасты 37 шаруа қожалығы бар. Олар, негізінен ірі қара, қой-ешкі, жылқы, түйе бағады. Құс өсіретіндер де бар екен.

— Ауылымызда патриот азаматтар көп.Солардың бірі — әулиекөл сиыры мен мұғалжар жылқысын өсіріп отырған «Берекет» шаруа қожалығының басшысы Мінайдар Елжанов. Қожалық басшысы ауылдағы қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып, үнемі қолдау білдіріп, демеушілік етеді.Сондай-ақ «Бірлік-Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Бекболат Исенов пен «DSI Group» компаниясының директоры Нұрсұлу Атаевалар да қаржылай көмегін аямайды. Сонымен бірге ауылымызда Ерлан Байменше жетекшілік ететін «Орқаш бастау» деген қор бар. Ауылға жаны ашитын кәсіпкерлер сол қорға алты айлап, бір жылдап қаражат жинайды. Бұл қаражатауылға ойын алаңын салуға немесе басқа да шаруаларды шешуге жұмсалады, — деді Ләззат Бердібаева.

Сондай-ақ округ әкімі ауылдың көркеюіне үлес қосып, үнемі қолдау білдіріп, демешілік көрсетіп жүрген ауыл азаматтарына осы сәтті пайдаланып, газет арқылы ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Орқаштың сұлу табиғаты

Қойнауы құтқа толған ағайынды Жұбановтар округі орманымен де ерекше.

Біз де Жұрын ауылын асып, Орқаш орманы алқабына жеттік.Бұл — облыстағы табиғи, тарихи мәдени мұралардың бірі. Табиғаттың әдемі сыйына таңдай қағып, орман ішін аралап көрдік. Биік-биік  көктерек, аққайыңдар баяу желмен ырғалады, қарағайдың балғын жасыл бүршіктері ілініп тұрған жаңажылдық ойыншық секілді өзіне сән беріп тұр. Ал ескілері жерге түскен. Оны да қызықтадық. Сондай-ақ жиде, итмұрын, мойыл, бүлдірген өсіп тұр. Тоғайдың таза ауасы қандай!? Қаладағы көліктердің түтіні мен зауыттардың ысына тұншыққан біз қарағайлы орманның жұпар ауасымен терең тыныстап алдық.

Солтүстік-шығыстан соққан желмен тербелген ағаштардың сыбдырына орманды мекен еткен жабайы құстардың сайраған дауысы қосылып, әдемі әуенге айналады.

Қазіргітаңдаорманалқабына күтімдібылтыр «Темірорманшаруашылығы» мемлекеттікмекемесінің құрамынан бөлініп шыққан «Орқаш орман және жануарлар дүниесін қорғау»коммуналдық-мемлекеттік мекемесі жүргізеді. Осы мекеменің директоры Камшат Ермағамбетовтің айтуынша, ауданы 57 мың гектардан асатын аумақтың 10 мың гектарына жуығы ағаштармен көмкерілген. Сонымен бірге бұлмекемеге Құмжарған-Көкжиде ерекше қорғалатын аумағы кіреді.

— Мекемеде 36 адам еңбек етеді. Оның 14-і — орман күзетшісі, 3 орман шебері, сондай-ақ орманшы да бар.Бізге көлік жүргізуші мен тракторшы керек, орындары бос тұр. Техника жағынан мәселе жоқ, алты тракторымыз бар, оның ішінде үш жаңа трактор— былтыр Темір орман шаруашылығынан бөлінгенде алғанымыз. Алқапты аралап, бақылау жүргізу үшін орманшыларға автокөлік жетіспейді. Әр орманшының бақылап, қадағалайтын өз учаскесі бар. Ауылдан орманның бір шетіне жылдам жету үшін көлік керек. Осыдан-ақ өрт қаупі төнгенге орманды сақтауда қиындық болатынын аңғаруға болады. Екі көлігіміз бар:«Lada priora» мен «Нива». Жолды өзіңіз көрдіңіз, «Лада» орманның ішіне кіре алмайды. Кезекшілікке, рейдке шығуға көлік керек.

Орман алқабында шілде, маусым, тамыз айларында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша барлығы 70 адам еңбек етті. Көлік болмағасын оларды тасымалдау қиын болды. «Жасылелдіктер» көктемде еккен талдарға күтім жасап, қурап-сынған ағаштарды жинап, арамшөп жұлу сияқты жұмыстарды жүргізді, — деді Камшат Ермағамбетов.

Орқаш орманына барып, табиғат сыйын көзбен көріп, демалуға болады. Демалушылар үшін жағдай жасалған, мәселен, арнайы сәкі мен ас пісіруге арналған ошақ құрулы тұр.

— Бұрын Темір орман шаруашылығының жанындағы Жұрын бөлімшесі болды. Біз сол кезде 6 адам боп еңбек еттік. Сол кезде ақылдасып, орман тазалығы мен өрт қауіпсіздігі мақсатында әрі демалушыларға ыңғайлы болу үшін сәкі мен ошақ құрып қойғанбыз. Орманның орта тұсына отыратындай етіп орындықтар да жасап қойдық. Сырттан тынығуға келгендер ағаштарды кесіп-сындырмасын деп, күз бен көктемде ағаштың қураған бұталарын кесіп, жинап, ошақ маңайына отын үшін дайындап қоямыз. Бұл да орман ішіндегі қауіпсіздікті сақтауға арналған амалдар, — деді Камшат Ермағамбетов. Еншісін алып, бөлек шыққандарына бір жылдан артық уақыт өшсе де орман шаруашылығын жүргізетін мекеменің кеңсесі жоқ екен. Қазір орманшылар ауылдағы бір жеке кәсіпкермен келісіп, соның ғимаратын паналап отыр. Ал машина-трактор шеберханасы, жанар-жағармай сақтайтын қойма екібастан жоқ.

Орқаш қорығында құстардың түрі көп. Мәселен, көксары, ақсары, дала қыраны, ақиық, батпақ, дала, шалғын құладын, күйкентай және қара кезқұйрық. Қалың тоғайды тоғыз түрлі жыртқыш құс мекендегендіктен, бұл жерді «бүркіт патшалығы» деп те атайды екен.

Орқаш орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры К.Ермағамбетовтің айтуынша, орманда 300-ден астам өсімдік түрі бар. Мұндағы  сирек кездесетін 32 өсімдіктің екі түрі Қызыл кітапқа енген. Мәселен, дөңгелек жапырақты күнбағыс пен мұз дәуірінен қалған қырыққұлақ та осы орманда өседі. Бұл өсімдікті, негізінен, Орқаш орманы мен Алтай тауы бөктерінде кездестіруге болады екен. Мұны 2015 жылы Қазақстан-Ресей экспедициясы кезінде осы өңірді зерттеген профессор Александр Чибилёв дәлелдеп кеткен.

Орқаш орманы алқабында жануарлардан — қабан, елік, қоян, тиін, түлкіні кездестіруге болады. Тұрғындар Мұғалжар тауы тиіп тұрған соң мұнда қасқыр да бар екенін айтады. Бұл аумақта көктем мен күзде бұлан көші тіркеледі екен.

Орманды аралап өтіп, әрі қарай жүргенімізде құмды алқапқа кез болдық. Ақ сары түсті құм күнге шағылысып, бейнебір жерге моншақ төгілгендей жылтырайды. Құм үстінде де неше түрлі өсімдіктер өсіп тұр, араларында шырша да бар. Бұл жақта Көкжиденің жер­­асты суы жақын болған ертеректе қолдан отырғызылған ағаштар көгеріп көктеп тұр. Бұл жерде Жұрын орман шаруашылығы мамандары 1980 жылы еккен емен, шырша, қайың, қарағай, сексеуіл, жыңғыл тоғайлары қалың болып өскен екен.

Құмды кешіп келе жатып жан-жағымызға көз салдық. Артымызда жасыл тоғай қалса, алдымыздан тағы бір керемет жерді көрдік. Жақындадық, бұл екі метр биіктікке жететін тас үйінділерінің композициясы екен. Бұл маңдағы тастар да ерекше, аспаннан жауған секілді шашылып жатыр. Құм алқабы мен тастар алаңы сан ғасыр бұрын су болған жердің орнына ұқсайды. Сондай-ақ осы алаңқайдантаңғажайып Көкжиде тұщы су қоры да алыс емес.

Орманға келушілер саны жыл сайын артып келеді. Бұл өлкеге маңдай тіреп келетін демалушылар әуелі орман ішін аралап, сосын тас дәуірінен қалған археологиялық таңғажайып ескерткіш саналатын петроглифтерге толы Төлеубұлақ үңгіріне барады екен. Ал ем іздегендері тұзды көлге бет алады. Бұл — ішкі туризмді дамытып, кәсіп бастауға ниетті жандарға дайын жоба.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button