Мереке

Дара болмысты дәрігер

Жақсы дәрігерді халық өзі іздеп барады, құрметтейді.Бұл жерде «жақсы» деген ұғым оның қызметіне емес, біліктілігіне, адамгершілігіне байланысты айтылады. Ал жақсы дәрігер атану кез келгеннің қолынан келе бермейді.Тәжірибелі дәрігер, жоғары санатты акушер-гинеколог Мариям Ансарованы жұрт жақсы дәрігер деп ерекше бағалайды.

24 жылдан бері облыстағы қыз-келіншектердің нағыз жанашыр досына айналған акушер-гинеколог қашанда дәрігерлік кеңесін беруден жалыққан емес. Өзгелерге әрдайым қол ұшын созуға дайын тұратын дәрігерге бүгінде ақтөбеліктер ғана емес, өзге өңірлерден келетін әйел-аналар да қаралады.

Мариям Ансарова 1996 жылы М.Оспанов атындағы мемлекеттік медицина институтын акушер-гинеколог мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ аталған оқу орнында интернатураны да аяқтаған. 24 жылдық тәжірибесі бар дәрігер бүгінде Ақтөбе қаласындағы «Дару» клиникасында жұмыс істейді. Ұзақ жылдар бойы жасаған еңбегі еленіп, бұған дейін облыс көлемінде Құрмет грамотасымен, сондай-ақ Алғыс хаттармен марапатталған. Үнемі ізденіс үстінде жүретін дәрігер жуырда Мәскеу қаласында өткен халықаралық семинарға қатысып, біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасып келді.

Дәрігер болу үшін білім мен тәжірибе жеткіліксіз. Үнемі ізденіп, жаңа дүниелерді үйреніп отыру қажет. Бұл ретте мен үнемі халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде ұйымдастырылатын семинарларға, конгрестерге, форумдарға, біліктілік арттыру курстарына қатысамын. Бұл менің білімімді одан әрі жетілдіруіме, қазіргі заманға сай жаңа технологияларды меңгеруіме оң ықпал етеді. Сондай-ақ дәрігерге біліктілікпен қатар, тез шешім қабылдауға икемділік, науқастың сеніміне ие болу аса маңызды. Өйткені біздің міндетіміз — сүрінгенге сүйеніш, құлағанға таяныш бола білу, — дейді ол.

Клиникаға Мариям Ансарованың алдына күніне ондаған адам келеді. Дәрігер барлық науқасқа бірдей қарайды. Олардың денсаулық жағдайын бақылайды, талдаулар жүргізеді, қажет болса УДЗ-аппараты арқылы тексереді. Сырқаты болып жатса, қажетті ем жүргізеді. Осылайша науқастардың аз уақыт ішінде дертінен айығып, қыз-келіншектердің балалы болып, ана атануына зор үлес қосып келеді.

— Менің басты қызметім — қыз-келіншектердің репродуктивті жүйесіне әсер ететін гормоналды бұзылуларды анықтау, гинекологиялық эндокринология және репродукция саласы бойынша зерттеулер мен талдаулар жүргізу, әйелдерді жүктілікке дайындау, жүктілігі бар әйелдерді 9 ай бойы қарап, оларға жан-жақты қолдау көрсету, емдеу, ана мен баланың денсаулығын зерттеу, сондай-ақ гинекология саласындағы жаңа әдіс-тәсілдер мен технологияларды қолдана отырып, босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдердің денсаулығын қалыпқа келтіру.

Мақтанғаным емес, 24 жылдық тәжірибемде көптеген қыз-келіншектің ауруынан айығып, балаға зар болып жүрген ерлі-зайыптылардың сәбилі болуына көмегім тиді. Сол үшін өз ісімді ерекше жақсы көремін. Қай кезде болса да алдыма келген науқасқа қол ұшын беріп, қолдау көрсетуге дайынмын. Меніңше, дәрігер болудың ерекшелігі сол —бірінші кезекте өз ісіңді шексіз сүюің керек. Өйткені адам өзіне ұнамайтын шаруамен айналысса, ісі алға баспайды. Ал, екіншіден, дәрігер барлық адамды жақсы көруі керек. Бойында бұл қасиет болмайынша, ешкім де жақсы дәрігер бола алмайды. Сондықтан мен үнемі алдыма келген қыз-келіншектердің көңіліне қарап, жағдайына мән беріп, мұң-мұқтажын тыңдаймын, — дейді акушер-гинеколог.

Мариям Ансарованың отбасында дәрігерлер көп. Оның ағасы да, әпкесі де білікті дәрігерлер. Ағасы — медицина ғылымының кандидаты. Бүгінде олар Ресейде тұрады. Ал кейіпкеріміздің әкесі педагог, анасы есепші болып қызмет еткен. Мариям Ансарованың ұлы мен қызы да болашақ дәрігерлер. Олар бүгінде еліміздегі танымал жоғары оқу орындарында оқиды.

Қашанда жанына келген адамға жылықабақ танытып, жанашырлықпен қарайтын дәрігерге келушілер дән риза. Өз ісіне берілген, көптің алғысына бөленген ақ халатты абзал жанға кәсіби мерекесінде тек толағай табыстар тілейміз…

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button