Қоқыстан қаржы табуға болады
«Қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау сияқты құндылықтарды насихаттау маңызды. Табиғат ресурстарына жауапкершілікпен қарау қоғамдық сананың құрамдас бөлігіне айналуы қажет.
Одан бөлек, қоқыс өңдейтін кәсіпорындар салу қажет. Онсыз қалаларымыз таза болмайды. Жалпы, «Таза Қазақстан» деген сөзді кең ауқымда түсінген жөн деп санаймын. Тазалық ең әуелі адамның сана-сезімінен басталуға тиіс».
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ
Ғылым ордасында сөйлеген сөзі.
Қоқысты сұрыптау, өңдеу мәселелері елімізде ерекше өзекті. Алысқа бармай-ақ, Ақтөбедегіқоқыс полигонындағы ахуал, тұрғындардың белгіленбеген жерде түрлі қалдықтардытастап, экомәдениетті сақтамауының өзі түйіні шешілмеген түйткілді мәселеге айналып отыр.
Бұл ретте дамыған мемлекеттерді айтпағанда, орталық Азиядағы көршілес елдерге де қызығатындай күйдеміз. Energyprom мониторингтік агенттігінің мәліметінше, Қазақстан тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуден 175-ші орында… Бірақ ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмас: өңірде қоқыстың өзін кәсіп көзіне айналдырып, біраз адамды жұмыспен қамтып отырғандар да бар.
Бонус жинап, игі іс жасайды
Қоқыс өңдеу мәселесінде дамыған мемлекеттерді мысалға келтіруіміз тегіннен-тегін емес. Жыл сайын әлемде бұл бойынша рейтинг түзіліп, өзара үздіктер анықталады. Айталық, Energyprom агенттігінің санайғақтарына сүйенсек, 200-ге жуық елдің арасынан Оңтүстік Корея көш бастап тұр. Корейлерде тұрмыстық қалдықты лақтыру былай тұрсын, басқа мемлекеттерге жөнелту деген атымен жоқ. Бәрін іске жаратады. Сол сияқты жоғарыдағы тізімде үздік бестікті қорытындылаған Австралияның қоқыс өңдеудегі үлгісі де таңдай қақтырады. Мұндағы халық істен шыққан смартфон, өзге де техникаларға арнайы технологияның көмегімен «екінші өмір» сыйлап, адамның шашының өзін мұхиттың түбін тазартуға пайдаланады. Ол ол ма, банан ағашының жапырағын кәдеге асырып, азық-түлік орайтын қаптама дайындайтын австралиялықтардың экологияны жақсарту үшін ойлап таппайтыны жоқ. Бұл жақтағы БАҚ-та 150 мың құтыны тапсырып, содан түскен қаражатқа үйлену тойын жасаған жұптар туралы да жарыса жазылады. Бір сөзбен айтқанда, экологиялық бастаманың қай-қайсысы да жұртшылық тарапынан бірден қолдау табады.
Елімізге келсек, бірер жыл шамасында қабылданған Экологиялық кодексте пластик, әйнек, макулатураны полигонға лақтыруға болмайтыны, бұлар қайта өңдеуге жататыны жазылғаны белгілі. Соған сайсоңғы жылдары жоғарыда аталған тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісінде сең қозғалды. 2020 жылы құрылған «ЭкоМәдениет» ЖШС соған маманданған.
—Өткен жылдың күзінде Ақтөбе қаласына фандоматтар орната бастадық. Пластик, алюминий бөтелкелерді қабылдайтын аппарат ауа, жер қабаттарын таза ұстауға әсер етеді. Әрі әр бөтелкеге арнайы қосымша арқылы 10 бонус беріледі. Оны жинап, сауда желілеріне, такси қызметіне, ойын-сауық орталықтарына, медициналық компанияларға жеңілдікке пайдалануға болады. Бұл Астана, Алматы сияқты орталық қалаларда жақсы жолға қойылған. Біздің облыста оны әзірге такси қызметіне ғана қолданып жүр.
Қазіргі таңда әуежай, отбасылық медицина емханасы, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, «Керуен сити» ойын-сауық орталығы, Есет батыр шағын ауданындағы орта мектепте, моншада, қонақүйлерде, барлығы 10 жерде фандоматтарымыз тұр. Енді теміржол вокзалы, автовокзалға қоюды жоспарлап отырмыз. Барлығынан ай сайын 1 тонна пластик бөтелке шығады. Бұл — енді қолға алынған шаруа екенін ескерсек, өте жақсы көрсеткіш.
Әр фандоматтың құны — 7 миллион теңге. Бұны бізге меценаттар сыйға тарту арқылы қоршаған ортаға қамқорлығын көрсетіп отыр. Апта сайын аппараттың ішін босатып, бөтелкелерді қала сыртындағы қоймамызға апарамыз. Кейіннен қайта өңдейтін цехтарға өткіземіз, — деген жоғарыда аталған серіктестік директорының орынбасары Әділбек Нұртазинқоқысты сұрыптап, өңдеуден бөлек, адамдардың экомәдениетін көтерумен айналысатынын атап өтті. Бұл мақсатта жастарға экология тақырыбында шеберлік сағаттарын өткізіп, көпшілік орындарда экожәшіктерді қояды екен.
Жоғары оқу орнында болашақ экологтарға сабақ беретін кейіпкеріміздің өзі басшылық ететін «Жасыл мекен» компаниясы барын айта кету керек. Әділбек бастаған команда зауыт, фабрика, өзге де өндіріс орындарына экологиялық құжаттар, жобалар, ғылыми жұмыстар әзірлейді.
АЙТПАҚШЫ…
Елімізде, соның ішінде Ақтөбеде қоршаған ортаға қасақана залал келтіретіндер әлі де азаймай отыр. Бұл қатарда қоқысты белгіленбеген жерде төгетіндер, оны өртейтіндер, жалпы санитарлық тазалықты сақтамайтындар бар. Облыстық полиция департаментіне қарасты жергілікті полиция басқармасы қызметінің аға инспекторы Серік Елеуовтен білгеніміздей, бұл бойынша санайғақтар көңіл көншітерлік емес.
Аталған заң талабын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 505-бабы көзделген. Жыл басынан бері заңды бұзғаны үшін жергілікті полиция қызметкерлері 2153 әкімшілік іс қозғады.
Сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-2 бабымен (ортақ пайдаланатын орындарды ластау) 1136 құқықбұзушылық анықталды. Өкінішке қарай, бұл бойынша көңілсіз статистика азаймай отыр, — дейді тәртіп сақшысы.
«Күніне 600 келі тұрмыстық қалдық қабылдаймыз…»
Осыдан 5 жыл бұрын Ақтөбе қаласында қайта өңделетін шикізатты қабылдайтын 6 пункт ашқан кәсіпкер Валерий Косарев қалдықтан да тәуір табыс табуға болатынын айтады.
— Бастапқы жылда ақтөбеліктер жаппай макулатура, алюминий құты, полиэтилен қалташа, пластик бөтелкелерді тапсырып, белсенділігімен біраз таңғалдырған. Кейінгі уақытта сол алғашқыдай қарқынның едәуір азайғанынан 2 пунктті жабуға тура келді. Өйткені пайда әкелмек түгіл, қызметкерлердің жалақысын да ақтамады. Жүргізушілердің еңбегі, жанармай шығыны және бар.
Айына қанша тұрмыстық қалдықты қабылдайтынымды айта алмаймын. Бұл — коммерциялық құпия. Бір анығы, жарнамасын жақсы жасасаң, әр жерлерден өзің жинасаң, еңбегіңді өтейді. Бұны мен ең бірінші кезекте әлеуметтік жоба дер едім.
Қазір 4 қабылдау пункт жұмыс істеп тұр. Содан түскен шикізатты оңтүстік өңірлердегі зауыттарға қайта өңдеуге жөнелтеміз. Арасында өзімнің де Алматыдағы полиэтилен тауарларын шығаратын компаниям бар, — дейді Валерий.
Біз оның Орталық стадион маңындағы қайта өңделетін шикізатты қабылдайтын пунктіне барғанымызда, сондағы қызметкер Зәуреш Бақтыгерееваны әңгімеге тарттық. Аталған орында газет-журнал, кітап, қағаз, пластик бөтелкелер мен жәшіктер, шыны, т.б. қабылдайтын ол жұмысы туралы былай деді: «Газет-журнал,кітаптың 1 келісі 30 теңге болса, картонды — 15 теңгеден, ал баклашкалардың келісін 20 теңгеден қабылдаймыз. Әсіресе ескі кітаптарды тапсыратындар көп. Күніне шамамен 600-700 келі тұрмыстық қалдық түседі».
Біз осы пунктте сұхбаттасып тұрғанда өзің Асыл деп таныстырған әйел 38 келі қағаз — қолданылған дәптерлер мен парақтарды әкеліп тапсырды. Cол үшін таразы басында 1140 теңгені санап алған ол мектепте кіші қызметкер болып жұмыс істейтінін, бұл бірнеше аптада жинаған дүниесі екенін айтты.
Бір білгеніміз, қоқыстан құтылып, қаржыға кенелетіндердің жас айырмашылығы әртүрлі. Мұнда келетіндердің дені — үйіндегі ескі дүниесін пайдаға жаратуды көздегендер.
Бүгін қағаз — ертең экомақта
Ақтөбелік Елжас Рахманбергенов — кәдімгі қағаздан құрылыс материалын өндіріп, сол арқылы екі адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер. Осы бизнес түріне ден қойған жігіт ерекше жобасы туралы:
— Досым екеуміздің бірігіп ашқан кәсібімізге 3 ай болып қалды. Газет-журнал, кітап-дәптер, қағаздың кез келген түрінен экомақта жасаймыз. Арнайы қондырғы арқылы дайындалатын құрылыс материалы қабырғаларға сыз өтпей, жылы температураны ұстап тұру үшін салынады. Бізде бұл әзірге кең қолданысқа енбеді.
Макулатураның келісін 20-25 теңгеден қабылдаймыз. Әдетте өзіміз дүкен, мектеп, кеңселерді аралап, жинап аламыз. Мысалы, жақында Хромтау ауданындағы бір мектептен әртүрлі деңгейдегі 938 келі қағаз алып кеттік. Солардың ішінен майланбаған, иісі жоқ материалды іріктеп, өндіріске пайдаланамыз. Қарамағымызда екі адам жұмыс істейді, — дейді стартап-идеяның иесі.
Бауырластар елді мекенінде шағын цехы бар іскер жігіт күніне 600 келі қағазды өңдей алатынын, тек көп ретте шикізаттың тапшы екенін алға тартады. 35 жастағы Елжастың ендігі жоспары — мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсібін кеңейту.
Тақырыпқа «тұздық»
КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР
Жақында«Таза Қазақстан» республикалық акциясына қатысқаноблыс әкімі Асхат Шахаровтан қоқысты өңдеу мәселесі бойынша нендей жұмыстардың атқарылып жатқанын білген едік…
— Бірер күнде шетелдік бір компаниямен осы сұрақ бойынша келісімшарт жасаймыз. Қоқысты сұрыптау, өңдеу ісінде тәжірибесі мол, қосымша техникалары бар мамандар бұл мәселені шешеді деген ойдамыз. Он күннің ішінде алғашқы жұмыстар басталады, — деді Асхат Берлешұлы.
Эковолонтер не дейді?
Түрлі қалдықтарды қайта өңдеуден бұрын оны талапқа сай жинайтындардың саны аз. «Eco madeniet» еріктілер қозғалысы — қоқысты сұрыптауды жетік меңгерген, соны өзгелерге үйрететін Ақтөбедегі қоғамдық негізде жұмыс істейтін жалғыз ұйым.
— Қазіргі таңда 570 еріктіміз бар. Басты мақсатымыз — жігіттер мен қыздардың арасында экомәдениетті қалыптастыру. Сенбіліктерді жиі өткіземіз. Біздің тазалық акцияларымыздың ерекшелігі — қоқыстарды сұрыптап жинайтынымыз. Сондай-ақ біз «Ақтөбе» футбол клубының басшылығымен меморандумға қол қойып, әр ойыннан соң жанкүйерлермен бірге стадионның ішін жинауды әдетке айналдырдық. Мұндай істі біз сияқты тұрақты түрде жасайтын волонтерлер тобы Қазақстанда жоқ. Концерттер, мәдени-көпшілік іс-шаралардан кейін де осындай акцияларды ұйымдастырамыз. Осы еңбегіміз бағаланған болуы керек, былтыр Ақтөбе қаласы әкімі Азамат Бекет «Жыл үздігі» аталымымен марапатталды, — дейді аталған еріктілер қозғалысының жетекшісі Темірлан Жолдыбай.
17 жастағы бозбала өзі сынды қатарластарының ұйытқы болуымен қаланың үш жерінде жүрек тәріздес экожәшіктерді орнатқанын, оған тұрғындар пластик бөтелкелерді сала алатынын атап өтті. Артынша белсенді жастар шикізатты арнайы пунктке тапсырады екен.
Еуропа елдерінде шыны мен қағаз қалдықтарын бір қоқыс жәшігіне төге салатындардың жоқтығын, мұндай жағдай бола қалса, ірі көлемдегі айыппұл төленетінін мысалға келтірген ол біздегі қоқысқа жауапты компаниялардың контейнерлердегі қайта өңделетін қалдықтар мен кәнігі қоқысты ажыратпайтынына қынжылады. «Әйтпесе шетелдіктер сынды бұдан қанша кіріс келер еді…» — деген эковолонтер өңірге қоқысты қайта өңдейтін зауыттың бұрыннан керектігін, мұндай кәсіпорынның атмосфераға зияны жоқтығын алға тартты. Әрине, барлық экологиялық талап өз деңгейінде орындалса…
— Жаз болса қоқыс полигонында өрт болады. Бұның себебін ойланып көрдік пе? Қоқыстағы қағаз, әйнектің өзінен күннің көзі қатты қызғанда от тұтануы мүмкін. Бұл бізде, жалпы елімізде қоқысты дұрыс сұрыптамағаннан болып отыр. Бәрін бір жерге үйеді. Менің айтқаным — қарапайым ғана мысал, — деп сөзін түйіндеген ол тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау экологияға ғана емес, экономикаға да пайда әкелетінін ұдайы айтудан жалықпайды.
«Сұрыптау көп мәселені шешер еді…»
Тұрмыстық қалдықтар дегенде, Ақтөбе қаласындағы қоқыс полигонын айналып өте алмаймыз. Аталған мекемені сенімгерлік басқаруға алған «ATK Qyzmet» ЖШС директоры Дастан Хамитов, расында, қоқысты сұрыптау көптеген мәселелерді шешіп қоймай, полигонның тез толып қалмауына да әсер ететінін тілге тиек етті. Әйтпесе, мұнда күн сайын 250-300 тонна қоқыс әкелінеді…
— Екі айдан бері қоқыстарды жаңа полигонға қабылдап жатырмыз. Өйткені ескісі қоқысқа әбден толды, 42 гектар аумақта тереңдігі 15-20 метрге дейін түрлі қалдықтар жинақталған.
Екі айға созылған сенбіліктің кезінде 18 287 700 тонна қоқыс тегін тапсырылды.
Ылғи байқайтынымыз, тұрғындар түрлі қоқыстарын, тіпті ескі жиһаз, ірі тұрмыстық техника сияқты қатты тұрмыстық қалдықтарын да жәшікке лақтырады. Бұл — дұрыс емес. Ең болмағанда, пластик, шыны, қағаз қалдықтарын қайта өңдеуге тапсырса, полигонның тез толып қалуының алдын алуға мүмкіндік берер еді. Өкініштісі, бізде бұл мәдениет әзірге қалыптаса қоймады, — дейді ол.
Айта кетейік, қоқыс полигонында 13 адам еңбек етеді. Олар қалдықтарды таңнан кешке дейін қабылдағанмен, сұрыптауға уақыт та, қоқыстың көлемі де мүмкіндік бермейтіні анық. Себебі қоқыс тиеген ірі көліктерде есеп жоқ.
Былтыр қалдықтың 18 пайызы ғана өңделген
Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің бас маманы-мемлекеттік экологиялық инспектор Гүлжайнар Әбдірахманованың да бұл мәселе бойынша айтары аз емес.
— Қоқысты шығару, оны сұрыптау мен өңдеу ісі біздің облыста өте өзекті. Бұл бойынша шағымданатындар баршылық.
2023 жылы өңірде 303 мың тонна қатты-тұрмыстық қалдық шығарылды. Бір қынжылтатыны, соның 18,7 пайызы ғана кәдеге жаратылып, қайта өңдеуден өтті. Бұл өте аз.
Облыста тұрмыстық қалдықтарға арналған 12 полигон болса, соның 5-еуі — коммуналдық. Сондай-ақ облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының дерегі бойынша, 323 елді мекеннің әрқайсысында қалдықтарды көмуге арналған орындар белгіленген. Бірақ олар санитарлық және экологиялық талаптарға сай келмейді…
Қоқысты сұрыптамағаннан, оны іске жаратпағаннан, басқа да себептерге байланысты өткен жылы Ақтөбе қаласындағы полигонда қалдықтар 14 рет отқа оранды. Мұндай жағдай Шалқар мен Темір аудандарында да тіркелді. Егер қоқыс өңдейтін зауыт салынса, әр қалдықты сұрыптасақ, бұның облыстың экономикасы мен экологиясына пайдасы ұшан-теңіз болар еді, — дейді сала маманы.
Сонымен қатар әңгімелесушіміз былтыр тұрмыстық қалдықтар заңсыз төгілген 292 жер учаскесі анықталғанын айтты. Оны қалыпқа келтіру үшін көп ретте жергілікті бюджеттен қаражат жұмсалатындықтан, құқықбұзушылардан қай тарапқа да келер зиян көп екендігін аңғару қиын емес.
— Егер газет оқырмандары экологиялық заңбұзушылық, соның ішінде рұқсат етілмеген аумақтарға қоқыс қалдықтарын шығару, ағынды суларды төгу деректерін байқаса, фото-видеоға түсіріп, 102немесе департаменттің 8-701-644-89-58 ұялы телефон нөмірлеріне хабарласуын сұраймыз. Мұндай бассыздыққа жол бергендерге 40-50 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл қарастырылған, — дейді Ақтөбедегі мемлекеттік экологиялық инспектор.
P.S. Қоқысты өңдеуге маманданған кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың аздығын, ең болмағанда бұл туралы үгіт-насихатқа көңіл бөлінсе деген тілегін білдірді. Өйткені аталған бизнес түрі өзін-өзі ақтамай отыр. Ал эковолонтерлер кез келген қоқыс түріне арналған, сұрыптауға ыңғайлы жәшіктер қойылуын қалайды. Бір анығы, қоқыстың айналасында шешілмеген мәселе көп.
Ең бастысы, тұрғындардың қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған бастамалары көп. Бұл Ақтөбенің ауа, жер, су қабаттарына жаны ашитындардың аз еместігін байқататындай…
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.