Мереке

Құрбан айттағы сауапты істер

Иман

Күллі мұсылман үшін ұлық саналатын Құрбан айт мерекесі биыл 16 маусымда басталды. Бүгін, 18 маусым — айт мерекесінің соңғы күні. Қасиетті мерекеде ақтөбеліктер құрбан шалып, сауапты іс жасады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дерегіне сүйенсек, ислам дінінде қасиетті күндер, түндер ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. 7 маусымда һижри жыл санауы бойынша зулхижжа айы басталды. Ал Арапа күні биыл 15 маусымға сәйкес келді. 16-18 маусымда Құрбан айт мерекесі атап өтіледі.

Аталған мерекеге тән міндет — құрбан шалу. Құрбандыққа мал шалып, мұқтаж жандарға тарату, аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу — сауапты іс. Сондай-ақ мұсылмандар құлшылық етіп, көбірек жақсы амалдар жасауға тырысқаны жөн.

Құрбан айттың алғашқы күні барша қазақстандықтарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, игі тілегін жолдады.

«Құрбан айт құтты болсын! Бұл – имандылық пен мейірімділіктің, адамгершілік пен адалдықтың, жанашырлық пен жауапкершіліктің мән-маңызын арттыра түсетін мейрам.

Барша мұсылмандар асыға күтетін қастерлі мерекенің тағылымы зор. Құрбан айтта, ең алдымен, сауабы мол игі амалдар жасалып, елді ізгілікке бастайтын құндылықтар кеңінен дәріптеледі. Сол арқылы халқымыздың рухани тұтастығы нығая түседі.Ата дініміздің ұлағаты біздің салт-дәстүрімізбен тығыз сабақтасып жатыр. Халқымыз қашанда қиындыққа тап болған жандарға қол ұшын беріп, көмегін аямаған. Көктемдегі алапат тасқын кезінде жұртымыздың осы асыл қасиеті айқын көрінді. Біз ырысты ынтымағымыздың арқасында кез келген қиындықты жеңеміз.Айттан айтқа аман-есен жете берейік!» — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, биыл құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізу үшін qurban2024.kz сайты іске қосылды.

Айт мерекесін Ақтөбе өңірінің халқы ерекше атап өтті. Құрбандық шалған азаматтар ең алдымен жетім-жесірлер мен су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетті.

Облыстың бас имамы Серікжан Еншібайұлының айтуынша, мерекеде облыс бойынша

2400-ден астам отбасына, сондай-ақ 18 қоғамдық ұйымға 17 тонна ет таратылған.

Сондай-ақ М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті жатақханасында уақытша тұрып жатқан 57 отбасына ет және азық-түлік себеті үлестірілген. Осы отбасылардың 200 баласына тәттілер мен балмұздақтар берілген.

— 16 маусым күні айт намазы таңғы сағат 6.30-да басталды. Оған облыс бойынша 45 мыңдай адам қатысты. Одан кейін өңірдегі барлық мешіттің жанында ұлттық спорт түрлерінен, атап айтсақ, қой және гір көтеру, арқан тартыстан жарыс өтті. Ал Мұғалжар, Шалқар аудандарында ат бәйге, көкпар тарту ұйымдастырылды. Бүгін де спорттық іс-шаралар жалғасып жатыр. Ал құрбандық шалуға келсек, облыс орталығында бұл орайда бес арнайы мал сою орны белгіленді. Қала тұрғындары сол жерлерге барып, мал сойып, мұқтаж жандарға үлестірді. Ет үлестіру шаралары қаламызда әлі жалғасуда. Мәселен, қазір бізге мұқтаж жандардан онлайн түрде өтініштер түсіп жатыр. Тіпті qurban2024.kz сайты арқылы мұқтаж адамдардан өтініштер келуде. Мысалы, екі күннің ішінде сайт арқылы 110 адамнан өтініш түсті. Одан кейін мешітке мыңдаған адам келіп, өтінішқалдырды. Біз оларға құрбандыққа шалынған мал етін теңдей етіп таратып береміз, — дейді Серікжан Еншібайұлы.

Айта кету керек, айт мерекесінде облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен «Тайқазан» қайырымдылық шарасы өтті. Онда құлшылық үйінің тізімінде тұрған әлеуметтік жағдайы төмен 100 отбасына жарты тонна азық-түлік себеті үлестірілді. Игі шарада облыстың бас имамы қайырымдылық көрсеткен азаматтарға жұртшылық атынан ризашылығын жеткізіп, батасын берді.

                    Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button