Оқырман
- «Ақтөбе» — 100
Редакциядан:
Биыл 7 маусым күні облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің шыға бастағанына 100 жыл толды. Газетіміздің алғашқы саны 1924 жылдың 7маусымында «Кедей» деген атпен жарық көрген еді. Осы мерейтой тұсында газетіміздің оқырмандарынан бірнеше хат келген еді. Соны топтап жариялап отырмыз:
«АҚТӨБЕ» ГАЗЕТІ — «ЕКІ ЕЗУДІҢ» БЕСІГІ
1995 жылы Шымкент педагогикалық мәдениет институтының театр саласы бойынша мамандық алғаннан кейін Ақтөбеге тарттым. Бірақтабақтай диплом ешкімді қызықтырмады. Мен үшін мәдени ошақтардың бәрі жабық болды. Вакансия жоқ.Енді не істеу керек? Ол жылдар қол қусырып отыратын кезең емес еді. Әйтеуір, екі қолға бір күрек табу керек болды. Шамалы уақыт дүңгіршекте сауда жасап көрдім, бірақ ол маған қол емес екен. Содан базардан көне әріп теретін машинка сатып алып,сатиралық шығармалар, сценарий,интермедия жазуға кірісіп кеттім. Бастапқыда «Қожанасыр шоу» деген атаумен концерттік бағдарлама жасадым. Алғашқы актерлеріБауыржан Орда,Нұрдәулет Ақжігітов, Қайрат Раушанов,Гаухар Сартабанова, Әлпия Іскендірова,Кенжегүл Дәрібаева еді.Бір күні жазғандарымды сол кездегі 75 жылдық тарихы бар облыстық «Ақтөбе» газетінің поштасына салып кеттім. Газет редакторы Идош Асқар жазған шимайларымнан бірдеңе көріп, мені іздеп табуға бұйырыпты. Алты айдан кейін ізіме түскен белгілі ақын Ертай Ашықбаев белгісіз Нұрлыбекті тауып,жетектеп редактордың алдына апарды. Сол күні редакция алқасы тілші ретінде жұмысқа қабылдады. Ойы ұшқыр,қаламы қарқымды ағаларды көріп қуанып кеттім. Жазушылық шыңдалуыма бұл орта үлкен әсер етті.Театр саласын дамытуға ыңғайлы орын табылды. Қызметте жүріп жұмыс аяғынан кейін елдің көңілін көтеру мақсатында концерттік бағдарлама жасауды қолға алдым. 1997 жылы Алматы қаласынан келген «Тамаша» ойын-сауық отауымен бірігіп, «Ақтөбе» газетінің 75 жылдығын дүркіретіп атап өттік. Тез арада өзіміздің «Тамашамызды» құру керек болды. Оған жақсы атау табу керек. Газетке бәйге жарияланды, оқырманнан келген атаулар ұнамады. Бір күні газет тілшісі сатирик Әлімбай Ізбай «Екі езу» деген атауды ұсынды. Зәуреш Басығараева әріптесім бірден қолдай кетті: «Әй, ұл, осыдан артық атау таппайсың», — деді. Сөйтіп, күлкі клубына ат қойылды.Міне,осылай «Екі езу» эстрадалық миниатюра театры 1998 жылы 22 наурызда облыстық «Ақтөбе» газетінің жанынан күлкі клубы ретінде құрылды. Алғашқы концертке Қанат-Светлана Айтбаевтар қатысты. Менің жазған бірқатар сатиралық шығармаларым театр сахнасында орындалды.
Бастапқы мүшелері — «Тамашаның» тарланы Бақыт Айтова, Нұрдәулет Ақжігітов, Берік Нұрмағанбетов, Қазихан Балдайыров,Талғат Тілеулесов, Гүлсім Қаратаева болды. Жас ұжымның негізгі мақсаты — қазақтың әзіл-қалжыңын халыққа кеңінен насихаттау және ауылдық жерлерге мәдени қызмет көрсету еді.
«Екі езу» Ақтөбе облысының мәдени өміріне елеулі еңбек сіңіріп, республика көлеміне кеңінен таныла бастағанын ескеріп, 2001 жылы2 сәуірде облыс әкімінің шешіміментеатр мемлекеттің құзырына өтті. Театрымыз құрылғалы бері талай жетістікке жетті, жер-жерде гастрольдік сапарларда болып, мемлекеттік мерекелік концерттерге қатысты, талай байқауда топ жарды. Театр қызметкерлері де жеке шауып, бәйге алып жүр.
Бүгінде театр Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармония құрамында жұмыс жасайды. Қазіргі таңда театрда Құралбек Құрманғалиев, Бекбол Тәтебаев, Гүлзат Ермағанбетова, Ақнәзік Оразалы, Диас Өтес, Динара Жұлдыз, Досбол Бостан секілді артистер, Ақниет Тілектесов, Әмірхан Қоңыратбаев сынды техникалық мамандар еңбек етеді.
Биыл шыға бастағанына бір ғасыр толған облыстық «Ақтөбе» газетінің редакциясында басталған жол бізді осылайша биікке бастап келеді. «Екі езудің» де ғұмыры «Ақтөбе» газетінің ғұмырындай ғасырларға жалғаса берсін!
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
театр басшысы.
Ақтөбе қаласы.
ГАЗЕТ ТАРИХЫ — ӨҢІР ШЕЖІРЕСІ
Облыс тарихының шежірешісі, уақытпен бірге жасасып келе жатқан төл басылымымыз — облыстық «Ақтөбе» газетіне 100 жыл толып отыр.
«Газет — халық көзі, құлағы және һәм тілі» дейді Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов. Бұл өңірдің жасампаз тарихымен бірге жасасып келе жатқан «Ақтөбе» газетіне де берілген баға десек, қателеспеспіз.
Арада қаншама жыл өтсе де, белгілі бір қоғам мен заманның тарихын сол кезең газеттерінен іздеп табуға болады. «Газеттің өзі — бір күндік, сөзі — мың күндік» деген ұғым осыдан қалған болар. Ақтөбе облысының тарихы «Ақтөбенің» тігінділерінде қатталып жатқаны айқын.
Мен және менің замандастарым — екі дәуірдің куәгерлеріміз. Кешегі кеңес үкіметі кезеңінде баспасөздің, соның ішінде газет-журналдардың орны бөлек болды. Әлі есімде, ай сайынғы газет-журналдарды асыға күтетінбіз. Қарапайым жұмысшыдан бастап барлығы мерзімді баспасөзге жазылатын. Мүмкін, үлкендерден алғанүлгі, балалық шақтан қалған қасиет болар, әлі күнге дейін жергілікті басылымдарды, соның ішінде облысымыздың айнасы — «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманымын.
Кешегі «Коммунизм жолы», бүгінгі «Ақтөбе» газетімен сырлас, дос болғаныма елу жылға жуық уақыт болды. Әр нөмірін асыға күтеміз. Өткеннің жаршысы мен болашақтың баяны бола білген «Ақтөбенің» оқырманы үшін әлі де берері көп.
Ғасырлық тарихтың төріне көтерілген «Ақтөбе» газеті алдағы уақытта да елдіктің жаршысы, халықтың мінбері, жасампаздықтың жылнамасы миссиясын абыроймен атқара береді деген сенімдеміз. Алдағы уақытта да газет ұжымының жазар жақсылығы, жеткізер жаңалығы көп болсын.
Шежірелі Ақтөбе өңірінің төл газеті өңір өмірін айшықтауға үлес қосып, өз дәуірінің жаршысы бола беретіне бек сенімдімін.
Жолдыбай ӘУЕСОВ,
Ырғыз селолық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ СЕРІГІМ
Әр кезеңдерде атауы өзгергенімен, әділдік пен шындыққа негізделген ұстанымы өзгермей, жаңалықтың жаршысына айналған «Ақтөбе» газетіне жыл сайын жазылып, оның тұрақты оқырманы болып келе жатқанына 50 жыл болады екен. Бұл да менің мерейтойым. Біліктілігі мол кәсіби журналистердің қаламынан шыққан әрбір мақала жергілікті жерлердегі жетістіктер мен кемшіліктерді ашық айтып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының жергілікті жерлерде қалай жүзеге асырылып жатқандығын халыққа жеткізіп келеді. Оның ішінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар мен бағдарламалар туралы айтылып, оларды қалай алу керектігіне дейін түсіндіріледі.
«Биылғы су тасқынынан зардап шеккен отбасылар жәрдемсіз қалмайды» деген Мемлекет басшысының халыққа арнаған мәлімдемесін де жұртшылыққа түсіндіріп, тұрғындарды сабырлылыққа, бірігіп жұмыс жүргізуге шақырып, өздері де суға кеткен үйлерді аралап, тұрғындардан сұхбат алып, нақтылы жағдайды халыққа жеткізіп тұрды.
Сонымен қатар газеттен ерен еңбектерімен кейінгі ұрпаққа үлгі болып отырған аға буын жөнінде және бейбіт өмірде жиі кездесетін тосын оқиғаларда ерлік жасаған жастарымыз жөнінде де мақалалар оқып тұрамыз.
«Ақтөбе» газеті жаңалықтың жаршысы ғана болып қоймай, жастарды спортпен шұғылдануға, адалдыққа баулып келеді. Мәселен, газетте көптеген жарыста жеңімпаз атанып, мектебінің, туған жерінің намысын қорғай білген, спорттан шахмат шеберлігіне үміткер немерем Мәди Мақсатов туралы бірнеше мақала жарық көрді. Ол білім алған және спортпен шұғылданған мектептері, спортсүйер қауым үш жыл қатарынан 21 жасында жұмыс орнында кенеттен қайтыс болған Мәдиді еске алу турнирін өткізді. Орта білім алған №5 лицей-мектебінен түлектеріне арналып класс-музей ашылды. Аталған іс-шаралар туралы ақпараттар өңіріміздің айнасы саналатын «Ақтөбе» газетінде жарық көрді. Газет осындай іс-шаралардың жастар тәрбиесінде алатын орнының ерекшелігін, Әділетті Қазақстан құрудың негізі патриоттық тұрғыда тәрбиеленген білікті жастарымыздың қолында екендігін айғақтаумен келеді.
Газетіміздің тағы бір ерекшелігі — журналистердің өңірдің елді мекендерін өздері аралап, ондағы жағдайларды көзбе-көз көріп, тұрғындармен кездесіп, орын алған кемшіліктердің лезде жойылуына ықпал етулері дер едім. Лайым осындай игі істер ғасыр биігіне шыққан басылым беттерінде алдада жалғасын таба береріне сенемін.
Сүйікті «Ақтөбе» газетін 100 жылдығымен құттықтай отырып, осындағы ұжымға кәсіби біліктіліктеріңіз арта берсін деп ыстық ықыласымды білдіремін.
Мақсат ҚОСЫМОВ,
мемлекеттік қызмет саласының ардагері,
Шалқар ауданының құрметті азаматы.
АПТАСЫНА 100-ДЕН АСТАМ ГАЗЕТ АЛАТЫН АУЫЛ
Мұғалжар ауданында газетке құштар мектеп бар. Облыстық және аудандық газеттерге жарыса жазылып, асыға күтетін ұжым да осында. Бұл — Батпақкөл ауылдық округінің орталығындағы Жағабұлақ ауылында орналасқан Жаңажол жалпы білім беретін орта мектебі.
— Мектептің мұғалімдері газеттерге жыл сайын жазылады. Себебі кез келген басылым — сол елдің, аймақтың айнасы. Ұрпақ тәрбиелеп отырған ұстаздардың көзі ашық, көкірегі ояу болуы қажет, қоғам тынысына құлақ түріп, болып жатқан жаңалықтан құр қалмауға тиіс. Ал газет осы қажеттілікті толтыра алады. Сондықтан біздің мұғалімдер мен оқушылар — облыстық және аудандық газеттердің тұрақты оқырманы, — дейді мектеп директоры Жұлдыз Құрантаева.
Айта кету керек, 2022 жылы мектептегі қызметкер түгелге дерлік 100 пайыз «Ақтөбе» газетіне жазылып, газетке жазылу науқаны кезінде ойнатылған ұтыс лотереясына қатысып, бірнеше бағалы сыйлық ұтып алғандары бар. Тұрғындардың айтуынша, бұл ауыл үшін үлкен мереке болыпты.
— Газетті тек мектеп ұжымы ғана емес, жалпы ауыл тұрғындары да оқиды. Ауылға апта сайын 100-ден астам «Ақтөбе» газеті келеді. Газет сәл кешіксе, бізге хабарласып, «газет неге келмей жатыр?» деп сұрайды. Ауылымыз туралы мақалалар жарияланса, қуанып қаламыз. Мәселен, алдыңғы жылдары облыстық газет тілшісі Арайлым Нұрбаеваның «Жағабұлақта тайға мінген бала көп» деген мақаласы жарық көрді. Газеттің осы санын сақтап қойдық. Өткен жылы «Жағабұлақ қорымынан алтын семсер табылды» деген мақала шықты. Ол да ауыл үшін үлкен қуаныш болды,— деді Батпақкөл ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Боқашев.
Ауыл тұрғындары, әсіресе аға буын газетті асығып күтеді.
«Газеттің әр санын асыға күтіп, жете оқып, қажетті ақпараттар алып отырамын. Облыстық газет өңіріміздегі жаңалықтан, жүргізіліп жатқан жұмыстардан, ертеңге құрған жоспарлардан хабар береді. Елді жайлаған пандемия, тасқын кезіндегі сақтық шаралары, вакцинаның пайдасы мен жанама әсерлері туралы да аталған басылым ақпараттық мақалалар жариялап отырды. Жүз жыл бойы қалам тербеп, өз оқырманын тапқан әр отбасының хабаршысы, жаршысы — «Ақтөбе» газетінің оқырманы көбейе берсін»,— дейдіЖаңажол орта мектебінің зейнеткер ұстазы Макура Сейсова.
«Мен үш мамандық иесін ерекше құрмет тұтамын. Біріншісі — ұстаз. Екіншісі — дәрігер. Үшінші — журналист. Біз үшін ойды жинақтап жазып шығу оңай емес. Ал облыстық газет тілшілері апта сайын бірнеше газет шығарып, оқырманға ұсынып отыр. Әр мақаланы жазу қаншалықты ой еңбегін қажет етеді! Мен газетке жыл сайын тұрақты түрде жазыламын. Облыс тілшілерінің басым бөлігі, білуімше, қыз балалар. Себебі үнемі газеттен есімдерін байқап отырамын. Яғни олар газет шығаруға да, үйдің тірлігін жасауға да, баланы тәрбиелеуге де үлгеріп жүр деген сөз. Мен облыстық газеттің жанашыры ретінде тілшілердің еңбегін бағалап, қолдау көрсетіп, облыс тұрғындарының барлығын газетке жазылуға шақырамын. Өйткені облыстық басылым — Ақтөбенің айнасы», — дейді Жаңажол орта мектебінің мұғалімі Бағдат Абдулина.
«Несін жасырайық, бүгінде «Газет неге керек? Қазір бәрін ғаламтор беттерінен оқып аламыз» деген жаңсақ пікір айтатындар баршылық. Оның көпшілігі — жастар. Әйтсе де сол ғаламторда көбіне-көп нақтыланбаған ақпараттар беріліп, елді әуре-сарсаңға салатыны анық. Ал газет әрбір мәліметті жан-жақты сараптап, зерделейді. Сондықтангазеттің жөні бөлек. Бұл, бір сөзбен айтқанда, билік пен бұқараны байланыстыратын алтын көпір әрі тәрбие құралы. Газет бетіне шығу үлкен мәртебе деп санаймын. Мектебімізден бір адам туралы мәлімет газет бетіне шықса, барлығымыз бірдей қуанамыз. Газет өткізген байқауларға да қатысып тұрамыз. Жүлде алып жатсақ, құштарлығымыз одан сайын артып жатады», — дейді Жаңажол орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қарылғаш Көбенова.
Әйгерім МАНАСБАЕВА,
Мұғалжар ауданы.
- Пікір
БІЗДІҢ МЕЖЕШ АТАМЫЗ
Байғанин ауданында есімі елге еңбегімен танылған тұлғалар аз емес. Солардың бірі ардагер ұстаз Межеш Досқуатов еді. Жұртшылықтың жадында ұлағатты ұстаз, білікті басшы, өмірінің соңғы жылдарында дана қария болып есте қалған абыз ақсақалмен көзі тірісінде сұхбат құрып, тәлімді әңгімесін түртіп алған едік…
Ол өткен ғасырдың 36-жылы Доңызтауда дүниеге келген ол ата-анасынан ерте айырылып, Темірдегі «Қонжар» балалар үйінде тәрбиеленген. Бірақ бұл жерде жағдайы нашар болып, қашып тынады. Сол кездегі аудан орталығы Жарқамысқа келіп, өлместің күнін кешеді. Интернатта оқып жүрген кезінде де жағдайы мәз болмаған. Тағдырының сызып тастай алмайтын осы бір өткелінен аман-сау шықты.
Айтпақшы, ол кісінің азан шақырып қойған аты Мирзоян екен. Беделді тұлға бір мезетте халық жауы атанғанда, әкесі баласының аты болашағына кесірін тигізер деп сезіктенсе керек, құжаттарын өртеп жіберіпті. Сол мезеттен бастап Мирзоян – Межеш боп шыға келеді. «Бұл есімнің не мағына беретінін өзім де білмеймін», — деп еді бір сөйлескенімізде.
1955 жылы мектепті, 1960 жылы институтты аяқтап, жолдамамен Жамбыл облысының Көктерек ауданы, Балқаш көлінің жағасында орналасқан Мыңарал деген ауылға келіп, алғашқы ұстаздық қызметін бастаған еді. Сонда 1 жыл жұмыс жасап, елге демалысқа келгенде ағасының сырқат екенін біліп, туған өлкеде қалуды ұйғарады. 1961-1962 жылдары Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы орта мектепте орыс кластарына физика, математика пәнінен сабақ береді, 1968-1969 жылы жаңадан салынған №1 Қарауылкелді орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Үш жылдан соң №2 Қарауылкелді орта мектебіне директор етіп тағайындалады. Одан соң «Оймауыт» совхозындағы орта мектепте 9 жылдай еңбек етіп, Қарауылкелдіге қайта оралады. №61 Батыс Қазақстан 8 жылдық мектебіне директор болып орналасады. Ол кезде аталған мектеп тікелей Ақтөбеге қарайтын. 1986 жылы қызметін білім бөлімі жанындағы методикалық кабинетке меңгеруші етіп ауыстырады.
Қырық жылға ұласқан ұстаздық қызметінде тынымсыз еңбекті, үздіксіз ізденуді, шығармашылық шыңдалуды бастан өткеріп, оның отыз жылын басшылық қызметке жұмсап, ұстаз деген ұлағатты есімге лайық болуға тырысты. Ол үнемі шәкірттерінің бағындырған шыңымен мақтанатын.
Тар жол, тайғақ кешумен, әке-шешені аңсаумен жаны мен тәні қатар тоңып, аштықтан ішегі бұратылып өткен күндері де, ұстаздық қызметін абыройлы атқарып, жар сүйіп, бала сүйіп, ұрпақ көрген бақытты өмір де бүгінде артта қалды… 87 жасқа келгенше ауызынан тәубесі мен шүкірін тастамаған абыз қария өмірден өтіп, артында қалған ұрпақтары, көзін көрген ауылдастары мен білім алған шәкірттері ол кісіні келместің кемесіне мінгізіп, шығарып салғалы бір жыл да зулап өте шығыпты…
Бақытгүл ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ,
Байғанин ауданы.
- Еңбек адамы
БОЛАТТЫҢ ЖИҺАЗ ШЕБЕРХАНАСЫ
Шалқарлық Болат Тағыбергеновті жерлестері қолынан іс келетін азамат ретінде жақсы біледі. Қандай да шаруаға икемді, елгезек жігіттің қолы бос кезі болмапты. Кезінде аудан орталығындағы газ шаруашылығы мекемесінде, теміржол саласында жұмыс істеп, еңбекке жастайынан араласады. Қолы шебер жігіт кезінде қаңылтырдан тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасауды кәсіп етіп, көптің ризашылығына бөленген еді.
Осылай үнемі ізденіс үстінде жүретін Болат қазір кәсіпкер, Шалқар қаласындағы «Жиһаз әлемі» цехының иесі. 2018 жылдан бастап үй жиһаздарын дайындау кәсібіне бет бұрған оның алға қойған жоспарлары жетерлік. Соның бірі — өзіміздің елде өндірілетін шикізаттарды пайдаланып, отандық өнімді дамытқысы келеді. Ол өткен жылы Шалқар қаласының орталығынан жалпы көлемі 126 шаршы метр болатын шеберхана нысанын салды.
— Заман дамыған сайын адамдардың талғамы да жоғарылап келеді. Соның ішінде тұрғындардың үй жиһазына деген сұранысы өте жоғары. Біз сол талаптарға сай сапалы қызмет етуді басты мақсат етеміз. Цехымызда қазір үй жиһаздарының барлық түріне тапсырыстар қабылданады. Балалар мен ересектердің жатын бөлмелерінде тұратын жұмсақ дивандарын, пайдаланылған диван мен орындықтарға қайта өңдеп, жаңа жиһаз жасаймыз.
Көбіне тұтынушылар үйінің көлеміне қарай жиһаздарға тапсырыс береді. Біз жиһазға қажетті маталарды Алматы, Ақтөбе қалаларынан, ал ағаштарын Шалқардан алдырамыз. Цех өніміне көпшілік риза, сұраныс бар. Өзім жыл сайын шеберлігімді шыңдау үшін Алматы қаласындағы үлкен жиһаз цехтарына барып, тәжірибие алмасып қайтамын, — дейді кәсіпкер жігіт.
Қазір Болаттың жанында үш тұрақты көмекшісі бар. Соның бірі тәжірибелі тігінші Бақытгүл Шектібаева.
— Осы цехта жұмыс істегеніме үш жыл болды. Уақытында жергілікті тоқыма фабрикасында тігінші болып жұмыс істедім, бертін келе ол жердегі жұмыстан қысқарып, өзге салаларға бет бұрдым. Қайда жүрсем де ине-жіп ұстаудан алыс кетпедім. Енді, міне, екі айдан кейін зейнетке шығамын. Бірақ бәрібір үйде қарап отырғым келмейді, осы кәсіпте жүре беремін, — дейді Бақытгүл апай.
Қазір Шалқар қаласында жиһаз жасаумен айналысатын 3 цех бар. Өткен жылы қала бойынша 25 кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көрген болса, солардың қатарында біздің кейіпкеріміз — Болат Тағыбергенов те бар. Ол аталған бағдарлама бойынша 8 млн 600 мың теңге қаржы көлемінде несие рәсімдеп, шағын цехына қажетті заманауи құрал-жабдықтарын алып, шеберхана жұмысын нығайтқан.
Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Шалқар қаласы.