Жастар

Жастар жағалауды жинады

Кеше «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында бір топ жас Қарғалы өзенінің жағалауын тазартты.

«Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істейтін жігіттер мен қыздар бұл жолы Қарғалы өзенінің бойындағы «Мұнайшы» лагерінің маңын ретке келтірді. Бұл — «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қолға алынған «Таза қала —таза жағалау» атты экологиялық шарасы.

Дәстүрлі акцияның мақсаты — қаламызды күл-қоқыстан арылту, қоршаған ортаны тазалау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Еңбек жасағындағы 100 жас судың жағасындағы қоқыстарды жинады. Жалпы саны 12 тонна қалдық шықты.

Күзге дейін «Жасыл ел» жасағында 1900 жасты қамту жоспарланып отыр. Мұнда еңбек еткендер жұмыстың ауырлығына қарай қолына 140-170 мың теңге жалақы алады, — дейді «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары облыстық штабы төрағасының орынбасары Артур Әзиев.

Оның айтуынша, бұған дейін жасақтағы жастар орман, саябақ, көпшілік орындарда сенбіліктер өткізіп, 200 тоннаға жуық қоқыс жинаған. Осы жолы аталған аумақтағы тұрғындардың өтініші негізінде арнайы келіпті.

Күн сайын әртүрлі жерге барамыз. Осы жолы Қарғалы өзенінің жағалауын жинап жатырмыз. Ірі қоқыстар жоқ, сусынның құтысы, пакет, темекінің тұқылы сияқты ұсақ-түйек көп. Барлығын қапшықтарға бөліп салып, көлікке тиеп жібереміз. Біз, жастар, қала тұрғындарынан айналаны ластамауды сұраймыз, — дейді Ләйлім Төлегенова.

Ұйымдастырушылар мұндай игі істің әлі де жалғасатынын айтады.

 Айәли АЙБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button