Басты жаңалықтар

Қыстың қамын жазда ойла!

«Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Көктем-жаз айларында Үкімет пен әкімдіктер жылу маусымына дайын болу үшін біраз жұмыс жасады. Жағдайы сын көтермейтін бірқатар нысанды жөндеді.

Ең алдымен, күрделі апаттардың алдын алып, үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету керек. Бірақ жаңа қуат көздерін ашу, желілерді біртіндеп жаңарту және коммуналдық саланы түгел жаңғырту басты міндет екенін ұмытпаған жөн».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Өткен қыс ақтөбеліктерді біраз әбігерге салды. Күн күрт суытқан кезде кейбір көпқабатты үйлер салқындап кетті. Тұрғындар тарапынан түскен шағымдар саны көбейген соң, жылыту маусымының өтуін бақылау бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды.

Жалпы жылыту маусымы облыс орталығында штаттық режимде, ауыр апаттарсыз және технологиялық ақауларсыз өтті. Қазір бұл салаға жауапты мекемелер алдағы маусымға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шаруаның мән-жайын қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамының мамандары айтқан болатын.

47 үйдің жылыту жүйесі жөнделеді

Алдымен қалалық тұрғын үй инспекциясы бөліміне барып, мән-жайды білдік. Біздің сұрақтарымызға осы бөлімнің сектор меңгерушісі Нұржан Нағметов жауап берді.Ақтөбе қаласында 1867 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 1531-і «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамының орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Ал 336 үйдің автономды жылыту жүйесі, жеке қазандықтары бар.

Алдағы жылыту кезеңіне дайындық жұмыстары — қала әкімінің қатаң бақылауында. Бұл бағыттағы іс-шаралар сәуір айында басталды. Бүгінгі таңда ПИК, МИБ, ЖК секілді басқару формаларының төрағаларымен жиналыстар өткізіліп, биылдан қалмай атқарылуға тиіс жұмыстар жоспары құрылды. Бірлескен жалпы жиналыстың нәтижесінде жылыту жүйесі жөндеуді қажет ететін 47 көппәтерлі тұрғын үйді анықтадық. Оның отызына ағымдағы, он жетісіне күрделі жөндеу жүргізілуге тиіс.Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2-бабы 14-тармағына сәйкес, жертөлелер, үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтар көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкі болғандықтан, оларды жөндеу жұмыстарына қаражатты тұрғындардың өздері жинауға міндетті, — деді Нұржан Нағметов.

«Aqtobe su-energy group» АҚ 2020 жылы екі қалалық коммуналдық мекемесі —«Ақбұлақ» АҚ және «Трансэнерго» АҚ қайта ұйымдастыру арқылы құрылды. Акционерлік қоғам 262,6 шақырым магистралды және тарату жылуын пайдалануды жүзеге асырады. 27 қазандыққа, 6 сорғы станциясына қызмет көрсетеді. Мекеменің бас инженерінің жылу желілері жөніндегі орынбасары Жанболат Сармановтың айтуынша, жылу жүйесін 96 мыңнан астам абонент пайдаланады.

Өткен жылы облыс орталығында «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамы

«бір терезе» қағидаты бойынша басқару формалары үшін көппәтерлі тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындық паспорттарын беруді енгізген болатын. Бұл жұмыстың арқасында ПИК, МИБ, ЖК секілді басқару формалары төрағаларының жұмысы едәуір жеңілдеді.

— Бекітілген ережеге сәйкес басқару формаларының төрағалары жылыту маусымына дайындық паспорттарын алуы қажет. Сондай-ақ жылыту жүйелерінің жай-күйіне тексеру жүргізу, жылыту жүйесін ауыстыру, күрделі немесе ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстарын ұйымдастыру да төрағалардың құзіретіне кіреді. Біздің бөлімнің мамандары аталған мәселелер бойынша кездесулер өткізіп, өздеріне тиісті жұмыстарды атқармағандарға ескертулер беріп жатыр, — деді Нұржан Нағметов.

2023-24 жылғы жылыту маусымында көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарынан 36 өтініш түскен. Басқару формаларының төрағаларына жылыту жүйесін ауыстыру немесе күрделі жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру үшін ескертулер берілді.

Дайындық қарқынды жүріп жатыр

Бүгінде қала аумағындағы жылу жүйесін ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамы бас инженерінің жылу желілері жөніндегі орынбасары Жанболат Сармановтың айтуынша, биыл облыс орталығындағы жеті учаскеде күрделі жөндеу және қайта құру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Күрделі жөндеу жұмыстары Әбілқайыр хан даңғылы, Есет батыр, Некрасов көшесі мен Әуеқалашығы шағын ауданында жүргізіледі. Жеті учаскенің үшеуі мердігер ұйымдардың, төртеуі кәсіпорынның күшімен жөнделеді. 1,8 шақырым жылу желісіне күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін 655,21 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ жылыту маусымы басталғанша 1,2 шақырым жылу желісін, 27 қазандықты, 6 сорғы станциясын, 31 топтық элеватор торабын ағымдағы жөндеуден өткізу керек, — деді Жанболат Сарманов.

Оның айтуынша, барлық жұмыс 15 қыркүйекке дейін аяқталуға тиіс.

Жылу желілеріндегі ақауды анықтау үшін «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамы жылына екі рет гидравликалық сынақ жұмыстарын жүргізеді. Биыл 13-15 мамыр аралығында жүргізілген сынақтың нәтижесінде жылу желілерінің 20 бөлігінен ақаулар анықталып, қазіргі таңда барлығы қалпына келтірілген. Келесі гидравликалық сынақ күз айында, яғни жылу берілетін кезеңнің алдында жүргізіледі.

Әңгіме барысында Жанболат Сармановтан қыста үйлері салқындап кеткенін айтып, дабыл қаққан тұрғындардың жайы қалай болып жатқанын сұрағанбыз.

2023-2024 жылғы жылыту маусымы штаттық режимде өтті. Барлық қазандық пен сорғы станциялары бекітілген ережеге сәйкес жұмыс жасады. Бірақ аяз түскентұста қаланың кей аумақтарындағы тұрғындар үйлерінің салқындап кеткенін айтып, шағым түсірді. Сол уақытта ыстық су мен жылуға қатысты 270 шағым түскен екен. Осы мәселені шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, мән-жайды анықтады. Рейд кезінде кейбір пәтер иелері жылу жүйесін еденнің астымен өткізіп, батареяларын балконға орналастырып алғанын көрдік. Бұдан бөлек қосымша батареялар орнатып, тіпті пәтерге сорғы қойғандар да анықталды. Осындай заңбұзушылыққа барған 100 дерек тіркелді. Жылу жүйесі қолдану ережелерін бұлай өрескел бұзу басқа қабаттардағы көрші пәтерлерді жылусыз қалдырды. Алдағы жылу маусымында бұл жағдай тағы қайталанбауы үшін қазір қалалық тұрғын үй инспекциясымен бірлескен жұмыстар атқарылып жатыр. Үйдің жылу беру жүйесінің схемасын бұзғандардың көбі қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Егер талапты орындамаған жағдайда іс сотқа жіберіледі, — деді Жанболат Сарманов.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button