Басты жаңалықтар

Қоғамдық көліктер көбейеді

Ақтөбеде қоғамдық көлік қызметі тұрғындардың көңілінен шықпай, жиі шағымданатын. Автобустардың жүру арақашықтығының ұзақтығы, көліктің ескілігі жиі айтылатын. Ал соңғы жылдары бұл мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Автобустар жаңарып, қоғамдық тасымал қызметімен айналысатын мекемелер саны да көбейді. Осы орайда қаладағы жолаушылар тасымалымен айналысатын серіктестік өкілдерімен тілдестік.

50 автобус әкелінеді

Қаладағы 23 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын қамтамасыз ететін ірі мекемелердің бірі — «Автопарк» ЖШС. Соңғы жылдары  аталған мекеме көліктерді жаңартып жатыр. Наурыз айында 30 көлік әкелсе, жуырда тағы 50 автобусқа тапсырыс беріп қойыпты.

Yutong маркалы 50 автобусқа тапсырыс бердік. Бұл автобус Қазақстанда құрастырылады. Сәтін салса қазан айында келеді деп жоспарлап отырмыз. Бұл көліктерді №24, №26, №22 бағыттарға жіберуді ойластырып жатырмыз. Яғни қай бағытта  жолаушы көп жүреді, жолдың сапасы жақсы — соған мән береміз.  Бұндай автобустардың сыйымдылығы жоғары  болғандықтан, жолаушыларға өте ыңғайлы. Баратын жеріне қысылмай еркін жетеді. Наурыз айында әкелінген осындай көліктер қазір №11, №25 бағыттарда  жүр, — деді серіктестік директоры Ақарыс Тілеулесов.

Қоғамдық көліктердің мәселесі біртіндеп шешіліп келе жатқанымен қаланың шет аудандарының тұрғындары қыста біраз әбігерге түсті. Мәселен, Ақжар ауданының тұрғындары автобустардың ескі, әрі жүру арақашықтығы тым ұзақ екенін, қыстың қақаған суығында аялдамаларда қалтырап тұратындарын айтып, шағымданды. Тұрғындар ертеңгілік жұмыстан кешігетін болғасын амалы жоқ таксиге мінуге мәжбүр болатындарын әлеуметтік желіге жазды.

«Ақжар» ауданында бұған дейін асфальт төселген жол болған жоқ. Жолдың сапасы өте нашар. Көліктердің бұзылмаған жері қалмады. Жүргізушілер әр рейс жасаған сайын қиналып кетеді. Бірақ біз соған қарамастан, автобустардың жүруін тоқтатқан жоқпыз. Жүргізушілер де,тұрғындар да  шыдамдылық танытты. Биыл ғана бұл ауданның жолына асфальт төселіп жатыр. Жалпы көп жағдайда мәселенің барлығы жолдың сапасына келіп тіреледі. Мәселен, қала іргесіндегі Бауырластар, Сазды секілді шағын ауылдарда тұрғын көп. Бірақ жолнашар. Жүргізушілер әрең қатынап жүр. Көліктердің де сау тамтығы қалмады. Бұдан бөлек №21 автобус қатынайтын Жаңақоныс-2 ауданының жолы да нашар. Қаланың шет ауданы саналатын 41-разъездге қатынайтын №14 бағыт жолы да шұрқ-тесік. Биыл тасқын кезінде сол маңдағы көпірді су шайып кетіп, тіпті жүруге келмей қалды. «Алтын орда» ауданының құрылыс жүріп жатқан шет жағындағы көшелерде асфальт жоқ. Соған қарамастан, бұл жаққа №25 автобус қатынап жүр. Осындай қиындықтарға қарамастан, қоғамдық көлікті тоқтатпауға тырысып жатырмыз. Егер жол тақтайдай тегіс болса, ешқандай мәселе болмас еді, — деді серіктестік директоры.

Осыдан бір-екі жыл бұрын Есет батыр ауданының тұрғандары да қоғамдық көліктің тапшы екенін айтып, жиі шағымданатын. Серіктестік директоры қазір бұл ауданда мәселенің толық шешілгенін айтты. Қазір №51, №51а, №29, №2, №39 бағыттар бойынша автобустар қатынайды.

Бұл ауданға бес бағыт бойынша автобус қатынайды. Барлығы да қаланың орталығына келеді. Тұрғындар  жұмысқа баратын уақытта, яғни таңертегі және кешкі уақытта ғана қарбалас болады. Яғни автобустарға адам тез толып қалады. Себебі бұл жақта үйлер тығыз орналасқан, тұрғын көп. Ал қалған уақытта ешқандай проблема жоқ, көліктер уақытында жүріп жатыр, — деді Ақарыс Тілеулесов.

Қала бойынша ең көп бағытта тасымал ұйымдастырып отырған компанияның да өз мәселелері бар екен. Жолдардың жайынан бөлек, қоғамдық көлік жүргізетін жүргізуші табу қиынға соғып отыр деді.

—Қазір маман тапшы. Жұмыста жүргендердің алды зейнет жасынан асса, соңы қырықтың үстіне шықты. Ал жастардың жүргізуші болып келгісі жоқ. Оның үстіне жүргізушілерге қатысты заңға өзгерістер енгізіліп, еуростандартқа сай талап күшейді. Қоғамдық көлік жүргізу үшін Д1 санаты болуы керек. Бұл үшін ВС санатынан кейін төрт жылдан кейін Д санатын аласың, содан соң осындай уақыт өткізіп Д1 санатын алуың керек. Яғни бұндай санатқа қол жеткізу үшін  медицина университетін бітіріп шыққандай боласың. Ал жастар бұлай ұзақ уақыт жүрмейді. Қазір тіпті жүк көлігінің жүргізушісін таппаймыз, — деді серіктестік басшысы.

Сондай-ақ ол автобус жүргізушілерінің айлығы бұрынғыдай емес, едәуір өскенін жеткізді.«Автопарктегі» жүргізушілер қазір айына шамамен 380-410 мың теңге көлемінде жалақы алады екен.

Жол сапасы және автобус

Ақтөбедегі жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелердің бірі — «Qala Trans»ЖШС. Аталған мекеме тұрғындарға 9 маршрут бойынша қызмет көрсетеді. Сондай-ақ облыс орталығынан Қандыағаш, Хромтау қалаларына жолаушыларды тасымалдайды. Бұл екі бағытқа алты автобус қатынайды. Жақында Кеңкияққа жаңа автобус шығарды.

— Мекемедегі көліктердің барлығы жаңа, жолаушылардың жайлылығы үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Қосымша тағы Yutong маркалы 15 автобусқа тапсырыс бердік.

Қазіргі күні ең өзекті мәселе — жол. Мәселен, №28 автобус қатынайтын жолдар шұрқ-тесік. Жаңа көліктердің барлығы аз уақыттан кейін-ақ жөндеуді қажет етеді. Аудандарға баратын жүргізушілер де жолдың нашар екенін айтады. Қандыағашқа қатынайтын автобус тек күрделі жөндеудің арқасында ғана жолаушыларды тасып жүр, — деді серіктестіктің қозғалыс және қауіпсіздік жөніндегі маманы Асқар Сабантаев.

Сондай-ақ Асқар соңғы аптада отынға қатысты мәселенің туындағанын айтты.

Автобустардың барлығы метан газымен жүреді. Ал қаланы газбен қамтып отырған мекеменің газ құю бекетенің сорғысы дұрыс жұмыс істемей, соңғы екі-үш күндікте қиындықтар болып жатыр. Соның кесірінен көліктер уақытынан кешігуде. Тұрғындар тарапынан да арыз-шағымдар түсіп жатыр. Себебі автобустар күндіз рейсті бұзбас үшін газды түнде құйып алады. Мәселені газ құю бекетінің өкіліне айттық. Кемшіліктерді жоямыз деді, — деді Асқар Сабантаев.

Серіктестік өкілі көліктер саны көбейсе жақын аудан орталықтарына автобус шығаруды көздеп отырғанын айтты.

Субұрқақтар жөнделіп жатыр

Аптап ыстықта тұрғындарға сая болатын қаладағы субұрқақтардың бірқатары жұмыс істемей тұр. Мәселен, қаланың қақ ортасындағы жұртшылық жиі баратын әуенді субұрқақтың істен шыққанына екі жылдан асқан. Қазір құбырлары тесіліп, қараусыз жатыр. Бұрын айналасында балалар асыр салып ойнайтын болса, қазір адам қарасы аз. Ал тұрғындар түрлітүсті жарықтары көз арбайтын, әуенмен әрленіп, атқылайтын субұрқақтың іске қосылғанын күтіп жүр.

— Соңғы жылдары қаладағы субұрқақтардың  істемей тұрғаны алаңдатады. Бұрын Абай даңғылының бойындағы субұрқақ қалаға ерекше сән беріп тұратын. Балалар да, үлкендер де ыстықтаса сол жерге барады. Аптап ыстықта кәдімгідей тұрғындарға сая болып, жанына  тыныштық сыйлайтын еді. Былтырдан бері осы субұрқақтың істегенін көрмедім. Өзге жақтан қонақтар келсе, саябақтарға апарамыз, субұрқақтың айналасына суретке түсеміз. Сондықтан субұрқақтарды тездетіп іске қосса жақсы болар еді, — деді қала тұрғыны Гүлсім Қадырова.

Ал әкімдіктің мәліметінше, былтыр қаладағы субұрақтарды жөндеуге 184 миллион теңге бөлініпті. Алайда мердігер мекеме өз ісіне жауапсыз қарап, ешқандай жөндеу жұмысын жүргізбеген. Соңында әкімдік сотқа беріп, бөлінген ақшаны кері қайтарып алған.

«Шалқар-бастау» мекемесімен жаңа келісімшарт жасадық. Төрт субұрқақты жөндеп беретін болды. Бұл мақсатқа  107 миллион теңге ақша бөлінді. Ал қалған 10 субұрқақ демеушілердің көмегімен жасалып жатыр. Жалпы субұрқақтарды күтіп-баптауға 22 миллион теңге  ақша бөлінді. Бұл қаржы барлық субұрқақ іске қосылғаннан кейін ғана жұмсалады, — деді  Ақтөбе қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Бақтияр Төрешов.

Қазір қаладағы 21 субұрқақтың тек үшеуі ғана іске қосылып тұр. Ал әкімдіктің мәліметінше, тұрғындар жиі баратын орталық саябақ пен сулы-жасыл бульвардағы субұрақтарды жөндеу жұмысы басталған. Ал қалған субұрқақтар біртіндеп іске қосылмақ.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button