Басты жаңалықтар

Абайлаңыз, тұңғиық!

Шомылу маусымы

Жыл басталғалы облыс бойынша 6 адам суға кеткен. Қайғылы оқиғаларға басты себеп — демалушылардың тыйым салынған жерлерде шомылуы.

Атқарушы билік аталған жағдайдың алдын алу үшін тың бастаманы қолға алды.

33 бейнекамера орнатылады

Шомылу маусымында судағы қауіпсіздік бейнебақылау камералары арқылы бақыланады. Бұл адамдарды қайғылы жағдайлардан қорғау үшін керек.

Қазіргі уақытта бейнекамералар өзендерге жақын 9 жерге орнатылды. Барлығы 33 дана болмақ. Төтенше жағдайлар департаменті камералардың көп бөлігісуға шомылуға тыйым салынған орындарға қойылатынын нақтылады. Өйткені адамдар су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан, суға кету деректері жиі болады.

Шомылу маусымында судағы қауіпсіздік мәселесі облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен жиын барысында қаралды. Өңір басшысы бақылау шараларын күшейтуді және су айдындарында тұрақты рейдтер жүргізуді тапсырды.

— Біз судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін, әсіресе балалардың қауіпсіздігі үшін барлық шараларды қолға алуымыз керек. Су айдындары маңын, жағалауды патрульдеу қажет. Шомылу маусымы кезінде балаларды рұқсат етілген жағажайларда жүзуге үйреткен жөн. Балаларға арналған қауіпсіз деп танылған жағажайларды жабдықтап, сол орындарда құтқарушылар кәмелетке толмағандарды жүзуге үйретуге тиіс,—  деді әкім.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, 1 маусымнан бастап облыста 59 жағажай жұмыс істейді: 22-сі — қалада және 37-сі — ауданда. Оның 24-і — коммерциялық, 35-і — коммуналдық жағажайлар. Адамдарды құтқаруға арналған оқыту курстарынан 75 құтқарушы өтті. Шомылу маусымында қауіпсіздікті ұйымдастыру үшін полиция, волонтер, құтқарушы және т.б. мамандардан құралған барлығы 403 адамды тарту жоспарлануда.

— Төтенше жағдайлар департаменті шомылуға тыйым салынған облыс көлеміндегі 206 орынды анықтады. Ақтөбеде шомылуға қауіпті деген 18 орын бар, қалғандары — аудандарда. Онда 296 тыйым салу белгілері орнатылды. Тұрғындардың өздері сол белгілерді құлатып, лақтырып тастайды. Бұл жағдай тыйым салынған жер екенін білмейтін адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан апта сайын орнатылған белгілерді түгендеу жұмыстарын жүргізу қажет,— деп атап өтті Нұрғали Жүнісов.

Су айдындары, лагерьлер, жағажайлар және аквапарктерде адам өлімінің алдын алу үшін құтқарушылар судағы қауіпсіздік бойынша практикалық сабақтар өткізеді. Сондай-ақбарлық ұялы телефон нөмірлеріне суда жүзу қағидалары туралы SMS-хабарламалары ескерту ретінде жіберіледі. Жағажайлар мен шомылуға тыйым салынған жерлерді құтқарушылар, полицейлер мен еріктілер үнемі күзетеді. Рейд нәтижесі бойынша 15 құқық бұзған тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар рейдтер кезінде полиция бөлімшелеріне 53 кәмелетке толмаған бала жеткізілді. Олардың ата-анасымен профилактикалық шаралар өткізілді.

Облыс әкімі Асхат Шахаров халықарасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуді және оларға шомылуға тыйым салынған орындар туралы ақпаратты жеткізуді тапсырды. Сондай-аққұтқарушылар санын арттыру қажеттігі айтылды.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, өңірде суға түсуге қауіпті 206 орын бар. Соның 18-і Ақтөбе қаласында орналасқан.

Терең су, немқұрайды көзқарас

Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, капитан Жанболат Төлепбергенов кез келген жастағы адамдар су айдынының тұңғиығына — терең жеріне немқұрайды қарайтынын, соның салдарынан ажал құшып жатқандардың статистикасы азаймай отырғанын алға тартты. Айталық, биылдыққа 6 адамның өлімі осы судан болған. Олардың 2-еуі — бала.

Тыйым салынған жерлерде шомылып, оның үстіне мас күйде суға түсетіндер бар. Жағада үлкендердің қарауынсыз қалған балаға да қатер көп. Мысалы, соның кесірінен осы жылы 1 бала суға тұншығып қайтыс болды. Егер сақтық шараларын орындамаса, тәжірибелі суда жүзушінің өзі суға батып кетуі мүмкін. Сондықтан тәртіпке бас ию керектігін кезекті рет еске салғым келеді, — дейді сала маманы.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтың 412-бабына сәйкес су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын сақтамаған жеке тұлғаларға — 7, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне— 20, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

1 маусымнан бері аталған бап бойынша 18 жеке тұлғаға хаттама толтырылды. Айыппұлдың жалпы көлемі —  232596 теңге, — дейді аға офицер.

Төтенше жағдайлар қызметі ескертеді

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов шомылу кезінде мына іс-әрекеттерге қатаң тыйым салынатынын еске салды. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Мас күйде шомылуға, қайықтардан, катерлерден, өткелдерден, сондай-ақ осы мақсаттарға арналмаған құрылыстардан суға секіруге, тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге, жүзуге арналмаған заттарды пайдалануға, су айдындарын ластауға, жалған дабыл беруге, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға болмайды. Егер осы ережелер сақталмаған жағдайда айыппұл салынады, — дейді ол.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button