Басты жаңалықтар

«Қойшының қызының» ұлттық тағамдары

Қазақтың ас ішуі, қонақ күтуінде үлкен тәрбиелік мән жатыр. Өкінішке қарай, жасалу жолы қарапайым әрі денсаулыққа пайдалы болғанымен, кейбір ұлттық тағам түрлері күнделікті қолданыстан мүлде шығып қалды. Бүгінде сол ұмыт қалған тағам түрлерін нарық заманына сай әзірлеп, жасалу әдісін насихаттап, ұсынып жүргендер бар. Біз бұл жолы бір кездері дастарқаннан алыстап кеткен тағам түрлерінің жасалу әдісін айтып, өзі сол істі кәсібіне айналдырып отырған қойшының қызын әңгімеге тартқан едік.

Таныса отырыңыздар…

Ақтөбелік кәсіпкер Ләйлә Оңғарбаеваны көпшілік «Қойшының қызы» деген атпен жақсы таниды. Бүгінде оның дәл осылай аталатын инстаграм парақшасында 73 мыңға жуық оқырманы бар.

Карантиннің «пайдасы»

2020 жыл кім-кімге де оңай болған жоқ. Мейрамханалар мен сауда орындары жабылып, көптеген кәсіп тұралап қалды. Сенсеңіз, Ләйләнің қазіргі кәсібі дәл сол уақытта — карантиннің күйіп тұрған кезінде басталыпты.

Барлығы үйге «қамалып» қалған тұста Ләйлә көпшілікке өзінің жаңа қырымен таныла бастайды.

— Қолым бос болса, асүйде тамақ пісіргенді жақсы көремін. Әсіресе қазақтың ұлттық тағамдарын көне рецепттері бойынша әзірлегенді жаным сүйеді. Карантин басталған кезде осы іспен айналысуыма мүмкіндік туды. Өз білгенімді әлеуметтік желідегі парақшама салғаным сол екен, көпшіліктің қызығушылығы артып, тіпті тапсырыс берушілер шыға бастады. Бұл кәсіп солай ойда-жоқта басталып кеткен еді, — дейді ол.

Тапсырыс берушілер көбейген кезде жеке парақшасы ретінде ашылған аккаунттыжұмыс парақшасына ауыстырып, жаңа атау ойластырады. Сол кезде құрбыларының бірі Ләйләға парақшасына «Қойшының қызы» деген атауберуді ұсынады. Өйткені Ләйлә жаз жайлауда дала гүлдерін теріп, сағым қуып өскен қойшының қызы болатын.

— Бастапқыда «көпшілік бұл атауды қалай қабылдар екен деп ойлағаныммен, кейін бір шешімге келіп, парақшамның атауын солай өзгерттім. Әкем Әлжан — 20 жылдан астам уақыт кеңшардың қойын баққан адам. Төрт түліктің сырын өте жақсы білетін кісі еді. Оқу жылын аяқтай сала, біз де жайлауға қарай тартатынбыз. Далалықта асыр салып ойнап келіп, үйге келген соң әжем мен анамаүй шаруасына көмектесетінбіз. Жеті баланың бесіншісі болсам да, үй тірлігінің барлығын жасап өстім, — дегенкейіпкеріміз бір сәт балалық шағын еске алды.

Ауылдағы мектепті бітірген соң Ләйлә экономика саласына оқуға түседі. Біраз уақыт дипломында жазылған мамандығы бойынша еңбек етеді. Кейін жеке кәсіп бастайды. Ауылдағы әжесінен үйренгенімен университетте алған білімін ұштастырып, бір арнаға тоғыстырған пысық қыз бүгінде үлкен кәсіптің иесі атанып отыр.

«Ақтөбенің бренді — әжемнің әдісімен»

Ұлттық тағамның ұмыт қалған түрлерін дайындау үшін Ләйлә бірде-бір шеберлік сағатына қатысып, курсқа барып көрмепті. Барлығын әжесінің әдісі бойынша жасайды екен.

— Марқұм әжем еттің де, сүт тағамдарының да түр-түрін әзірлейтін. Мен қазір соның әдісін қолданамын. Кейде жақындарымнан кеңес сұрайтын кездерім де болады. Алғашында өнімнің барлығын өзім дайындайтынмын. Тапсырыс көбейген соң көмекшілер алуыма тура келді. Бүгінде барлық өнім цехта өңделіп, әзірленеді. Бірақ аспаздардың қасында үнемі өзім жүремін,— дейді ол.

Бүгінде Ләйләнің командасы 200-ден астам тағам түрін дайындайды.Қарын бүрме, бүйенге сүрленген ет, қарынға салынған ет пен май, өрме төс, мәйек ірімшік — «Қойшының қызының» негізгі «фишкалары». Өнімдер қатарында күнделікті сұранысқа ие жартылай фабрикаттар да бар. Дегенмен негізгі тауар ұмыт қалған ұлттық тағамдардан тұрады. Жақында «Қойшының қызының» ассортименті елімізде жоқ жаңа тағам түрлерімен — шоколад қосылған балқұрт, шоколад қосылған майсөк және шоколад қосылған мәйек ірімшікпен толықпақшы. Күзге қарай тізімге жаңа ет өнімдері қосылады.

Бүгінде Ақтөбе облысымен қатар, еліміздің барлық өңірінен тапсырыс қабылдап отырған кәсіпкер келіншек арнайы мал өсіріп отырған фермалары жоқ екенін айтты. Етті — Байғанин мен Шетырғыздан, ал сүтті қаланың сыртындағы шаруа қожалықтарының бірінен алып отыр.

— Дайындайтын тағам құнарлы әрі дәмді болып шығуы үшін еттің де, сүттің де сапасына аса мән береміз. Ірі қара малды көбіне қараша-желтоқсан айларында сойып, қыстай өңдейміз. Сол кезеңде шамамен 30-40 мал сойылады. Ал сүтті күн сайын алып отырамыз. Екі күнде шамамен 500 литр сүт өңделеді. Сұраныс өте көп. Тұрақты тұтынушыларымыздың қатарында еліміздің барлық өңірінің тұрғындары да бар. Әзірге шетелге тапсырыс жеткізуге толық мүмкіндігіміз жоқ. Дегенмен біздің өнімдерді шетелде жүрген таныстары мен туыстарына сәлемдеме ретінде салып жататын тұрақты тұтынушыларымыз көп, — дейді ол.

Қойшының қызы әр тұтынушымен барынша жоғары дәрежеде жұмыс жасауға тырысатынын айтты.

— Саудада өнімнің сапасымен қатар, қызмет көрсету сапасының да жоғары болуы өте маңызды. Сондықтан әрбір клиенттің пікіріне мән береміз. Жоғары сапада қызмет көрсетуге тырысамыз. Өз атыма кір келтірмеу үшін барлығын алдын ала жоспарлап отырамын. Мәселен, өнімнің сапасы үшін жаз айларында алыс облыстардан кейбір тағам түрлеріне тапсырыс қабылдауды тоқтатамын. Өйткені күннің ыстығынан тауар жеткенше бұзылып кетуі мүмкін. Мыңның бірі болмаса, көбі өнімдерімізге «бес» деген баға беріп жатады. Егер өнім тұтынушының көңілінен шықпаса, кері қайтарып аламын, — деді ол.

Ләйлә жуырда өзінің брендін ресми түрде куәландырғанын айтты. Ендігі арманы — «Қойшының қызы» атауымен жаңа дүкен ашу.

— Өнімдерімді сауда нарығына шығарғаныма 4 жылдан асты. Кәсібім инстаграм парақшасы арқылы қанатын жайды. Сол әлеуметтік желінің арқасында тұрақты тұтынушылар таптық. Енді барлығын бір ізге түсіріп, «Қойшының қызы» брендімен тек қана өзімнің өнімдерім сатылатын дүкен ашқым келеді. Қазір дүкеннің құрылысы басталды, — деді Ләйлә.

Р.S Ләйләмен сұхбаттасып отырып, оның қайсарлығы мен пысықтығына тәнті болдық. Бізге сұхбат беріп отырып, телефон арқылы бірнеше шаруасын шешіптастады. Әлеуметтік желідегі парақшасын да өзі жүргізеді. Тапсырысты да өзі қабылдайды.

Білгенінөзгелермен бөлісуді әдетке айналдырған ол ұлттық тағам түрлерін үйренгісі келетіндер үшін онлайн және офлайн форматта курстар өткізіп тұрады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button