Басты жаңалықтарДенсаулық

Жүрегіңді сақта!

Әлемде жүрекке қатысты аурулардан көз жұматындардың саны көп екен. Ақ халаттылар мұның түрлі себебін келтіреді. Олар — салауатты өмір салтын ұстанбау, күйзеліс, экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы. Аталған дертпен  ақтөбеліктер де аз зардап шекпейді. Осы орайда Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне қарасты жүрек-хирургия орталығы кардиохирургия бөлімшесінің дәрігерлерімен тілдесіп, қайттық.

Ашық ота жасалады

Жүрек-хирургия орталығы осыдан 17 жыл бұрын ашылған. Содан бері тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Берік Қасымовтың айтуынша, бұл жерде күрделі оталар жасалады.

Бөлімшеге, негізінен, жүректің ишемиялық ауруына шалдыққан науқастар келеді. Яғни жүрек бұлшықетіне қан бармай, тамыр тарыла бастайды. Атеросклероз, қант диабеті аурулары ұсақ тамырды бітеп тастайды. Соның салдарынан бірінші жүрек зақымданады, мидың, бүйрек пен бауырдың тамырлары да әлсірейді. Осының барлығы жүрекке салмақ түсіреді. Орталыққа көп жағдайда науқастар жүрек талмасымен түседі. Науқасқа бірден тексеру жүргізіп, қажет жағдайда тамырға стенд қойылып, кеңейтіледі. Егер бұның барлығы нәтиже бермейтін болса, төс сүйегі кесіліп, ашық операция жасалады. Бұл — күрделі  ота,  жүректің тамырын көзбен қарап, қолмен тігеміз. Операция жасанды қан айналым аппаратының көмегімен жасалады. Яғни жасанды жүрек, өкпе аппараттары қолданылады. Ота кезінде жүректің тамырларын тексереміз. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін дәрі арқылы жүректі құрғатып, тоқтатамыз. Сол сәтте жүректің орнында жасанды аппараттар жұмыс істеп тұрады. Операция кезінде қосқан тамырлар арқылы жүрекке толық қан барады. Осылайша  инфаркттің алдын аламыз, — деді Берік Қасымов.

Бұндай отадан кейін оңалту ем шарасы жүреді. Аруханадан шыққан соң науқас әрі қарай толық сауығып кету үшін негізгі ем-дом емхана дәрігерлеріне жүктеледі. Дәрігердің айтуынша, операциядан кейінертеңіне-ақ жүрек қалыпты жұмыс істей бастайды. Тек  кеуде сүйегі ғана ауыруы мүмкін. Ересек адамда сүйек толық бітіп кетуі үшін екі айдан астам уақыт қажет. Ал үш ай өткеннен кейін еңбекке араласа беруге болады екен. Дәрігердің айтуынша, бөлімшеге 60-70 жас аралығындағы адамдар жиі түседі. Сондай-ақ бөлімшеде коронарлық шунттау, жүрек қақпақшаларын ауыстыру оталары жасалады.

— Облыста үш кардиохирургиялық бөлімше бар. 2007-2009 жылдары арнайы бағдарлама қабылданып, мемлекет тарапынан кардиохирургия саласына көрсетілетін көмек күшейді. Салыстыратын болсақ, инфаркт алатын науқастардың саны екі есе азайды. Ауруды ерте сатысында анықтауға күш салдық, — дейді Берік Қасымов.

Дәрігер жүрек ауруы мазаласа, уақыт созбай, дәрігерге қаралу керектігін ескертеді. Әсіресе жасы ұлғайған кісілер ауру белгісін байқаса, дереу жедел жәрдем шақырғаны жөн.

Инфаркті асқазан ауруымен шатастырмау керек

Миокард инфаркті — жүрек бұлшықетін қанмен қамтамасыз ететін қан тамырларының бітелуінен болатын сырқат. Бұндай кезде жүрек жансызданып, еті жыртылып кетуі мүмкін. Бұл аурудың соңы кейде мүгедектікке душар етіп, тіпті науқас өліп кетеді. Адам аталған ауруға шалдыққанда кеуде қуысында, төс артында қысу, шаншу, күйдіру  сияқты ауырсыну пайда болады. Жүрек айнып, тыныс тарылады. Науқастың түсі бозарып, салқын тер шығады. Көп жағдайда адамдар бұны асқазан ауруымен шатастырады екен.

Жүректің де қабырғалары болады. Егер жүректің төменгі қабырғасы зақымданып, ишемиялық ауру пайда болса, диафрагмаға әсер етеді. Оның артында ас қорыту мүшелері  орналасқан. Инфаркттің алдында адам құсады. Себебі иннервация болғанда вагус үлкен нерв жүйесі қабырғаның бойымен келіп, жүрекке әсер етеді. Жүрек ауырған кезде осы нерв қозып, асқазанға әсер етіп, адамды құстырады. Көп жағдайда адамдар инфаркт алдындағы осы белгіні асқазан ауруымен шатастырады. Егер асқазанда жара, гастрит болса, су ішкенде басылады. Ал жүрек ауруы кезінде, керісінше күшейіп, денені қара тер басады. Тер басу — миокард инфарктінің белгісі. Сондықтан жедел жәрдем мамандары, дәрігерлер диагноз қойғанда шатаспау керек. Осыған көңіл бөлуі қажет, — деді тәжірибелі кардиохирург Бауыржан Хамидуллин.

Дәрігердің айтуынша, аурудың көбеюіне әртүрлі жағдай себеп болып отыр. Экологиялық жағдайдың нашарлауы, артық салмақ және ішімдік пен темекі секілді зиянды әрекеттер, қозғалыстың аздығы  жүрек-қан тамыры ауруларына шалдықтырады.

Ардагер алғысы

Ақтөбелік зейнеткер ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Серікбай Қайдас ақсақал осыдан бір апта бұрын жүрегіне ашық әдіспен ота жасатыпты. Ота сәтті өткен. Жетпістен асқан ардагер кардиохирургия бөлімінің дәрігерлеріне дән риза.

— Өзім көп ауырмаған адаммын. Бірақ соңғы бір айда кеуде тұсым сыздап, ауырып жүрді. Балаларым «ащы тамақ жегеннен асқазаның ауырған болар» деді. Содан ауруханаға түсер алдында  күндіз басым айналып, көзім қарауытып жүрді. Түнде суық тер басып, запыран құстым. «Жақпас тамақ іштім бе» деп ойладым. Оңаша бөлмеде жатыр едім, телефонмды қарайын десем, көзім бұлдырап кетті. Әрең деп балама қоңырау шалып үлгердім. Жүгіріп келген балам дереу жедел жәрдем шақырды. Түнде осы ауруханаға түстім. Дәрігерлер коронарография жасады. Алайда «тамырлары бітеліп қалған, кеудені ашып ота жасамасақ болмайды» деді. Келісімімді бердім, — дейді ақсақал.

Серікбай ақсақал қазір өзін жақсы сезінеді. Аурухананың дәрігерлері мен медбикелердің қызметіне көңілі толғанын айтты.

— Дәрігерлерге риза болдым. Кішіпейіл, қарапайым, әрқайсысы өз жұмысын тиянақты атқарып жүр. Қайта-қайта келіп, жағдайымды сұрайды. Дәрігерлердің осындай кеңпейілдігі, сыпайылығы және  науқастарға деген ілтипаттарына  ризамын. Алғысым шексіз. Отбасыларына амандық, еңбектеріне жеміс тілеймін, — деді ардагер ағынан жарылып.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button