Этноауылдағы мереке: күшіміз — бірлікте
Бұл жексенбі ақтөбеліктер үшін әдеттегіден ерекше өтті. Құтты мекенде халқымыздың рухани әлеуеті, қастерлі тарихы мен тағылымды өнегесі ұлықталды. Астана саябағында этноауыл құрылып, шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін «Туған жерім — тұғырым» атты тарихи музыкалық-театрландырылған этнофестиваль ұйымдастырылды.
Этноауылда бірнеше киіз үй мен шатыр тігіліп, әр алаңға атау берілген. Ашық аспан астында ән де айтылды, күй де тартылды. Қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкелері, шеберлік кластары ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Қалалық мәдениет және тілдерді бөлімі ұйымдастырған іс-шараға қаладағы мәдениет ошақтарының, білім беру ұйымдарының ұжымдары, ақсақалдар мен әжелер, жастар, тігіншілер мен зергер шеберлер қатысты.
Киіз басу өнері дәріптелді
Алдымен сәлемберіп, ақжаулықты әжелер отырғанақ шатырға кірдік. «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі мен Нокин мәдениет үйі жанынан құрылған «Алтын қазына» ансамблінің әжелері әдемі әңгіме айтып, киіз басып жатыр екен. Көзіміз дайын тұрған киізге түсті. Жан-жағына қазақтың оюы басылып, ортасына «Ақтөбе — 155 жыл» деп жазылыпты.
«Киіз class» алаңында біздің қарсы алған «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Алға аудандық филиалы төрағасыКүмісай Қожантаева бұл киізді 40-қа жуық әже екі күнде дайындағанын айтты.
— Қазақтың тұрмыстық өмірінде киіздің, жалпы киізден жасалатын бұйымдардың орны ерекше болған. Үй жиһазының бірі ретінде пайдаланылған киізді жасаудың өз технологиясы бар. Мәселен, оны жабағы жүннен баса алмайсың. Бұған күз айында қырқылатын қойдың күзем жүні қажет. Қазір қойдың жүніне бұрынғыдай сұраныс жоқ, сондықтан күзем жүн табу оңай болған жоқ. Бірақ аналардың ауызбіршілігінің арқасында өзімізге қажет шикізатты таптық.
Алдымызда Ақтөбе қаласының туған күні келе жатыр. Биыл шаһарымызға 155 жыл толады. Бұл — әжелердің қаланың мерейтойына жасаған тартуы, — деді Күмісай Қожантаева.
Бір киізді дайындап қойған әжелер этноауылға келген қала тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір шағын киіз басып, жасалу жолын түсіндіріп жатты.
Шеберлер тартуы — 155 метрлік көрпе
«Көрпе Party»алаңында өткен іс-шара келушілерге ерекше әсер қалдырды. Ақтөбелік шебер аналар тасқыннан зардап шеккен отбасыларға арнап жалпы ұзындығы 155 метр болатын, 67 көрпе тігіп әкеліпті. Ақтөбе қаласының басты символына айналған қызғалдақ пен қошқар мүйіз оюы бедерленген көрпелер46 емес, бір ғана шебердің қолынан шыққандай.
Мәні мен маңызы зор іс-шараға Дәметкен Сексенбай Мұғалжар ауданынан арнайы келіпті. Шебер өз қолымен ұзындығы 2 метр 30 сантиметр болатын 4 көрпе тігіп әкелген.
— Осыдан екі жыл бұрын шебер Ырза Тұрсынзаданың ұйымдастыруымен өткен «Көрпе фест» фестиваліне қатысқанмын. Сол кезден бастап ақтөбелік шебер ханымдар тобындамын. Жуырда шеберлер қаламыздың мерейтойы қарсаңында ұзындығы 155 метр болатын тігу туралы ұсыныс тастады. Тігілген көрпелердің су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға табысталатынын білген соң, бірден келістім. Ақылдаса келе эскизін сызып, қандай матадан тігетінімізді анықтадық, — деді Дәметкен Шебер.
Шеберлердің басын қосып, үлкен істі ұйымдастырған Қурайлы мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Сандуғаш Таубаева барлық қатысушыға алғысын білдіріп, Ақтөбе қаласы әкімі аппараты басшысының атынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
«Ұлттық ойындар» алаңындағы қызықтар
Этноауылдың бір алаңы ұлттық ойындарға арналыпты. Бұл жерде Ақтөбе қаласының отбасын қолдау орталығы асық ату, қол күрес, ләңгі тебу және арқан тартудан байқау ұйымдастырды.
— Ұлттық ойындар жастарды батылдыққа, төзімділікке, ептілікке тәрбиелейді. Ұмыт қалып бара жатқан ұлттық ойындарымызды кеңінен насихаттау мақсатында бүгінгі іс-шараны өткізіп жатырмыз, — деген орталықтың қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Гүлмира Мамытжанова «Ұлттық ойын — халық мұрасы» атты сайысқа 6 отбасы қатысқанын айтты.
Сайыста жүлделі 3-орынға ие болған Рахмановтар отбасымен сөйлесудің сәті түсті. Көпбалалы ана Эльмира Рахманова Ақтөбе қаласының отбасын қолдау орталығы ұйымдастыратын бірде-бір іс-шарадан қалыс қалмайтындарын айтты.
— Балаларымның барлығы сабақтан тыс уақытта спорттық үйірмелерге қатысады. Бүгінгі сайыста жүлдегерлер қатарынан көрінуіміздің басты себебі — осында, — деді Эльмира.
Сайыс қорытындысы бойынша 1-орын алғандарға — 50 мың теңге, 2-орынға — 30 мың теңге, 3-орынға 20 мың теңгенің ақшалай сертификаты мен дипломдар табысталды. Сондай-ақ естелік ретінде барлық отбасына тоғызқұмалақ тарту етілді.
Этноауылда түскі сағат 15.00-де басталған мерекелік іс-шаралар кешкі сағат 19.00-ге дейін жалғасты. Келушілер этнофольклорлық ансамбльдердің қатысуымен өткен этнофестивальді тамашалап, ұлттық киімдердің сән көрсетілімінің куәсі болды. «Домбыра» алаңында — ән айтыс пен күй тартыс, «Балалар шығармашылығы» алаңында түрлі ойындар ұйымдастырылды. Бұдан басқа «Алтыбақан» ойын-сауық алаңы, «Ашық аспан астындағы ұлттық көрме» алаңы жасақталды. 13 кәсіпкер (оның екеуі көпбалалы ана — ред.) «Фуд-корд» алаңына өз өнімдерін қойды.
***
Этнофестивальден шыққан ақтөбеліктер «Қазақ халқына мың алғыс» стеласына қарай ағылды. Бұл жерде жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қолдау мақсатында «Күшіміз бірлікте» атты гала-концерт өтті.
Іс-шараға ақтөбелік өнерпаздармен қатар, республикаға белгілі қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысты. Қала тұрғындарымен қонақтары үшін Sadraddin, Мархаба Сәби, Мәдина Сәдуақасова, Еркеш Хасен, Аллаберген Жақсыбаевтың, Әлішер Кәрімов секілді елімізге танымал әншілер тегін концерт берді.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.