Алғашқы жылдар жаңғырығы
ХІХ ғасырдың 60-жылдарының соңы әлем бөлініске түсіп, өздерін «өркениет» иелеріне балаған жұрттардың араны ашылып, ал «артта қалған» елдердің төбесіне қара бұлт үйіріліп тұрған кез еді.
Ресей империясы бұл уақытта қазақ даласының төрт бұрышына да бекіп алған болатын. Бір кездегі шағын ғана Жайық бекінісі Орал атанып, ресми құжатпен сол заманғы үлкен қалалардың қатарынақосылған. Солтүстікте 1830 жылы Ақмола бекінісінің іргесі қаланды.1837-1847 жылдар аралығындағы Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісі тұсында да біздің өңірге Ырғыз бекінісі (1845 жыл) салыныпты. Жетісу жеріндегі Қапал бекінісінің іргесінказактар 1847 жылы қалапты. Және бұл тізімнің тек аз ғана мысал екені түсінікті.
1867-1868 жылдары бекітілген уақытша ережелер қазақ халқының саяси тәуелсіздігінен айырылып, біржола отар елге айналғанын айғақтайтын құжаттар еді. Бүкіл қазақ жері Ресей империясының мемлекеттік меншігі деп жарияланып, қазақтарға «қоғамдық пайдалануға» берілді. Қазақ жері үшке: Батыс Сібір (орталығы — Омбы), Түркістан (орталығы— Ташкент) және Орынбор (орталығы—Орынбор) генерал-губернаторлықтарына бөлінді. Кейінірек Маңғыстау приставтығы Кавказ әскери округінің, ал Бөкей Ордасы Астрахан губерниясының құрамына енді. Орынбор генерал-губернаторлығына жаңадан құрылған екі облыс қаратылды: бұлар — Торғай және Орал облыстары.
Торғай облысының орталығы Орынборда орналасты, ал бірінші басшысы — әскери губернаторы — Ресейдің Қытайдағы бұрынғы елшісі, 1866 жылы императордың жанында жүретін нөкерлерінің қатарына қабылданған әккі саясатшы Лев Баллюзек болатын. Өмірбаянына үңілсек, Баллюзек 1822 жылы Германияның оңтүстік-батысындағы, герман-француз шекарасына таяу Карлсруэ қаласында туған. Патша әскерінің қатарына 21 жасында алыныпты. 1861-1863 жылдары Ресейдің Қытайдағы ең алғашқы елшісі болған. Осы тұста ол ағылшын, француз өкілдерімен бірге АҚШ елшісімен Қытайды саяси процестерге тең дәрежеде қатыстыру жөнінде келіссөздер жүргізген. 1865 жылы Орынбор облыстық қырғыз (қазақ) басқармасының бастығы болып тағайындалып, жаңа қызметке, яғни қазақтарды бағындыру ісіне кіріседі.
1869 жылы осы Баллюзекке қазіргі Ақтөбенің орнында жаңа бекініс салу тапсырылған. Бұл тапсырманы барынша шұғыл орындауға тиіс еді. Сондықтан наурыз айының аяғында-ақ бұл жерге екі артиллериялық қару сүйреген, екі жүз казагы бар отряд келіп жетті. Олардың бастаушысы — Орынбор казак әскерінің подполковнигі Петр Круторожин. Ол бекіністің орнын нақты белгілеп, жергілікті қазақтардың басшылары — Арынғазиевтермен кездесіп, әскери губернатордың шақыртуын жеткізеді. Бірақ Арынғазиевтер Орынборға аттана қоймайды.9 мамырда екінші отрядты бастап граф Борх келеді. Оның отрядының құрамында Орынбор казак батальонының екі ротасы, тағы да 100 казак болған, өздерімен қоса 14 артиллериялық қару ала келген.
Жаңа бекіністі салудағы мақсатқа тоқталсақ, тарих ғылымдарының докторы Бибігүл Әбенованың «Ресей империясының Орынбор өлкесіндегі аймақтық саясаты» атты еңбегінде ол тұста Орынбордан Ембі постына дейін 459 шақырым қашықтықта орыс бекінісі болмағаны көрсетілген. 1869 жылғы көтеріліс кезінде, тарихшы атап өткендей: «Отарлаушы әкімшілік «тек көтерілісті басу үшін ғана емес, болашақта оны болдырмау үшін қажет аса маңызды шаралардың бірі» ретінде Ақтөбе және Ойыл бекіністерінің негізін қалады. Ақтөбе бекінісінің құрылысына (1869 жыл, мамыр) полковник граф Борх, ал Ойыл бекінісінің құрылысына (маусым, шілде) барон фон Штемпель басшылық етті. Сөйтіп, Орал, Торғай даласындағы моншақтай тізілген әскери бекіністер қатарына тағы екі бекініс қосылды».
Торғай облысының әскери губернаторы Баллюзек те Борх отрядымен бірге келіпті. Баллюзек сұлтан әулетінің өкілдерімен кездесіп, кейін Санкт-Петербургке жіберген есебінде Арынғазиевтерді «сенімсіз» санайтынын жеткізген.
Айта кетейік, Юрий Борх та — арғы аталары оңтүстік Италиядан — Германияға, одан Левонияға (Балтық жағалауындағы тарихи облыс) көшіп, яғни Еуропаны шарлап шығып, Ресейге кейіннен келген әулеттің өкілі. Борхтың өз есімі Ресей тарихына Ақтөбе бекінісінің негізін қалаушы ретінде жазылыпты.
Ал Арынғазы әулеті— Қазақ хандығын құрған Жәнібек ханның Жәдік сұлтаннан тарайтын ұрпақтары. Қазақтың бергі билеушілері — Шығай, Тәуекел, Есім, ІІ Жәнібек, Салқам Жәңгір, әз Тәуке, Абылай, т.б. хандар осы Жәдік әулетінен шыққаны белгілі. Оның ішінде Арынғазы әулетіншежіре Есім ханнан таратады. Арынғазының (1783-1833 жж.) артындағы баласы жалғыз болғандықтан ба, Калугаға жер аударылып, сүйегі жат өлкеде қалған ханның атын ұмыттырмау үшін кейбір бауырларының балалары да осы есімді өз тегіне алып, бір әулетке біріккен. Патша өкіметі орныққанға дейін олар Ақтөбе жерін қоныс еткен. Жалпы, өзен-көлі көп, өте-мөте шұрайлы бұл жер Ноғай Ордасы (Алтыұл Ордасы) мен Қазақ хандығы тұсында билеуші әулеттердің жайлауы болған.
Ел аузындағы деректерге сай, бекініс іргесі қаланған екі төбеде Ноғай Ордасын құрған әулеттің өкілдері жерленген. Бекініс құрылысы басталарда, жергілікті тұрғындар олардың сүйектерін қазып алып, Жылантөбеге (ол да қазіргі қала аумағында) апарып қойған деседі. Алайда бұл ауызша деректің өтірік-расына қатысты әзірге мамандар тарапынан пікір айтылған жоқ.
Бұл — сармат, ғұн дәуіріне тән көне қорғандарға да толы киелі жер. Бергі түркі-қыпшақ заманында да бос жатпаған. Бұның бір айғағы — 2020 жылы Жіңішке өзенінің бойынан табылған көне мүсінтас. Мамандар оны түркі-қыпшақ дәуірінің ескерткіші деп болжады.
Бұл жердің 1869 жылға дейінгі тарихына қатысты тағы бір дерек — Сырым Датұлы көтерілісінің (1783-1797 жж.) бастапқы кезеңінде, 1785 жылы қыркүйекте Жіңішке өзенінің бойында Батыс аймақты мекен еткен рулардың ақсақалдары, батыр-билері бас қосып, құрылтай өткізген. «Халық кеңесі» аталған құрылтайдың дерегін белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Тар кезең» романын жазу барысында Сырым Датұлы мен оның заманындағы оқиғаларға қатысты мәліметтерді жылдар бойы архив аралай жүріп жинаған Қажығали Мұханбетқалиұлы жеткізген. 2020 жылы ол жерге «Халық кеңесі» ескерткіш-белгісі қойылды.
Федор және Юрий Тарасенколардың Ақтөбе қаласының тарихына арналған «Қала. Жылдар. Адамдар. Өмір» атты кітабында Борхқа еріп келген солдаттың жиен немересі Евгения Голубеваның естелігі бар. Осында айтылғандай, жаңа бекіністің құрылысына байланысты екі аптаға келген әскери губернатор Баллюзек көп уақытын аңшылықпен өткізіпті. Аңшылық кезінде 6 қасқыр, 10-нан астам түлкі, басқа да аңдар олжалаған.
Жазба деректер бойынша жергілікті халық алғашында оларға қарсылық көрсетпей, тіпті екінші отряд келгеннен кейін үйлерін жығып, Орал облысына қарай көшіп кеткен. Ол кезде қазіргі біздің өңірдің біраз жері Орал облысының аумағында болғанын,1869 жылы бұл облыста үлкен толқулар өткенін ескерсек, сонымен қатар Хамза Есенжановтың «Жүнісовтер трагедиясы» романында Бақытжан Қаратаевтың Ақтөбеге келген Сәкенге (ақын Сәкен Сейфуллин) Жем бойындағы 1869 жылғы көтеріліс жайлы баяндайтынын еске алсақ, болашақ бекініс маңынан көшкен жұрт соларға барып қосылуды көздеді ме екен деген де ой келеді. Әйткенмен, бұл жорамал ғана.
Жұрт басқа жаққа көшіп бара жатқанда аз тобы оларға ілеспей қалады. Бұлар — Арынғазиевтерге қарасты ауылдар менАйжарық Бекбауов басшылық еткен топ. Баллюзек Електің сол жағына белгіленген бекіністі айналдыра 8-10 шақырым радиустегі аумақты болашақ қалаға тиесілі деп мәлімдеп, Електің оң жағын Арынғазиевтерге қалдырады. Кейбір деректер бойынша, бекініске тікелей шабуыл жасалмай, тек Бестамақ тұсында Круторожиннің казактары мен Айжарық Бекбауов тобы арасында қақтығыс болып, қазақтар жеңіліс тапқан.
Бастапқы жылдары бекіністе әскерилер ғана болған. Тарихшы ғалымдар Г.Сұлтанғалиева мен Г.Көбенованың деректері бойынша, алғашқы бес тұрғын үй 1878 жылы салынған: бұлардың екеуі — әскери қызметі аяқталған соң, осында қалуды шешкен офицерлердің, үшеуі — көпестердің үйі. Алғашқы Гарнизон, Крепость көшелері де сол кезде пайда болған. Осы жылы көктемде Воронеж губерниясынан 9 үй, келесі жылы Ресей жағынан тағы 16 үй көшіп келген. Олар да көше түзе үй салып, жаңа көшеге «Старожитель» атауы берілген.
Тарасенколардың кітабында осы алғашқы қоныс аударушылардың бірінің қызы Е.М.Потудина (Мощенская)былай деп естелік жазады: «Бекіністің айналасындағы 8-10 шақырым радиустегі аумақ — қаланың, одан әрі қазақтың жері болатын. Бұлардың арасын екі қатар етіп жыртылған жер бөліп тұрды. Осы «шекараны» бұзып өтуге қатаң тыйым салынды. Қаланың жерінде көл өте көп болатын. Жамбыл көшесінің аяқ жағында, қалалық отын бөлімі ауданында екі көл болғаны есімде. Бірақ ең үлкен әрі балығы да мол көл — Кривое еді. Бұларды мен қайдан білемін? Өйткені әкем осында көшіп келгеннен бастап-ақ балық аулауға кірісті. Бұл оның сүйікті ісі болатын және бізді де қасына ертіп алатын».
Ал жергілікті қазақтардың одан арғытағдырына қатысты мәліметтің бірін жазушы Ғалым Ахмедовтің(1906-2002 жж.) бұдан 25 жыл бұрын қаланың 130 жылдығына орай «Ақтөбе» газетіне арнайы жолдағанестелігінен кезіктіреміз: «Ақтөбе жұрты мен ес білгенде (төңкеріске дейін) жартылай көшпелі еді. Қыста шымнан, байлары шикі кірпіштен қалаған үйде қыстайды, жаз шыға киіз үйлерін тігеді. Жан-жақта орыс поселкелері көбейгендіктен, жер тарылған, қыстаудан 4-5 шақырымнан әрі ұзап көше алмайды… Біздің ауыл Ақтөбеден жоғары Елек бойында болатын. Бала кезімде Ақтөбе мен Бестамақ станциясының арасы қалың ел, қаптаған мал болушы еді. Соғыстан кейінгі жылдары барғанымда, ескі молалар мен құлаған қоралардан басқа не бір жан, не бір мал көре алмай, жабығып қайттым. Көп адамдардан тұқым қалмаған, бірен-сарандарын қалада, теміржолда, басқа колхоздарда кездестірдім».
90-нан асқан қарт жазушы осы естелігінде төңкеріске дейін Ақтөбеде ат төбеліндей аз қазақ тұрғанын айтып, кейбірінің аты-жөнін де береді: Құдияр мен Қасым Арынғазиевтер, фельдшер Мұқай Топаев, Дайыр мен Мисалым Әлмұхаммедовтер, Жұмағали Қосмағамбетов, сондай-ақ базаршылар түсетін үй ұстаған 1-2 қазақ болыпты. Жазушы сөзінен түйгеніміз: Борхтың отряды келісімен Орал облысына қарай кеткен жергілікті қазақтар кейінөзқонысына оралып, көбейіп, қала іргесіне таяу отырған. Баяғы екі қатар жыртылған «шекара» сызығынан әрі өтіп, бірен-сараны қызметке орналасып, кейбірі баласын осында оқуға берген, сауда жасап, басқа да түрлі шаруалармен қатынап тұрған.
Индира ӨТЕМІС.