Су тасқыны

Мұғалжарлықтар қуанышы

Біз біргеміз!

Мұғалжар ауданында су тасқынынан зардап шеккен 42 отбасы баспаналы болды.

Аудан орталығы Қандыағаш қаласында өткен салтанатты іс-шарада Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов тұрғындарға баспана кілтін табыстап, жаңа қоныстарымен құттықтады.

— Көктемгі тасқын су мұғалжарлықтарды да біраз әбіргерге салды. Баспанасын су басып, алдындағы малынан айырылып қалғанымен аудан тұрғындары ауызбіршілігінен айныған жоқ. Соның арқасында бұл қиындықты да еңсердік. Осы бірлігіміз ешқашан ажырамасын, — деді аудан әкімі.

Бұл күні баспаналы болған 42 отбасы — көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Ембі қаласы, Жағабұлақ, Бірлік, Басшилі, Қаракөл ауылдарының тұрғындары. Жалпы сомасы  728 миллион теңгеге Болат Өтемұратов, «Қамқор Ақтөбе-2024» және «Dar Charity» қоғамдық қорлары арқылы үйлер сатып алынды.

Қолдарына жаңа баспананың кілтін ұстаған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Ауылдың үлкендері батасын беріп, ризашылықтарын білдіріп жатты.

— Тасқын судың салдарынан тұрып жатқан баспанам жарамсыз болып қалып, қатты уайымдаған едік. Бүгін, міне, Болат Өтемұратовтың қоғамдық қоры арқылы Қандыағаш қаласынан 6 бөлмелі үйдің кілтін алдым. Қуанышымда шек жоқ. Үйлі болуға атсалысқан барлық азаматтарға алғысым шексіз, — деді Бірлік ауылының тұрғыны Аймұхан Ахметов.

Салтанатты іс-шараның соңы мерекелік концертке ұласты.

Айта кетейік, Мұғалжар ауданы бойынша су тасқыны кезінде барлығы 76 үй мен 3 коммерциялық нысанға зақым келіп, 8 шаруа қожалығы шығынға ұшырады. Су тасқынынан зардап шеккендерге 26 миллион теңгеден астам біржолғы көмек көрсетілді.

Бүгінгі таңда тасқын кезінде су басқан Жағабұлақ ауылында 9 үй, Бірлік ауылында 5 үй салынып жатыр. Мұғалжар ауданы бойынша 7 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button