Демалыс күндеріндегі көңілді кеш
Мәдениет
«Айналдым, Ақтөбем!». Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің алаңында осындай тақырыпта ән кеші өтті. Мұндай іс-шара облыс орталығына қарасты барлық Мәдениет үйлерінің алаңдарында ұйымдастырылды.
Қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Бөбек Жанәділованың айтуынша, Мәдениет үйлерінің маңындағы ашық алаңда концерттік бағдарлама жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеді.
— Жыл сайын жаз мезгілінде сенбі, жексенбі күндері ұйымдастырылады. Мақсат — қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлау, олардың демалыс күндерінің көңілді өтуіне ықпал ету. Биылғы «Айналдым, Ақтөбем!» ән кеші сүйікті шаһарымыздың 155 жылдығына арнап өткізілуде. Бұл іс-шара барысында біздің Қалалық мәдениет үйіндегі 10 ұжымның бәрі өнер көрсетеді. Бүгін эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрі мен Мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашып, көрермендерді қуантып жатыр, — дейді Бөбек Жанәділова.
Сондай-ақ бұл күні Есет батыр ескерткішінің алаңында «Көңілді шоу» концерттік бағдарламасы өткізілді. Шара барысында «Геолог» мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, би биледі. Келген көрермендермен, балалармен ойындар ұйымдастырылып, сыйлықтар таратылды. Шараның соңы би кешімен жалғасты.
Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиеваның айтуынша, аталған мекемеге қарасты барлық Мәдениет үйлерінің алаңында демалыс күндері кешкілік халыққа концерттік бағдарлама ұсынылады.
Жексенбі күні Есет батыр атындағы ескерткіш алаңында «Сүйікті қаламыздың жазғы әуені» атты ашық аспан астындағы концерттік бағдарламасы өтті. Кеште халыққалалық қазақ зағиптар қоғамы Мәдениет үйі және қалалық қазақ саңыраулар қоғамы Мәдениет үйі өнерпаздарының өнерлерін тамашалады. Халықтық «Жалын» би ансамблі «Өзбек» биін биледі. Әнші Гүлшара Жалғасованың орындауындағы «Армансыз күнім болмайды», «Млечный путь» әндерін жұртшылық ықыласпен тыңдап, үлкен ілтипат көрсетті. Сондай-ақ Халықтық «Мы Вас любим» клоунада театры көрерменнің көңілін көтеріп, неше түрлі ойындар өткізді.
Сондай-ақ 23 маусым күні «Авиатор» саябағында Ақтөбе қаласының 155 жылдығына орай «Айналдым, Ақтөбем!» атты ашық аспан астындағы жазғы шығармашылық маусымының концерті өтті. Кеште Қалалық мәдениет үйінің жанындағы халықтық ұжым «Сұңқар» вокалды ансамблі өнер көрсетті.
Сонымен қатар Сазды, Нокин, Қурайлы мәдениет үйлері алаңдарында да ән кештері жоспарға сәйкес өткізіліп, барша мәдениет қызметкері халықтың көңілін көтерді.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.