Спорт

«Ақтөбенің» бір аптадағы үшінші ойыны

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Шахтер» — 1:0

22-23 маусым күндері 12-тур ойындары өтті.

Бір қызығы, бұл турда алаң иелері тіпті де басымдық көрсете алмады. Үш команда ұтылды, екі команда тең ойынмен қанағаттанды. Тек «Ақтөбе» ғана жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Шахтерді» қабылдады.

Қарағандылықтар биыл қайта-қайта сүрінумен болды. Сөйтіп, турнир кестесінде ең соңғы орынға түсіп қалды. Сол себепті жанкүйерлеріміз бұл ойында жеңіске жететінімізге, негізінен, сенімді болды. Ұлттық құрамамыздың бұрынғы ойыншысы, чемпионатымыздың екі мәрте жеңімпазы, Қазақстан кубогының иегері Павел Евтеев те «Спорт кз» интернет-порталына берген сұхбатында: «Бұл ойынның фавориті белгілі. «Ақтөбе» үш ұпай алуы керек. Дегенмен «Шахтердің» соңғы ойындарда ұпайды оңай ұстата салмай жүргенін ұмытпау керек», — деді.

Сәті түскенде жанкүйерлеріміздің үміті де, футбол маманының сенімі де ақталды.

Дегенмен, расында да, «Шахтер» үш ұпайды оңай ұстата салған жоқ.

Енді ойын барысына келсек, «Ақтөбе», әрине, бірден шабуылға көшті. Бірақ ойынның дәл осылай басталатындығына күмәні болмаған қарағандылықтар дес бермей қойды. Алаң иелерінің алғашқы қарқыны бәсеңдеген соң олар да қарсы шабуылдар ұйымдастыра бастады. Ал бір аптаның ішінде осымен үшінші кездесу өткізіп жатқан ақтөбеліктердің тізгінді бірден біржола қолға ала алмауы заңды да еді. Не болғанда да, бірінші таймда гол болмады.

Екінші таймда да шабуылшылар қақпалардың кілтін таба алмады. Біздің бапкер тайм басында  Струмия мен Бағдат Қайыровтың орнына Севальюс пен Дмитрий Бессмертныйды қосқанымен нәтиже шыға қоймады. Бірақ «алушыны аңдушы жеңеді» деген рас екен. 70-минутта Дорни Ромерео алаңның орта тұсынан Габи Кики тастаған пасты тамаша пайдаланып, қорғаушыларды алдап өтіп, қарағандылық қақпашыны қапы қалдырды, допты тура тоғыздыққа енгізді — 1:0.

Бұдан соң қонақтар есе қайтаруға тырысты. Дегенмен алаң иелері, соның ішінде қақпашы Игорь Шацкий де оларға ондай мүмкіндік берген жоқ.

Сөйтіп, жерлестеріміз кезекті жеңіске қол жеткізді.

Расын айтқанда, сырт алаңда осыдан сәл бұрын ғана екі кездесу өткізген жерлестеріміз бұл кездесуде жанкештілік көрсетті. Ойын уақытының 67 пайызында доп біздің жігіттердің аяғында жүрді. Соққы жасауда да (12-5), тура қақпаға бағыттап дәл соққы жасауда да (2:1), бұрыштама орындауда да (9-4) жерлестіріміз алда болды.

«Ақтөбе»-«Шахтер» — 1:0

Гол авторы: Дорни Ромеро, 70-минут (1:0)

Ескерту қағазын алғандар: Матео Барач, 53-минут, ​​​Бауыржан Байтана, 90+3 минут («Ақтөбе»), Филип Стаменкович, 33-минут, Айбар Абдулла, 42-минут, ​Алмас Төлубай, 44-минут («Шахтер»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий, қақпашы, Бағдат Қайыров (Дмитрий Бессмертный, 46-минут)​, Әлібек Қасым, Габи Кики, Матео Барач, Әділхан Таңжарықов (Богдан Вэтэжелу, 74-минут), Уче Агбо, Леонел Струмия (Хосе Севальос, 46-минут), ​Арман Кеңесов (​​​Бауыржан Байтана, 68-минут), Максим Самородов (Жан Жайро, 84-минут), Дорни Ромеро.

Бас бапкер — Дмитрий Парфенов.

23 маусым 2024 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы орталық стадион.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Қызылжар»-«Астана» — 0:1

«Жетісу»-«Қайсар» — 1:2

«Атырау»-«Тобыл» — 0:0

«Жеңіс»-«Ордабасы» — 1:3

«Тұран»-«Елімай» — 2:2

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 5 гол;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 4;

Габи Кики, қорғаушы — 2;

Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 1;

Матео Барач, қорғаушы — 1;

Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1;

Хосе Севальюс, жартылай қорғаушы — 1;

Жан Жайро, жартылай қорғаушы — 1.

Дорни Ромеро, жартылай қорғаушы — 1.

*   *   *

Жерлестеріміз 11 кездесу өткізіп, 6 рет жеңді, 4 рет тең ойнады, 1 рет жеңілді. Ұпай саны — 22. Доп айырмашылығы — 18-8.

*   *   *

Он бірінші турдан соң турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:

Алғашқы екі орында 22 ұпаймен бұрынғы екі команда қалды — «Ордабасы», «Ақтөбе».

3,4-орындарға келгендер: «Қайрат» (18 ұпай), «Елімай» (18 ұпай).

17 ұпаймен «Атырау» 5-орында тұр.

16 ұпайдан жинаған екі команда «Тобыл», «Қайсар» 6,7-орындарға келді.

8-9 орындарға 15 ұпайдан жинаған екі команда жайғасты — «Астана», «Жетісу».

10,11,12,13-орындарда төрт команда тұр: «Қызылжар» (10 ұпай), «Тұран» (9 ұпай), «Жеңіс» (8 ұпай), «Шахтер» (7 ұпай).

*   *   *

13-тур ойындары:

29 маусым, сенбі

«Қызылжар» — «Шахтер»

«Астана» — «Қайрат»

«Ордабасы» — «Қайсар»

30 маусым, жексенбі

«Елімай» — «Жетісу»

«АҚТӨБЕ» — «ТОБЫЛ»

1 шілде, дүйсенбі

«Тұран» — «Атырау»

*   *   *

«Ақтөбенің» жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов командамен қоштасты. Ол өз карьерасын енді Дания чемпионатында, «Силькеборг» командасында жалғастыратын болады. Бұл команда өткен жылы ұлттық біріншілікті алтыншы орынмен аяқтаған болатын. Ал Р.Оразовқа келер болсақ, биыл «Ақтөбе» сапында 9 кездесуге қатысқан ол қорғаныста шебер ойнап, бір нәтижелі пас берді.

*   *   *

Қазақстан кубогы үшін болған жартылай финал барысында «Елімай» командасымен кездесудегі тәртіпсіздіктері үшін біздің клубымызға айыппұлдар салынғаны хабарланды. 6 футболшысы ескерту қағазын алғаны үшін «Ақтөбеге» 50 АЕК айыппұл салынды. Екі футболшысы алаңнан қуылғаны үшін командамыз 50 АЕК айыппұлға және жығылды. Резервтегі төрешіге бөтелке лақтырғаны үшін бас бапкеріміздің ассистенті Дмитрий Столбиков 4 кездесуден шеттетілетін болды.

Ескерте кетсек, 19 маусымда «Ақтөбе» сырт алаңда «Елімаймен» өткізген кездесуінде жалпы есеп бойынша (3:2) финалға шыққан болатын.

Кубок үшін болатын ақырғы ойында жерлестеріміз «Атырау» клубымен күш сынасады. Ал бұған дейін жерлестеріміз «Жетісу»(1/8 финал), «Ордабасы» (1/4 финал) командаларын жеңген болатын.

*   *   *

Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Германия, Швейцария, Испания, Португалия топтық кезеңнен плей-офф кезеңіне шықты. Ал толық тізім 26 маусымдағы ойындардан соң белгілі болады. Плей-офф кезеңіне өз топтарында 1,2-орын алған құрамалар және 3-орын алғандардың ішінен үздік көрсеткіші бар төрт құрама шығады.

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button