Жаңалықтар

Бәрінен де су мен топырақ маңызды

Экология

Алға қаласында өткен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Жомарт Әлиевпен кездесу, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдау кезінде тұрғындар Ақтөбе ауасының күкіртті сутегімен ластануы, Елек өзенін тазалау, Көкжиде су қорын сақтау, Алға көшелеріндегі шаңның зияны және басқа да мәселелерді қозғады. 

Вице-министрдің облысқа сапары «Еститін үкімет» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған. Өнеркәсіпті өңірдеэкологиялық ахуалға қатысты проблемалар аз емес. Бұл Алғада өткен кездесу кезінде де айқын сезілді.

Вице-министр Жомарт Әлиев алдымен Алға Мәдениет үйінде азаматтарды жеке мәселелер бойынша қабылдады. Қабылдауға келгендердің бірі — Қазына Жармағамбетова. Ол — Алға қаласының байырғы тұрғыны.

— Мен аудан орталығындағы Республика және Ақниязов көшелері тұрғындарының атынан келіп отырмын. Біздің көшеміз арқылы республикалық маңызы бар жол өтеді. Жолдың сапасынан ба, көк ала шаңнан көз ашпаймыз. Далаға кір жаю, кешкілік немерелермен аулада отыру сынды жұртқа үйреншікті жайттар біз үшін арманға айналды. Үйдің терезесін де аша алмаймыз. Әсіресе демікпемен ауыратын адамдарға қиын, — деді ол.

Вице-министр зейнеткердің бұл шағымына байланысты алдымен қаланы айналып өтетін жаңа жол салынып жатқанын, оған республикалық бюджеттен қаржы бөлінгенін айтты.

— Қала сыртымен өтетін жолдың құрылысы аяқталғаннан кейін ішкі жолдарға, оның ішінде сіздің көшеңізге де жөндеу жүргізіледі. Дегенмен нақ қазір бұл көшелердегі тұрғындардың жағдайын жеңілдетудің амалы — жолға әлсін-әлсін су шашып тұру. Осы жолды қарамағына алған мекеме күніне бірнеше рет су сеуіп тұрса, шаңды басуға септігі тиеді. Бұлай етпеген күнде оларға айыппұл салынуы керек, — дей келіп, Жомарт Әлиев жергілікті құзырлы органдарға аталған көшелерде сынама алып, ауа құрамын тексеруді тапсырды.

«Эко Достар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айна Әбілқасымова қабылдауға қатысу үшін облыс орталығынан арнайы келіпті. Ол бірнеше мәселені қатар көтерді. Қолындағы бума-бума қағаз өзі айтқан мәселелерге байланысты жинақталған құжаттар болып шықты.

Айна көтерген мәселенің бастысы— Ақтөбе қаласындағы ауаның күкіртті сутегімен ластануы. Оның айтуынша, ауада бұл газдың мөлшері тиісті деңгейден әлдеқайда жоғары, сондай-ақ оның көздері де әлі толық анықталмаған.

Айна Әбілқасымова күкіртті сутегінің көздерін нақты анықтау үшінорталықтан комиссия құруды, сонымен қатар бұл газды ауаға жіберер кезде тұрғындарға алдын ала хабарлауды жолға қоюды ұсынды.

Егер алдын ала біліп отырса, жұрт ең болмаса үйінің терезесін жауып алар еді, — деді ол.

Жомарт Әлиевтің пікірінше, бұл проблеманың негізгі себебі — инженерлік жүйелердің тозуы. Осыған байланысты ол бүгінде инженерлік жүйелердің  көнерген бөлігін біртіндеп алмастыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

Азаматтарды жеке қабылдаудан кейін вице-министр аудан тұрғындарымен, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер және БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, Алға ауданының әкімі Нұрбол Ержанов, бірқатар облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары қатысты.

Бұл жиында да көпшілік өздерін толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде сауалдар қойып, ой-пікірлерін жеткізді. Тұрғындар арасынан Марат Махамбетов, Зияш Меңбаев, Әгубай Әбішев, т.б. сөз сөйлеп, әңгіме, негізінен, Елек өзенін алты валентті хромнан тазалау; Алға химия зауытының орнында қалған қауіпті қалдықтарды жою; Алға қаласын су тасқынынан қорғау үшін салынған дамбаны бетондаумәселелері төңірегінде өрбіді.

Мұның ішінде бастапқы екеуі — кеңестік заманнан келе жатқан өзекті проблемалар. Кезінде КСРО билігі «өнеркәсіп алыбы» деп жалаулатқан Алға химия зауыты 1992 жылы өз жұмысын тоқтатты. Оның орнында 730 тонна химиялық қалдық қалды.

Вице-министр осы қалдықтарды жою мәселесінің 2017 жылы қолға алынғанына тоқталды.

Бұл мәселе — Кеңес Одағынан қалған «тарихи мұра». 2017 жылы химия зауыты орнындағы қалдықтарды жою бойынша жоба әзірлеу үшін 100 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұл іспен «Жасыл даму» акционерлік қоғамы айналысты. Жоба әзірленіп, қоғамдық тыңдауда халыққа да таныстырылды. Дегенмен іс соңына дейін жеткізілмеді. Енді бұл жобаны қайта қарап, қайта зерттеулер жүргізу керек, өйткені 2017 жылдан бері өзгерістер болды, — деді Жомарт Әлиев.

Жобаның аяқсыз қалуының бір себебі — қоғамдық бірлестіктер тарапынан күдіктер туындап, іс Жоғарғы Сотқа дейін жеткен. Мұның бәрі уақыт алып, ақырында бүгінде жобаны қайта қарау қажеттігі туындап отыр.

Кезінде Алға химия зауыты және басқа да өнеркәсіп орындарының қалдықтары Елек өзеніне төгілді. Електің ластануы да ондаған жылдардан бері шешілмей келе жатқан проблема. Бұған орай зерттеушілер пікірі екіге жарылып отыр: бірі өзенді тазалаудың түрлі жолдарын ұсынса, екіншілері ағын су өздігінен тазару қабілетіне ие болғандықтан, өзен су бірте-бірте өзі тазарады деген пікірді алға тартып отыр.

Алға қаласын су тасқынынан қорғау мақсатымен салынған дамбыны 3 шақырым қашықтықта бетондау, Тамды ауылындағы дамбыны жөндеу мәселелері де күн тәртібінде өткір тұр.

Биыл халық пен жергілікті билік бірлесе қимылдап, 300 қапшық құмды дер уақытында тасып, орналастырдық. Әйтпеген күнде Алға қаласына да су кірер ме еді, — деді тұрғындардың бірі.

Қарақобда ауылының байырғы тұрғыны Зияш Меңбаев осы ауыл аттас өзеннің тағдырына алаңдайтынын жеткізді.

— Қамыс қалың өссе, өзеннің ағысы баяулайды. Бұлақтар да аршылмайды. Оның үстіне өзен бойына жағалай орналасқан шаруашылықтар бөгеттер жасап алған. Қазір өзеннің суы тізеден де келмейді. Өзендердің тағдырын қолға алатын уақыт жетті, — деді ол.

Ардагерлер жағы Көкжиде су қорын сақтау мәселесін де көтерді. Қариялар:

Бүгінде Құндақтырдың суын пайдаланып отырғанымызға 50 жылға таяды. Оның су қоры азайды. Енді келешек ұрпақты ойласақ, Көкжидені қорғау керек, — десіп, бәрінен де су мен топырақ маңызды екенін еске салды.

Бұл мәселеге орай облыс әкімінің орынбасары жауап берді:

Ол өңірде бірнеше мұнай компаниясы еңбек етіп жатыр. Олардың жұмысын бірден тоқтату жүздеген адамның, яғни өз жерлестеріміздің тағдырына әсер етеді. Сондықтан, Президент тапсырмасына сай,мұнай өндіру жұмыстарыалдағы аз жылда бірте-бірте тоқтатылады. Ал Көкжиде суының құрамы тұрақты түрде тексеріліп отыр, — дедіҒалымжан Елеуов.

Жиын соңынан вице-министр БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button