Әнші Арайлым
«Ойылдың ерке қызымын». Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында осындай атаумен Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалінің иегері, республикалық конкурстардың лауреаты, әнші Арайлым Мырзабекованың жеке ән кеші өтті.
Концертке әнші Арайлым Абатқызының өнерін жоғары бағалайтын жұрт жиналды. Кеш шымылдығы «Қазақтың қызы» әнімен ашылды. «Жаныма кел» бейнебаянының тұсауы кесілді. Кеш соңында тұсауы кесілген «Ойылдың ерке қызымын» әнін жұртшылық жылы қабылдады.
Арайлым Мырзабекованың өнерде жүргеніне биыл — 25 жыл. Бала кезден өнерге құштар болып өскен Арайлым оқушы кезінде-ақ түрлі өнер байқауларына белсене қатысты.
— Әкем Абат өнерлі кісі болған. Әншілік қабілет әкемнен дарыған. Өкінішке қарай, әкем өмірден ерте озды. Ол кезде мен 6 жаста болатынмын. Ата-әжемнің еркесі болдым. 1993 жылы 9-сыныпты бітірген соң Ақтөбе педагогикалық колледжінің музыка мамандығына оқуға түсіп, үздік бітірдім. Бұдан кейін арман қуып Алматыға жол тарттым. Консерваторияға түсуге ниеттенген едім, дегенмен нағашым райымнан қайтарды. Ол кезде жаңадан ашылғанына көп уақыт болмаған Орталық Азия университетінің беделі мықты болатын. Нағашым сол оқу орнының халықаралық қатынастар мамандығына құжат тапсыруға кеңес берді.
Үлкен кісінің сөзін жерге тастамай, аталған университетке құжат тапсыратын болдым. Сөйтіп, құжат тапсырмақшы болып барғанда оқу орнының Ақтөбеде филиалы ашылғанын білдік. Мұны естіген анам қуанып кетті: «Елде оқырсың, қызым» деді. Ана сөзі, әрине, талқыланбайды ғой. Содан құжаттарымды арқалап, Ақтөбеме келіп, Орталық Азия университетінің құқықтану факультетіне оқуға қабылдандым.
3-курста оқып жүргенде тұрмысқа шықтым. «Екі езу» сатиралық театрында қызмет істедім. Мамандығым бойынша құқық қорғау саласында жұмыс істедім. Дегенмен бұл салаға өзімді жат сезіндім. Жұмысымды жаным қаламаған соң кетіп тындым. Өнерімді бағалаған халық тойға жиі шақыратын болды. Кішкентай қызымды алып, тойларға бартынмын. Елдің ортасына шығып, ән айтып, үйге үлкен күш-қуат алып қайтатынмын. Жолдасым Ғабит әр кез маған қолдау білдірді. Алматыдан музыкалық жабдық сатып алып, өнер әлеміне біржола бет бұрдым. Жұбанов университетінің кәсіби шығармашылық факультетін бітіріп, той ұйымдастыру орталығын аштық. Ауылдарды аралап концерт қойдым. Алғашқы гастрольдік сапарымды туған жерім Ойыл ауданынан бастадым. Саралжын ауылдық округінің сол кездегі әкімі Абат Мүбараков қолқалап ауылға шақырғасын бір күнде 4-5 ауылды аралап, «Елге сәлем» атты жеке концертімді бердім.
Кейін Қобдаға шақырту алдым. Мұнда да халықтың ыстық ықыласына бөленіп, батасын алдым, — дейді Арайлым Абатқызы.
Бұдан 3 жыл бұрын Арайлым Ақтөбе қаласында «Арайлым» өнер мектебін ашты. Қазір облыс орталығының екі шағын ауданында екі өнер мектебі бар. Бұл қосымша білім беру ұйымдары «Darabala» арқылы мемлекеттік тапсырыс бойынша бала қабылдайды. Студенттер сарайында мектептің 1 жылдығына арналып әдемі кеш ұйымдастырылыпты.
Арайлым жолдасы Ғабит екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр.
— Өнерде де, өмірде де жолдасым Ғабит екеуміз балаларымызды кішкентай кезінен өнерге баулыдық. Біз құрған «Мырзагереевтер» отбасылық ансамблі күні кеше халықтық атағына ие болды, — дейді әнші.
Іңкәр АЛТАЙ.