Мәдениет

Филармониядағы өнер түні

Осындай атаумен Ақтөбе қаласының 155 жылдығы және Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 80 жылдығына орай Өнер орталығында шоу-бағдарлама ұйымдастырылды.

Мақсат — қала тұрғындарына өнер саласындағы жетістіктерді және шығармашылық ұжымның өткені мен бүгіні туралы толық таныстыру. Алғаш рет өткізіліп отырған жоба аясында Jamm session, экскурсия, фотозона алаңдары және шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары Өнер орталығының ішін аралап, осы алаңдарда суретке түсті, шеберлік сағаттарына қатысып,шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ филармония жұлдыздары  «Үздіктердің үздігі» гала-концертін қойды. Өңірге танымал әншілер мен күйшілер өнер көрсетті. Әсіресе отшашу келушілерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Өнер орталығы бір кеште өнердің нағыз орталығына айналды деуге болады. Кескіндеме, музыка, мүсін жасау, хореография бойынша шеберлік сағаттары және  цирк өнері келушілердің шығармашылыққа деген қызығушылығын оятты. Яғни өнер адамдарының барлығы бір орталыққа бірікті. Жалпы жобаны өткізудегі мақсат — өскелең ұрпақтың өз қызығушылығын табатындай іс-шара жасау. Келушілер музыкалық аспаптармен әртүрлі әуенді ойнап көруге тырысты, шеберлік сағаттарына қатысты. Шыны керек, өзіміз де көп нәрсені көңілге түйдік. Тұрғындар іс-шараның өте жоғары деңгейде өткенін айтып жатыр. Біз үшін бұл — үлкен қуаныш, — деді филармония директоры Дина Ниязова.

Сондай-ақ сұлулық индустриясы бойынша да шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Визажист Әйгерім Алғарқызы әйелдерге макияж жасаудың қыр-сырын үйретсе, шаш өру бойынша танымал стилистер шашқа қалай күтім жасау керектігін айтты. Стилист Шолпан Мұханова мәдени іс-шараларға барғанда дресс-кодты қалай таңдау керектігін айтып, өз стилін қалыптастыру жолдарымен бөлісті. Жалпы филармониядағы өнер түніне келгендер ерекше көңіл күймен тарқасты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button