Білім

Балдырған

Жасыл әлем

Қара судың сұлуы

Біздің өзендеріміз бен тоғандарымызда бір-біріне өте ұқсас, тамаша екі өсімдік — тұғиықтың екі түрі өседі: ақ тұңғиық және сары тұңғиық.

Бұл екеуінің жапырақтары әрі үлкен, әрі ауыр, тамыр сабақтары өте ұқсас болып келеді. Сондықтан ғалымдар тіпті бұлардың екеуін де «нимфа» деп атап, тек ақ тұңғиықты   — «ақ нимфа»,  ал сары тұңғиықты «сары нимфа» деп атаған. Гүлдеп біткен соң олардың күңгірт жасыл жемісі — дүңгіршектері қалады. Бұлардың ішінде тұқым сақталады.

Көктем аяқталып, жаз жақындағанда су бетінде тұңғиықтың да алғашқы жасыл жапырақ-табақшалары пайда болады. Оларды бақыласаңдар — жапырақтардың соңынан іле-шала жасыл түсті тығыз гүл түйнектерінің өсіп келе жатқанын байқайсыңдар. Шамалы күтсеңдер — бір күні таңертең халық арасында су лалагүлі деп аталатын ақ тұңғиықтың алғашқы гүл жарғанын көресіңдер. Гүлдің жасыл тостағанша жапырақшалары жан-жағына қарай жайылады да, одан соң бірінші, екінші, үшінші ақ күлте жапырақшалары ертегідегіше баяу гүл жарады. Гүл тұңғиық қара судың бетінде өте әсем болып көрінеді, осыған қарап, ескі аңызда айтылатындай, бұл гүлдің бір заманда ғажайып нимфа-бойжеткен қыз болғанын елестететісің.

Күз түскенде ескі жапырақ-табақшалар су түбіне шөгеді. Ақ лалагүл мен сыра тұңғиықтан тек қоңыр түсті жеміс — дүңгіршектер ғана қалады. Оларды жел мен толқын айдап әкетеді. Дүңгіршектер қақырап ашылып, оның ішіндегі тұқымдары су бетінде қалқып жүреді. Оның тұқымын құс, су мен жел басқа жаққа таратады. Сөйтіп, басқа бір өзен немесе көл бетінде жаңадан әсем тұңғиық гүлі шешек атады.

Табиғат

Ызғарлы шақ

 

Қоңыр күз келді. Айнала сары түске боялып, ерекше күйге ауысты.

Өткір суық жел арық малды, жұқа киімдіні қыса бастады. Жұрт күземін жинап, киізін басып алды. Құстар жылы жаққа қарай ұша бастады. Қарлығаштар да көптен көрінбейді.

Мен демалыс күні кезекті қой кезекке шығып, қой бақтым. Қой бағып жүргенде мен табиғатты тамашаладым. Күн ызғарлы, суық болды. Жерде құрт-құмырсқалар азықтарын тасып, қысқа дайындалғандай еңбектеніп жатты. Құстар қаз-қатар тізіліп жылы жаққа қарай ұшты. Тышқандар болса, ін қазып, азық тасып, олар да әлектенді.

Қарбаласқан табиғаттың қызықтарын тамашалап отырғанда «Қыстың қамын жаз ойла» деген қазақ мақалы еріксіз есіме түсті.

 

Ідіріс ТАНАБАЕВ,

Қосарал  негізгі мектебінің оқушысы.

Байғанин ауданы.

Он дерек

…Қашан пайда болды?

Каталог (тауарларды поштамен салып жіберуге тапсырыс қабылдау үшін шығарылған иллюстрациялық прейскурант) — 1872 жыл, Аарон Монтгомери Уард, Америка Құрама Штаттары.

Кинетоскоп — 1891 жыл, Томас Алва Эдисон, Америка Құрама Штаттары.

Киноаппарат, кинематограф — 1895 жыл, ағайынды Луи Жан және Огюст Люмьерлер, Франция.

Кірпіш — біздің дәуірімізге дейінгі 6 мыңыншы жылдар шамасы, Палестина.

Клапан — біздің дәуірімізге дейінгі 224 жыл, Ктесибий, Египет (Александрия).

Кларнет — 1700 жыл, Дж. С. Деннер, Германия.

Кітап басу (терілген форма арқылы) — 1445 жыл, Иоганн Гутенберг, Германия.

Морзе коды («әліппесі») және хабарламаларды белгілер арқылы қабылдау мен жіберуге арналған электр магнитті телеграф аппараты —1837-1838 жылдар, Самюэл Финли Бриз Морзе, Америка Құрама Штаттары.

Синтетикалық тері — 1981 жыл, Иоаннис В.Яннэс, Джон Ф.Брэк, Америка Құрама Штаттары.

Доңғалақ — біздің дәуірімізге дейінгі 3500 жылдар шамасы, протоарийлер немесе шумерлер, Орта Азия немесе Месопотамия.

Оқушының өлеңі

Отаным

Анаң сенің — Отан,

Атаң сенің — Отан.

Бақытың да — Отан,

Жақұтың да — Отан.

 

Қымбат маған ән-жыры,

Қымбат маған таң нұры.

Қымбат маған бәрінен

Отанымның тағдыры.

 

Қымбат мөлдір суы да,

Терекке толы нуы да.

Шаттық боп бойды кернейді

Көтерілген көкке буы да.

Диляра БАХТИЯРОВА,

Талдысай орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Тәуелсіздік

Тәуелсіздік!

Теңдесі жоқ тағылым,

Бұрын-соңды білмейтінмін мен оны,

Бодандықтан босаған соң таныдым.

 

Тәуелсіздік!

Тарихтан сыр шертеді,

Бала шақтан болашаққа ертегі

Тәуелсіздік таңы атып тұрса да,

Ойландырар қазағымның ертеңі.

 

Мың ғанибет тәуелсіздік таңына,

Қайран жұртым күтті сені сағына.

Тамылжыған Тәуелсіздік таңдары,

Жарқырай бер тағы, тағы, тағы да!

 

Ақдана АБЖЕТОВА,

Кеңқияқ орта мектебінің оқушысы.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button