Білім

Жүлдегерлер мен грант иегерлері марапатталды

Білім бәйгесі

Сейсенбіде облыстық әкімдікте оқушылардың республикалық олимпиадасы мен осы оқу жылындағы халықаралық ғылым-білім бәйгелерінен озып шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.

Облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов:

Ақтөбе облысы дарынды балаларға бай. Жыл сайын республикалық, халықаралық білім-ғылым бәйгелерінен біздің балалар озып келеді. Бүгін оқушыларды осындай жетістікке жеткізген, даярлаған ұстаздарын да шақырып отырмыз. Биыл бізде пәндік олимпиададан бірінші орын иегері  жоқ. Сондықтан да оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыра түсу керек. Ал грант иегерлері болуы екі есе қуаныш қой. Ендеше, республикалық олимпиада жүлдегерлері мен грант иегерлерін құттықтаймын! – деді.

Өткен аптада Ақтау қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасы өтті. Оған жалпы білім беретін пәндер бойынша барлығы 17 команда қатысты. Ақтөбе облысының құрама командасында Алматы қаласында жұмыстары іріктеу кезеңінен өткен 36 оқушы болды. Оның үшеуі – Алға, Мұғалжар аудандарының, 16-сы – қала мектептерінің, 17-сі – Ақтөбе қазақ-түрік лицейінің оқушылары.

Осылардың ішінде Алға ауданы Шибаевка орта мектебінің 10-сынып оқушысы Алексей Плаван орыс мектебіндегі қазақ тілі  секциясында әуелі қазақша мазмұндама жазып, одан соң сөйлемге тілдік талдау жасап, нәтижесінде екінші орынға ие болды. Алексейді даярлаған жетекшісі – Берік Оразов.

– Павлодарда өткен былтырғы олимпиадада төртінші орын алғанмын, ал биыл Ақтаудан үшінші орын иеленіп қайттым. ҰБТ-ға да дайындалып жатырмын, география пәніне басымдық берудемін. Бұйырса, Астананың жоғары оқу орындарына түссем бе деймін, – дейді №3 Қандыағаш орта мектебінің 11-сынып оқушысы Базарбек Қамысбаев.

Грант иегерлері арасынан қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы Бердіхан Сәтеновке екі бірдей жоғары оқу орнына грант беріліпті. .

Өз мектебінде пән мұғалімдерімен жұмыс істеп, әбден дайындалып, шыңдалған дарынды оқушыларды үлкен жарыстарға қосатын – «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығы.

Биыл Мәскеу облысы Протвино қаласында өткен Халықаралық «Компьютерлік физика» байқауының ХІІІ турнирінде ІІІ орынға ие болған Қазақстан құрама командасы сапында біздің де ақтөбелік оқушылар бар. Олар – балабақша ғимаратында орналасқан облыстық физика-математика мектеп-интернатының 11-сынып оқушылары Мұрат Сәрсенбаев пен Сидақ Әділжан, сондай-ақ Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектептің 11-сыныбында оқитын Әділет Нәбихан мен Қази Мәмбетов.

Жақында ғана Астана қаласында өткен «Ғылым әлемін ашамыз» атты V халықаралық конференцияға облыстан барлығы 8 оқушы қатысып, облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының 11-сынып оқушылары Тұрсын Мырзажанов пен Нұрым Ырысбеков жеңімпаз атанды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button