Су тасқыны

Табиғи апаттан зардап шеккендерге қоғамдық штаб мүшелері көмек көрсетуде

Қоғамдық штаб мүшелері үйлері су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар уақытша орналасқан орындарды аралады. Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары 7 орталыққа бекітілген.

Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева мен «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұлов Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжіне барып, уақытша тұру орындарда тұрып жатқан тұрғындардың жағдайын білді. Үйлері суға кеткен азаматтарды қандай мәселелер толғандыратынын, қандай көмек қажет екенін сұрады. Бұл жерде қазір 280-нен астам адам тұрып жатыр.

Арнайы кестеге сәйкес, бұл орталыққа облыстық мәслихат депутаттары Серік Алипов пен Бижан Қалмағанбетов, қалалық мәслихат депутаты Анар Даржанова бекітілген. Тұрғындар қандай  да бір сауалдары болса, осы депутаттардан көмек сұрауына болады.

Айта кетейік, облыста қоғамдық штаб өз жұмысын бастады. Басты мақсат – табиғи апат салдарынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету. Штаб туындаған мәселелерді шешу үшін қажет жағдайда мүдделі мемлекеттік органдар мен қаржы институттарын тартады.

Облыстық штаб Тургенев көшесі №86 мекенжайында «Амаnat» партиясының ғимаратында орналасқан. Ақтөбе қаласы мен облыстың төтенше жағдай жарияланған алты ауданында да штабтар құрылған.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button