Су тасқыны

Жер қойнауын игерушілер неге үнсіз?

Қоғамдық кеңес

15 сәуір күнгі мәлімет бойынша «Ақтөбе-Қамқор» қорына 504 миллион теңге жиналды. Бұл — негізінен қарапайым халықтан түскен қаражат. Осындай сын сағатта Ақтөбедегі ірі кәсіпорындар, жер қойнауын пайдаланушы кен орындары үнсіз қалып отыр. Өңір территориясындағы табиғи байлықты игеріп, игілігін көріп жатқан өндіріс орындары тарапынан белсенділік мүлде жоқ.

Қорға түскен қаражат үш бағытта жұмсалмақ. Біріншісі, ең негізгі бағыт — баспана мәселесін шешу. Екіншісіең қажетті тұрмыстық техникамен қамту.Үшіншісі мал шығынын өтеу. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің экология, жер қойнауын пайдалану, жер қатынастары және ауылшаруашылығы комиссиясы мен әлеуметтік-мәдени даму, білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі комиссияларының бірлескен кеңейтілген отырысында айтылды.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Олар: облыс және Ақтөбе қаласы аумағындағы су тасқынының қаупі бар нысандар мен елді мекендердің мәселелері және облыс аумағындағы су тасқынының зардаптарын жою мәселелері.

Алдымен облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы,азаматтық қорғау майоры Әлішер Сарбаев баяндама жасады.

Су тасқыны басталғалы бері облыс аумағында 1087 тұрғын үйді (Ақтөбе қаласы— 143, Темірауданы— 90, Ойыл ауданы— 339, Қобда ауданы— 288, Әйтеке би ауданы— 144, Мұғалжар ауданы— 64, Байғанин ауданы— 10, Шалқар ауданы— 4, Мәртөк ауданы— 4, Ырғыз— 1, олардың ішінде 79-ы су астында қалып отыр, 1008 үйден су қайтты), 52 ғимарат пен құрылысты, 852 саяжайды  су басты. 271 үй үйіндіге айналды. 94 үй апаттық жағдайда тұр.

Облыстағы автокөлік жолдарындағы 51 жол учаскесін су басып, су шайды. 5 автокөлік көпірі зақымдалды.Соның салдарынан бүгінге 10 елді мекен көлік қатынасынсыз қалып отыр. Бұл елді мекендер: Қобда ауданындағы —Сарыбұлақ, Жарық, Қоғалы, Соғалы, Көкүй,Ойыл ауданындағы —Қарасу, Ойыл ауылдары,Мұғалжар ауданындағы — Көктөбе ауылы,Әйтеке би ауданындағы Әйке ауылы және Ырғыз ауданындағы Нұра ауылы.

Су тасқыны кезінде Ойыл, Қобда, Ырғыз аудандарының қатынассыз қалған және жету қиын елді мекендеріне гуманитарлық көмекті (тамақ, дәрі-дәрмек, киім және тағы басқа) Қорғаныс министрлігі және Ұлттық ұлан тікұшақтарының, сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаменті жүзу құралдарының көмегімен жеткізілді.

6 сәуір күні 58012-әскери бөлімі (инженерлік бригада) Ойыл өзені арқылы уақытша понтон-көпір өткелін орнатты, ؅— деді Әлішер Сарбаев.

Қазір залалды анықтау жөніндегі комиссиялар жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты су басқан және қираған үйлер мен ғимарттардың саныөзгеруі мүмкін.

Жергілікті атқарушы органдар су тасқынынан зардап шеккен 441 отбасына 143 856 400 теңге көлемінде біржолғы көмек көрсетті.

Су тасқыны басталғалы бері барлығы 10 354 адам эвакуацияланды. Қауіпсіз жерге 20 124 малы айдалды. Мал шығыны —  3 232.

21 наурыздан бастап облыс бойынша еріген қар суын сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы 1 миллион 395 мың текше метрсу сорылды және айдалды. 170 мың 108 дана қапшық құм төселді және 357 мың 448 тонна инертті материалдар жеткізілді.

Жалпы су тасқыны кезінде 3140 адам, 664 бірлік техника, 292 мотопомпа, 85 жүзу құралдары, 7 тікұшақ жұмылдырылды, — деді Әлішер Сарбаев.

Сондай-ақ авариялық-құтқару жұмыстарына Қорғаныс министрлігі және Ұлттық ұлан әскери тікұшақтары, ТЖМ республикалық жедел-құтқару жасағы, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының ТЖД күштері мен құралдары қатысты.

Әлішер Сарбаев жиында су тасқынының себебі мен салдарына тоқталып, елді мекендерді су басуға жол бермеу және қаупін азайту мақсатында жасалуы қажет жұмыстар туралы айтты.

Ойыл ауданының Берсиев және Екпетал елді мекендерін көшіру жұмыстарын жүргізу қажет. Өйткені бұл ауылдар Ойыл өзенінің жайылмасында орналасқандықтан су тасқынынан қорғау мүмкін емес.

Су басу себептерінің бірі —жер бедерін ескермей, су арналарының бойынан тұрғын үй салуға жер бөлу. Ақтөбеге қарасты Жаңақоныс ауылының кейбір бөлігі, Қобда ауданында осындай қауіпті аумақтар бар. Тұрғын үй үшін жер бөлуге арналған комиссияның құрамында төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жоқ.

Жалпы, су басудың салдары да, себебі де көп. Мысалы, «Қазгидромет» облыстағы су қоймаларынанкелетін су көлемі туралы нақты ақпарат берген жоқ. Су олар берген деректен үш есе көп мөлшерде келді.

Өзекті мәселенің бірі, аудандар түгіл,облыс орталығында гидробекет жоқ. Песчанка мен Саздыда гидробекеттер орнатылмаған. Сазды су қоймасындағы тасқын кезінде Ақтөбе қаласындағы 11 және 12шағын аудандардың кейбір көшелерін су алып кетуі  —гидро бекеттің болмауының салдары. Бізде Қарғалы (Қарғалы елді мекені) мен Елек өзендерінде ғана гидробекет орнатылған. Ал облыстағы қалған су тасқыны қаупі басым 8 өзенде жүйелі түрде жұмыс жасайтын гидробекеттер жоқ. Мәселенің бір мәнісі осында,؅— деді Әлішер Сарбаев.

Бұдан кейін «Ақтөбе-Қамқор» қорының басшысы Абдухат Мырзалин аталған қордың жұмысы туралы айтты.

«Ақтөбе-Қамқор» қоры облыстық әкімдік және облыстық мәслихаттың бастамасымен құрылғаны белгілі. Мақсат — Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету.

Ақша аудару үшін банктік шот ашылды. Қор қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық бақылау ұйымдастырылды. Қор құрамында облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, қоғамдық белсенділер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бар.

Күн сайын қорға облыс тұрғындарынан және түрлі ұйымдардан көптеген өтініш түсіп жатыр.Олар зардап шеккен адамдарға қаржылай көмек көрсеткіс ікелетінін білдіріп, мүмкіндіктерінше қаржы аударуда. Қынжылтатыны, ірі кәсіпорындар, өндірі сорындары, кен өндірушілер болған жайға бейжай қарап отыр. Облыс аумағындағы жер қойнауын игеруші компаниялардың осындай қиын-қыстау кезде ел-жұртқа қолдау, сүйеу бола алмағандары өкінішті.

Қазір Ақтөбе және облыстың бес ауданында залалды анықтау жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатыр. Су тасқынынан зардап шеккендердің арасында жылжымайтын мүліктің иесі екенін растайтын құжаттары жоқ адамдар да бар.

Қорға түскен қаржы үш бағытта жұмсалмақ. Ең бірінші кезекте — баспана мәселесін шешуге көмектесу. Екіншісі, тоңазытқыш секілді аса қажет тұрмыстық техникамен қамту. Үшіншісі, мал шығынын өтеу. 

Көмекке мұқтаждар туралы ақпаратты залалды анықтау жөнінде құрылған арнайы комиссиялар беретін болады, — дейді Абдухат Мырзалин.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button