Су тасқыны

Ауылдар залалсыздандырылып, ауызсу тексерілді

Темір ауданы

Су тасқынына байланысты төтенше жағдай Темір ауданында да сақталып отыр. Аудан әкімдігі ұсынған соңғы мәліметтерге сүйенсек, мұндағы 91 тұрғын зардап шеккен.

— Аудан бойыншабарлығы 91 арыз түсті. Қазіргі таңда комиссия 54 үйге техникалық қадағалау жүргізіп, 7 үйге бағалау актісі әзірленді. 34 миллион теңге көлемінде шығын өтелді. Бұл қаражат көлемі әлі де өсуі мүмкін, зерделеу жұмыстары аяқталған жоқ.

Ал біржолғы әлеуметтік көмекке 82 отбасы ұсыным жолдады. Солардың арасынан 54 отбасына барлығы 19 миллион 936 мың теңге көлемінде берілді.

Мал шығынына келсек, 15 арыз қабылданды. Бұл бойынша төлемақы беру ісі осы аптаның соңында басталмақ, — дейді аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жайнагүл Жасақбаева.

Сондай-ақ су тасқыны залалын келтірген аудан орталығы — Шұбарқұдық кенті және Құмсай, Шитүбек ауылдарында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп басталған. Артынша сақтық шаралары аясында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының аудандық бөлімшесі  ауызсудың микробиологиялық және санитарлы-химиялық көрсеткіштерін тексеріпті. 19 су сынамасы гигиеналық талаптарға сай келетіні анықталған.

Сын сағатта «Қарекет» қоры аудан әкімдігіне 1 тіркемелі вагонды сыйға тартқанын айта кету керек. Бұл Шитүбек ауылына қойылыпты.

— Су тасқынына байланысты штаб әлі жұмыс істеп жатыр. Тұрғындар кез келген сұрақ бойынша8/1346/2-34-70, 2-36-56 телефон нөмірлеріне хабарласа алады, — жоғарыда аталған бөлім басшысы.

 Айәли АЙБЕК.

Темір ауданы.

 

 

Әйтеке би ауданы

39 ОТБАСЫ ӨТЕМАҚЫ АЛДЫ

Табиғи апаттан зардап шегіп, қиын жағдайға түскен Әйтеке би ауданының тұрғындарына өтемақы төлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Күні бүгінге дейін аудандағы 39 отбасы 32 172 700 мың теңге көлемінде өтемақы алған.

Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Орынбасардың айтуынша, аудандағы 123 үйді су басқан. Оның 97-сі — аудан орталығы Т.Жүргенов ауылында орналасқан.

— Темірбек Жүргенов ауылымен қатар, Құмқұдық, Талдысай, Әйке, Жамбыл және Қарабұтақ ауылындағы үйлерге де су кірді. Қазір аудандағы жағдай тұрақталып келеді. Тұрғындардан өтініштер қабылданып, шоттарына арнайы өтемақылар мен бір жолғы әлеуметтік төлемдер төленіп жатыр. Аудан бойынша 99 адамға бірреттік төлем берілді.Әйтеке би ауданы бойынша берілетін біржолғы әлеуметтік төлем көлемі — 300 мың теңге, — деген ол аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі сенбі, жексенбіге қарамай, демалыссыз жұмыс жасайтынын айтты.

Қара шаңырағын су басып, әбігерге түскендердің бірі — Т.Жүргенов ауылының тұрғыны Саматбек Сақтағанов. Күні кеше 300 мың теңге көлемінде біржолғы көмек алған ол әкімдік тарапынан жаңа үй салынып беретінін айтады.

23 жылдан бері осы үйде тұрамын. Биыл наурыздың 30-нан 31-іне қараған күні үйім суға кетті. Барлық жиған-тергенім бүлініп, пайдалануға келмей қалды. Аудан әкімінің өзі келіп, жағдаймен танысып кетті. Кейін комиссия келіп тексеріп, бұл үйде енді тұруға келмейтінін айтты. Енді үйдің салынуын күтіп отырмыз. Қиын кезде ауылдастардың жанынан табылған аудан әкімдігіндегі азаматтарға ризашылығымды білдіремін, — деді ол.

Айта кетейік,  бүгінгі таңда Әйтеке би аудандық ұлттық сараптама бөлімі су тасқынынан зардап шеккен үйлер мен аулаларға залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

А. МӘЛІКҚЫЗЫ.

Байғанин ауданы

 ТҰРҒЫНДАР БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Байғанин ауданындағы Қызылбұлақ ауылдық округіне қарасты Кемерши ауылында 11 тұрғынүй су тасқынының салдарынан қирап, апатты жағдайға ұшырады.Бұларнайы құрылған комиссияның шешімі.

Штаб мүшелерітиянақты тексеру жүргізіп, қорытындысында 11 үйдің алтауының қирағанын, қалған бесеуінде адам тұруға мүлде жарамсыз екенін анықтады.Тұрғындардың қажеттіліктері, өтініш-тілектері ескеріліп, акт жасалды. Бұдан кейін үйсіз қалған отбасылар ауылда бос тұрған үйлерді аралап, таңдап, сатып алу рәсімі жүргізілді. 11 тұрғын үй17 миллион 930 мыңтеңгеге бағаланды. Бұл қаражат демеушілер есебінен төленді. Сондай-ақ осы 11 отбасына және аудан орталығы — Қарауылкелдіде үйіне су кірген 10 отбасына Үкімет тарапынан 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленді. Жалпы 21 отбасына 7 753  200 теңгеберілді.

Тұрғындар атқарушы билік тарапынан жасалған қолдау, көмекке дән риза.

Іңкәр АЛТАЙ,

Байғанин ауданы.

Ырғыз ауданы

АУДАН ОРТАЛЫҒЫНА 894 АДАМ КӨШІРІЛДІ

Бүгінде Ырғыз ауданында Белшер, Құйылыс, Жайсаңбай елді мекендерін судан бөгеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осыған дейін Нұра және Мамыр ауылдарына су кіріп, жалпы саны 40-тан астам үйді су басқан. Бүгінде Нұра, Тәуіп ауылдық округінің елді мекендерінен жалпы саны 894 адам аудан орталығындағы эвакуациялық пункттерге көшірілді. Құйылыс ауылынан тұрғындарды көшіру жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр.

— Қазіргі таңда ауылдар арасына көліктер айналма жолдар арқылы қатынап жатыр. Нұрада үйлермен қатар, бір мектеп пен әкімшілік ғимаратын, клуб пен кітапхананы су басты. Су басқан үйлерді тексеру үшін арнайы комиссия алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізеді. Әзірге еріктілер, әскерилер суды бөгеу жұмыстарына жұмылдырылуда. Елді мекендерге азық-түлік, қажетті тұрмыстық заттар тікұшақпен тасылып жатыр, — дейді Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Асқар Уәли.

Бүгін Ырғыз ауданындағы тасқын кезінде су шайған Ырғыз-Нұра бағытындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолын қалыпқа келтіру жұмыстары басталды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, бұл жолдың жалпы ұзындығы — 90 шақырым. Аталған жол аудан орталығын Нұра ауылдық округіне қарасты Нұра, Мамыр, Белшер және Дүкен елді мекендерімен байланыстырады.

— Ырғыз-Нұра бағытындағы көтерме жол 1970-1975 жылдар аралығында салынған. Жолдың бойында екі көпір бар. Бүгін су тасқыны салдарынан шайылған осы жолды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Әрі қарай күрделі жөндеу жұмыстары талап етіледі. Оған арнайы комиссия акт жасақтап, жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, жөндеу жүргізілетін болады, — дейді басқарма басшысы.

Көктемгі су тасқынының салдарынан көтерме жолды бірнеше жерден су шаюына байланысты қазіргі таңда екі ортада уақытша жол қатынасы болмай отыр. Сонымен қатар Ырғыз ауылынан шығаберістегі көпірдің екі қапталын да аздап су шайған.

Д.АЙДАР.

Мұғалжар ауданы

КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ

Мұғалжар ауданы бойынша көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың тұрғын үйлері арнайы мамандар тарапынан техникалық сараптамадан өткізіліп, келтірілген шығын мөлшері есептеліп жатыр.

Биылғы тасқын судың екпіні қатты болып, Мұғалжар ауданы аумағындағы Жағабұлақ, Сағашилі, Басшилі, Бірлік, Қаракөл, Шеңгелши ауылдары мен Ембі қаласына зардабын тигізді. Тұрғындардың бірінің үйіне су кірсе, тағы бірінің техникасы су астында қалды, енді бірі малынан айрылды.

Аудан әкімі Дархан Ермағанбетов су тасыған ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесіп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тасқыннан зардап шеккендердің ешқайсысы көмексіз қалмайтынын айтты.

Материалдық шығынды есептейтін комиссияға Мұғалжар ауданының 83 тұрғынынан өтініш келіп түскен. Оның ішінде 35 үй техникалық байқаудан өткізіліп, 5 үйге баға берілген. Аудандық бюджеттен тасқыннан зардап шеккен 70 отбасының әрқайсысына 369 200 теңгеден барлығы 25 844 000 теңге біржолғы әлеуметтік төлем төленді. Ал аудан басшысы тұрғындармен кездесуінде тасқыннан зардап шеккен отбасылардыңсуға кеткен үйлері техникалық сараптамадан өткізіліп, келтірілген шығын мөлшері есептелген соң баспанамен қамтылатын да жеткізді.

Қазіргі таңда аудандағы ауыл шаруашылығы саласында тасқыннан кейінгі түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бауыржан Жолмағамбет бастаған арнайы жұмыс тобы Жағабұлақ ауылында болып, су тасқыны кезінде төрт түлік малынан айырылған тұрғындармен кездесті.Комиссия өкілдері тұрғындарға мал басы нақтыланса, өтемақы төленетіндігін жеткізді.

Жандос АЙТЖАНОВ,

Мұғалжар ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button