Басты жаңалықтар

Көктемгі егіске әзірлік қалай?

Бесқонақ өтісімен жерден несібесін айырып отырған дала еңбеккерлері үшін маңызды науқан — жерге тұқым себу басталады. Диқандар бұл іске білек сыбана кірісіп жатыр.

Биыл облыста көктемгі далалық жұмыстары қалай өтеді? Жылдағыға қарағанда нендей өзгешеліктер бар? Өткен жылы ойлаған көрсеткіштеріне қол жеткізе алмаған шаруалар үшін биылғы егіс науқанында қандай қиындық кездесуі мүмкін? Осы және өзге де сұрақтарымызға жауап іздеп көрген едік.

Сонымен…

Уақыт күттірмейтін шаруа

Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы — 756,5 мың гектар. 446,3 мың гектар жерге — дәнді, 62,2 гектарға — майлы, 11,2 мың гектарға картоп пен көкөніс-бақша дақылдарының дәні себілсе, 236,8 мың гектар аумаққа мал азығы егіледі.

Дәнді дақыл егісін қай кезден де көбірек салатын — Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау аудандары. Егістіктердің негізгі үлесі, яғни 76,2 пайызы осы аудандарда орналасқан. Өздеріңіз білетіндей, өткен жыл диқандар үшін қиындықтарға толы болды. Дегенмен жақсы нәтижеге қол жеткізген аудандар да бар. Облыс бойынша дәнді дақылдар түсімі гектарына 10,4 центнер болса, Қарғалы ауданындағы шаруалар 1 гектардан 14,7 центнер өнім алды. Қобда ауданы гектарынан — 11,8 центнер, ал Хромтау ауданы  11,7 центнер жинады, — деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының егіншілік және тұқым шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаев.

Бөлім басшысынан облыста тұқым мәселесі қалай шешіліп жатқанын да сұрағанбыз.

Биыл көктемгі егіске ауыл шаруашылығы дақылдарының 49,9 мың тонна тұқымы қажет, бүгінгі таңда соның 45,8 мың тоннасықамбағақұйылды.Егіс жұмыстары шамамен мамыр айының ортасында басталады. Оған дейін шаруашылықтарды тұқыммен толық көлемінде қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Бұған қатысты барлық мәселенің жауабы шешілді. Майлы дақылдардың тұқымы жеткілікті. Биыл 62,2 мың гектар алқапқа майлы дақыл егу жоспарланып отыр, — деп жауап берді.

Көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуде жанар-жағармай шешуші рөл атқаратыны белгілі. Сұхбат барысында Нұрбек Райымбаев шаруалар үшін жылда жанар-жағармайға жеңілдік қарастырылатынын айтты. Биыл да облысқа 7,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.

Шаруашылықтарға дизель отыны литрі 249 теңгеден беріледі. Бұл нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан. Бөлінген жанар-жағармай көлемі көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге толық жетеді, — деді ол.

Жоспар бойынша облыста көктемгі далалық жұмыстарын жүргізуге 1600 трактор, 100-ден астам егіс кешендері, 1300 тұқым себетін және 1600 жер өңдейтін техника жұмылдырылады.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ…»

 2021 жылы қуаңшылықтың салдарынан гектарына 5,2 центнерден өнім алған ақтөбелік шаруалар 2022 жылы соңғы отыз жылда болмаған астық жинап, оның көлемін 532 мың тоннаға жеткізген еді. Былтыр үміт ақталмады. Шығынға батқан дала еңбеккерлері үшін биылғы егіс науқанында қандай проблема тууы мүмкін?

— Біздің өңір тәуекелділігі жоғары егіншілік аймағына жатады. Сондықтан әр жылғы нәтиже әртүрлі. Былтыр толассыз жауған жауын салдарынан егінді толық жинап алуға мүмкіндік болмады. Өкінішке қарай, мамандар биыл жазда қуаңшылық болады деп болжап отыр. Бұл — әзірге болжам. Дегенмен қандай жағдайға да дайын болуымыз керек. Сондықтан сақтандыру шараларын қабылдау арқылы шығынды азайтуға болатынын айтқымыз келеді.Сақтандыру өнімдері өсімдік және мал шаруашылығында қатар жүреді.  Агроөнеркәсіптік кешендегі сақтандыру саласындағы оператор  — «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы.Шарт жасасудан бастап төлемдерге дейінгі барлық рәсім электронды платформада жүргізіледі. Барлығы автоматтандырылған, — деген бөлім басшысы биыл жазда шегірткелердің де таралу аумағының ұлғаюы мүмкін екенін айтты.

Үйірлі шегірткеден биыл да қауіп бар. Сондықтан облыс бойынша 784,4 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстарынжүргізу жоспарланып отыр. Бұл мәселе бойынша облыста және аудандарда арнайы  штабтар құрылды. Қазіргі уақытта биыл жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстарының жоспары бекітіліп, үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеуге қажетті құралдарды мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді ол.

Аудандағы ахуал

Биылғы көктем өңір жұртшылығын біраз әбіргерге салды. Облыстың 6 ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттық төтенше жағдай жарияланды. Олардың қатарында астықты өлке Әйтеке би ауданы да бар.

Әйтеке би — облыстағы егіс алқабы үлкен аудандардың бірі. Былтыр мұнда 164,7 мың гектар жерге егін егілген. Аудан бойынша 138,1 мың гектарға дәнді дақылдар алқабы егіліп, 94,5 мың тонна өнім алынды. Орташа түсім гектарына 8 центнерге жетті. 6,3 мың гектар алқаптан 2500 тонна майлы дақыл жиналды. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ақылбек Исатаев биыл егіс алқабының ұлғайғанын айтты.Биылғы егіс алқабы аумағы — 168,2 мың гектар.

Аудан аумағындағы егіс алқаптары әлі кепкен жоқ. Сондықтан ылғал жабу жұмыстарын сәуірдің соңғы аптасында бастауды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы бұл жұмыстар 25 сәуірде, дән себу жұмыстары 15 мамырда басталған болатын. Биыл да шамамен сол кезге барады. Қазір қамбада қажет тұқымның 90 пайызы дайын тұр. Жетпей тұрған өнім көлемін жабу үшін көршілес Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарымен және Ресей Федерациясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр, — деді бөлім басшысы.

Тұқым жетіспеушілігі мәселесі өзге аудандарда да бар. Мәселен, Ойыл ауданы бойынша биылғы көктемгі далалық жұмыстарына 36,6 тонна өнім жетіспейді. Ойыл аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Абат Мүбараков бұл мәселені Қарғалы ауданынан келетін өтеусіз көмектің нәтижесінде шешетіндерін айтты. Аудандағы су тасқынына байланысты Қарғалы ауданындағы «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ойылға 65 тонна тұқым береді.

— Аудандағы «Тәжібай-Агро», «Еңсеген», «Ақорын», «Спарта», «Көбек», «Орынша» секілді ірі шаруа қожалықтары су тасқыны болған округ аумақтарында орналасқан. Соның салдарынан қазіргі таңда көктемгі далалық жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай тұр. Жол қатынасы реттеліп, егіс алқаптары кепкен соң шаруалар бірден іске кіріседі, — деді Абат Мүбараков.

Оның айтуынша, биыл Ойыл ауданы бойынша 3640 гектар жерге тұқым шашылады.

P.S. Мақала дайындау барысында 1995 жылдан бері егін салып келе жатқан «Бұлақ» шаруа қожалығының басшысы Ақжол Дабыловқа хабарластық. Өткен жылы шаруаның 1200 гектарын киік жеп, 3 мың гектарға жуық алқабы ауа райының қолайсыздығынан шабылмай қалған. Шегірткенің шабуылы —бөлек әңгіме. Десе де жерден несібесін айырып отырған шаруа биыл 10 мың гектар алқапқа егін еккелі отыр. Диқан негізгі жұмысқа мамыр туғасын кірісетіндерін айтты.Барлық техникасын жаңартып алған. Қажетті тұқымы да жеткілікті.

…Қазақ «Көктемнің әр күні — жылға азық» деп бекер айтпаса керек-ті. Ақжол Дабылов секілді мыңдаған шаруаның алдында үлкен міндет тұр. Диқаншылардың негізгі мақсат-міндеті орындалып, еңбегі ақталғай!

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button