Басты жаңалықтар

«Көне ескерткіштерді тұрғызған халықтың бүгінгі ұрпағы, мұрагері — өзіміз»  

Кеше, 18 сәуір күні әлем жұртшылығы Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күнін атап өтті. Жұртшылық назарын ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау мәселелеріне аудару мақсатымен бұл мереке 1984 жылдан бері атап өтіліп келеді.Тарихи-мәдени мұраны қорғау —  өткен тарихқа деген құрметтің белгісі.

Осыған орай біз облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархат Досмұратовпен сұхбаттасқан едік…

Біздің аймақ жер көлемі жағынан еліміздегі ең үлкен облыс екені өздеріңізге белгілі. 306 мың шаршы шақырымнан астам аумақты алып жатқан өңіріміз — пайдалы қазбалар ғана емес, тарих және мәдениет ескерткіштеріне де бай өлке. Бүгінде облыс аумағында республикалық дәрежеде маңызы бар 9 ескерткіш, жергілікті дәрежеде маңызы бар 863 ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынған. Сондай-ақ 1430 ескерткіш қосымша тізімде тұр, — дейді Фархат Досмұратов.

—Ескерткіш тарихи-мәдени мұраның жалпы атауы екені белгілі. Егер осы ескерткіштерді түріне қарай жіктеп санар болсақ…

— Облыс аумағында қорғауға алынған ескерткіштердің дені — археологиялық ескерткіштер. Олардың саны — 669.  Сондай-ақ 58 монументтік өнер ескерткіші, 6 ансамбль, 43 киелі нысан бар.Ал қала құрылысы және сәулет ескерткіштеріне жататын нысандар саны — 87. Осы орайда қорғауға алынған ескерткіштер тізіміне2020-2023 жылдары өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін айта кеткім келеді. Атап айтқанда, Кердері Әбубәкір кесенесі, Нұрсейіт тамы, Жұмағали ишан және Жалмұхамбет ишанның кешендері, Нұрпейіс хазірет пен Бисен хазіреттің мешіттері, Сүлеймен ата мен Қазанғап күйшінің бейіттері мен Ойсылқара, Целинный қорымдары мен басқа да көне қорымдар, археологиялық қорғандар тізімге алынды.

— Мемлекеттік қорғауға алынған ескерткіштерді қорғау жұмыстары қалай жүргізіледі?

— Ең алдымен, мынаны айтқым келеді: көне ескерткіштерді тұрғызған халықтың бүгінгі ұрпағы, мұрагері — біз, олар тек біздің елімізге, біздің халқымызға ғана керек. Бұл ескерткіштерді қорғап, сақтап қалудың жауапкершілігі — баршамызға жүктелетін ортақ міндет.

Ескерткіштерді қорғау орталығының алдына қойылған міндеттердің ең маңыздысы және бірінші кезекте орындалуғатиіс іс — облыс аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жалпы санын, олардың нақты орналасқан орындарын анықтау, тізімін жасау мен құжаттарын ретке келтіру.

Елімізде тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау, зерттеу жұмыстары «Мәдениет туралы» және «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, пайдалану туралы» заңдарда көрсетілген талаптар арқылы жүргізіледі. Бұл жұмыстарға облыстық

мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тікелей жетекшілік етеді. Облыс аумағындағы тарихи-мәдени мұраларымызды қорғап, сақтау жұмыстарын жүзеге асыру барысында 2022, 2023 жылдары басқарма тарапынан Алматы қаласындағы Ғылым Академиясында және облыс орталығында ғылыми кеңестер ұйымдастырылды. Бұл кеңестерге Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология, сондай-ақ Әлкей Марғұлан атындағы археология институттарынан, Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінен, «Қазреставрация» республикалық мемлекеттік кәсіпорынынан зерттеушілер, атап айтқанда, біздің облыстың тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеуге атсалысқан тарихшы, этнограф, археолог ғалымдар мен архитектор, реставратор мамандар қатысып, тарихи-мәдени мұрасын қорғау, сақтап қалу мәселелерін кеңінен талқылады.

Иә, тек біздің өңір ғана емес, кең-байтақ даламыздың түкпірінде сақталған ескерткіштер жылдан-жылғатозып, бүлініп, қатары кеміп барады. Ауа райы, табиғи факторлар әсерінен ескі тозады, оның үстіне жауапсыз адамдар мен жан-жануардың бүлдіріп, қиратып кететін жағдайлары да кездеседі. Сондықтан олардың жоғын түгендеп, барын бүтіндеп, сақтап, қорғап қалу жолындағы жұмыстар атқарылып жатыр.

Ең алдымен, фотофиксация жасап, орнын нақты анықтап, өлшемдерін алып,құлпытастардағы жазуларды оқып, зерттеп, осы мәліметтер негізінде паспорттау жұмыстарын жүргізу маңызды. Бұл жұмыстарға осы саланың мықты мамандарымен қатар,ғалымдарды тарту да керек. Құжаты реттеліп, ғылыми айналымға енгізілген, нақты мәліметтерімен тіркеуге алынған ескерткіштер тарих бетінде сақталып қалады, тіпті уақыт мүжіп, үйіндіге айналған күнде де, кейін қайта жаңғыртылған жағдайда, құндылығын еш жоғалтпайды.

Облыс аумағында бүгінге дейін сақталған тарихи ескерткіштерді  көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа аманаттау — бүгінгі буынның басты парызы.

— Біздің қоғамда ескерткіштерге жауапсыз қарайтын оқиғалардың бірлі-жарым болса да кездесетіні бұқаралық ақпарат құралдарында айтылады. Әсіресе жаңа елді мекен, баспана салу, өндіріс орындарын ашу сынды жұмыстар барысында тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мамандарға оңайға соқпайтын болса керек?

— Жыл-он екі ай күн көзі, жел өтінде тұратын ескерткіштердің көнеріп немесе табиғи апаттардан ғана емес, адам қолынан да жойылуы — мамандарды қатты алаңдататын мәселе. Оларды бұзу, түрлі деңгейде нұсқан келтіру деректері, өкінішке қарай, біздің облыс аумағында да кездеседі. Жер қойнауын пайдаланушылар тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар жер учаскелеріне археологиялық-этнографиялық сараптамалық актілер алу керектігін ескере бермейді. Әсіресе Ақтөбе қаласы, Қарғалы және Мәртөк аудандарының аумағында егіс танаптарын жырту, құм-тас карьерлерін ашу, жол салу кезінде көне қорғандардың жойылу қаупі төніп отыр.  Жойылып кеткені де бар. Сондай-ақ адамдар көне қорымдарда өз бетінше «зерттеу», жөндеу, құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Мысалы, Байғанин ауданындағы Дәуімшар батыр қорымында, Әйтеке би ауданындағы ескі Қарабұтақ қорымында осындай заңсыз құрылыс жүргізу фактілері тіркелген.

Ақтөбе шаһарын дамыту жоспарына (агломерация) байланысты қазір облыс орталығында құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатқанын білесіздер.

Осыған байланысты соңғы жылдары қаланың Алтын Орда, Есет батыр шағын аудандарындағы көне археологиялық ескерткіштерге апаттық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. БиылДуман тұрғын үй массивіндегі ТамдыІ қорғанына қазба жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, 2021 жылы қалалық жер қатынастары бөліміАқтөбе қаласы аумағындағы археологиялық ескерткіштердің картасын жасақтап шықты. Қазіргі таңда қала аумағындағы құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндеосы карта басшылыққа алынады.

— Соңғы жылдары облыста көне ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары, салыстырмалы түрде алғанда, қарқынды жүргізілді. Мысалы, Алмат сардар кесенесі, Шәкен ишан мешіті және басқа да нысандар қалпына келтірілді. Алда осы жұмыстар жалғасын таба ма?

— Біздің облыстың мәдени мұрасын зерттеу, сақтау, жаңғырту мен насихаттау бағытында 2023-2025 жылдарға арналған жол картасының аясында 2023 жылы облыс аумағында ХVII ғасыр мұрасы — Оңалбек ата кесенесі мен ХІХ ғасыр ескерткіштері — Алмат тамы, Абат-Байтақ қорымындағы Қыз әулие кесенесі, Досжан ишан жәнеКөк мешітке ғылыми реставрациялау жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Бұл жұмыстар бүгінде аяқталды.

Археолог мамандардың қатысуымен Темір ауданындағы Досжан ишан тарихи-мәдени кешеніндегі медресенің іші-сырты топырақтан толықтай тазартылды. Медресенің барлық бөлмелері анықталып, аралық аркалар мен кіреберіс дәлізі де аршылды. 2024 жылы бұл кешенде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтіру жұмыстары да жалғасын табады. Сонымен қатар Байғанин ауданының Тасқабақ кешеніндегі Жұмағали ишан мешітін консервациялау, Алға ауданындағы 1909 жылы тұрғызылған жел диірменді қайта қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған.

АлМұғалжар ауданындағы Молдағазының Көк мешітін, Шалқар ауданындағы Матығұл кесенесін, Ырғыз ауданының Дүйсенбі ахун мешітін қайта қалпына келтіру үшін ғылымижобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстарын қолға алу жоспарланып отыр.

— Көне Абат-Байтақ қорымында өткен ғасырлардағы құлпытастар жақсы сақталған. Соңғы жылдары бұл ескерткіштерге зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыстардың мақсаты мен нәтижелері туралы айтсаңыз…

— Абат-Байтақ қорымы мен кесенесі мемлекет қорғауына алынғаннан бері көптеген жұмыстар жүргізілді. 2006 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында кесене толығымен қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ «Абат-Байтақ: қазақ даласының інжу-маржаны» атты жинақ та шығарылды. Абат-Байтақ қорымына келушілердің қатары күннен-күнге арта түскен соң оны елдің игілігіне жарату мақсатында 2013 жылы қорымды қорғау, құрылыс салу стандарттарын реттеу, 168 гектар аумақта табиғи ландшафт аймағы шекарасын белгілеу жұмыстары жүзеге асырылды. Осы жылы шырақшы үйі де салынды. 2017 жылы толығымен қоршау жұмысы жүргізіліп, шырақшы үйі мен кесененің арасына тасжол төселді. 2021 жылы шырақшы үйі мен кесене арасындағы жаяу жүргіншілер жолы қайта жөндеуден өткізіліп, одан басқа, қорымдағы құлпытастарды аралап, экскурсия жүргізу үшін жалғыз аяқ жол төселіп, келушілердің қорымды аралауына жағдай жасалды. 2022 жылықорымның іші тазартылып, құлап, қирап, бүлініп жатқан құлпытастар тұрғызылып, 48 құлпытасқа реставрациялық жұмыстар жүргізілді. 2023 жылы осы қорымдағы«Қыз әулие» атанып кеткен кесенені консервациялау үшін саман кірпіштер құйылып, құлаған жерлерін қайта қалап, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде қорымға келуші халықтың саны да көбейе түсті. Келушілер мұндағы құлпытастардағы араб әліпбиімен түскен мәтіндерді оқып, қазіргі әліпбиге аударып, кітап етіп шығаруды бұрыннан сұрап жүрсе, зерттеушілер мен ғалымдар да мұның өте қажетті жоба екенін талай айтқан болатын. Сөйтіп, 2023 жылы «Абат-Байтақ» қорымының арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштері» атты кітап-альбом тұңғыш рет әзірленіп, жарыққа шықты. Бұл еңбектің авторлары — белгілі ғалым, шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессорӘшірбек Мүминов пен Алматыдағы Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Бағдат Дүйсенов. Осы құнды жобаны қолға алып, абыроймен іске асырған ғалымдарға алғысымыз зор.

Кітап үш тілде жарық көрді. Ағылшын тіліндегі редакторы — әлемдегі ең ірі кітапханалардың бірі саналатын Вашингтондағы АҚШ Конгресі кітапханасының ғылыми қызметкері, исламтанушы ғалым, профессор Ален Франк.

Кітапта Абат-Байтақ қорымынан тізімге алынған, ХVIIІ-ХІХ ғасырлардағы қазақтың тас қашау өнерінің ескерткіштері саналатын 242 құлпытастың өлшемі,арабжазулы мәтіні және фотосы берілген. Ғажап ою-өрнекпен безендірілген, жазулары маржандай тізілген бұл құлпытастар — біздің өңір, тіпті біздің еліміз ғана емес, күллі мұсылман өркениетінің құнды мұрасы ретінде зерттеушілер тарапынан аса жоғары бағаланған ескерткіштер.

—Құлпытастар туралы сөз еткенде еске түседі, туыстас өзбек, әзірбайжан және басқа да халықтар ұлттың көне жазба мұрасы ретінде ескі құлпытастардағы мағлұматтарды оқып, кітап етіп шығарып, электронды нұсқасын да жасап қойған. Ал бізде бұл жұмысқа қаншалық көңіл бөлініп отыр? Абат-Байтақтан басқа қандай қорымдардағы құлпытастар оқылды? Алда осы жұмыстарға байланысты жоспарлар бар ма?

— Жоғарыда айтылған «Абат-Байтақ» қорымының арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштері» атты кітап-альбом бүгінде әлемнің әр түкпіріне тарап, біздің облыстың тарихи ескерткіштері туралы бұрын-соңды белгісіз болып келген құнды деректерді қазіргі заманғы ғылыми ортаға жеткізіп отыр. Мысалға айтсақ, дүниежүзіндегі 57 мұсылман мемлекетін қамтитын Исламның тарихы, мәдениеті мен өнерін зерттеу жөніндегі халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы кітапханасының қорына, Ыстанбұлдың сирек кітаптар кітапханасы қорына алынды. Бұл — көне құлпытастарды таныстыру бағытындақазіргі заман талаптарына сай, өте көркем, сапалы шыққан тұңғыш кітап. Бұған дейін, айталық, Маңғыстау облысындағы Шақпақ ата мен Сисем ата қорымының эпиграфикасына арналған кітаптар шыққанымен, өкінішке қарай, олардың сапасы сын көтермейді.

Біздің облысқа Алматыдағы Шығыстану институтының мамандары 2019 жылы арнайы келіп, бірнеше қорымдағы құлпытастар мәтінін қазіргі әліпбиге аударған болатын. Абат-Байтақтан басқа қорымдарға қатысты еңбектерде алда жарыққа шығады деп ойлаймын. Біздің өңірде эпиграфикалық ескерткіштердің мол қоры бар. Облыстың алыс түкпірлерінде тың дүниелер өз зерттеушілерін күтіп жатыр. Біз ендігі кезекте Доңызтаудағы Қарасақал, Дәуімшар сияқты үлкен қорымдарды зерттеп, ғылыми айналымға енгізуді көздеп отырмыз.

Расында, көрші елдер бұл бағыттағы жұмыстарды кеңінен жолға қойған. Мысалы,«Архитектурная эпиграфика Узбекистана» атты құнды еңбекті 25 том етіп жарыққа шығару жоспарланса,бүгінде соныңжартысынан көбі жарық көрді. Сондай-ақ Татарстан да эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеу ісін ертерек қолға алып, үзбей жалғастырып келеді. Татарстанның XІІІ–XX ғасырлардағы арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштері ғаламторда «Мирасханэ» сайтыарқылы барша әлемге насихатталып отыр. Арнайы сайтта қорым ғана емес, тіпті әрбір тастың геолокациясы берілген.

Ал Қазақстан аумағында сақталған құлпытастар көркемдік жағынан ерекшеленеді, мысалы, араб елдерінде ондай көркемдік кездеспейді, тек қара тас қоя салады. Ал қазақ топырағындағы ұлттық нақыштағы көркем ою-өрнектермен безендірілген, Құран аяттары, хадис, өлең жолдары жазылып, жерленген адам туралы мағлұматтар баяндалған құлпытастар — баға жетпес мұра. Сондықтан оларды көзіміздің қарашығындай сақтап қана қоймай, барша әлемге насихаттау ісіне де айрықша мән беру керек. Бұған бабалар еңбегін бағалау, бабалар рухын асқақтау жолындағы қасиетті іс деп қараған жөн.

—Ескерткіштерді зерттеу, қорғау мәселелеріне байланысты көпшілікке айтар қандай ой-пікіріңіз бар?

— Ескерткіштер — тарихымыздың бір-бір бөлшегі. Кезінде отарлаушылар ұлтымыздың тарихи санасын жою, тамырынан біржола айыруды көздеп, жер-су аттарын орысшаландырумен қатар, далада тұрған құнды мұраны ескермей, аяқасты етті, тіпті аяусыз жойып жіберуге де жол ашты. Бүгінде көне ескерткіштердің аз ғана бөлігі аман жеткенін естен шығармауымыз керек. Жетпіс жеті атамыздан бері бізге мекен болып келе жатқан Ұлы даланың ескерткіштерін қорғау мен насихаттауды ат төбеліндей аз ғана маманның міндеті деп түсінбей, бүкіл ел болып қамқорлыққа алғанда ғана бұл істің нақты нәтижесін көре аламыз. Қорғау ғана емес, насихаттау ісін де мейілінше жандандыру қажеттігіне назар аударсақ деймін. Насихаттау жұмыстары арнайы қаражат бөлініп, цифрландыру, жастардың қызығушылығын туғызатын басқа да әдістер арқылы бүгінгі заманның талабына жүргізілсе, жас ұрпақ санасында «бұл — менің бабамнан қалған мұра,  бұл — ежелден менің жерім» деген ұғымдар берік қалыптасар еді. Ал ондай тәрбиемен өскен ұрпақтың даладағы көне ескерткіштерді ғана емес, ел мен жерді де жан-тәнімен қорғаудан тайынбасына өз басым кәміл сенемін.

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button