ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ ҚАСІРЕТІ КӨП
Қазіргі таңда жастар арасында белең алып отырған лудомания дерті қоғамның үлкен мәселесі болып тұрғаны баршамызға аян. Өзім жастармен жұмыс жасаған соң, мені де осы тақырып қатты толғандырады. Қаншама жастың тағдырын тәлкекке салып, тура жолынан тайдырған жайды тоқтатуға аз да болса өз үлесімді қосқым келеді. Осы тақырып аясында тәрбие сағаттары мен кездесу жиындарын өткізіп, студенттерге түсіндірме жұмыстарын жүргіземін.
Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері жан-жақты талқыланған болатын. «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», — деп атап өтті Президент.
Роберт Л. Кастер құмар ойындарға тәуелділіктің дамуын үш кезеңнен тұрады деп анықтады:
- Ұтыс кезеңі;
- Ұтылыс кезеңі;
- Түңілу кезеңі.
Өкінішке қарай, соңғы түзілу кезеңінде адам қасіретке қарай бой ұрады.
Бұл қатерді тоқтату үшін ойын құрылғыларын алып тастап, оның жүзеге асырылуына тыйым салынды, алайда онымен дертті тоқтату қиын. Мәселе — ойын құрылғыларында емес, адамның түпкі санасында. Сондықтан жастарға дұрыс түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ата-ана тарапынан арнайы уақыт бөлініп үнемі қадағаланса, бұл қауіптің алдын алуға болады деп ойлаймын.
Кезінде белгілі психиатр Цезарь Короленко адамның мінез-құлқындағы құмар ойындарға тәуелділікті көрсететін төмендегі бірқатар белгілерді атап өткен болатын:
- Үнемі ойынға елігу, ойында өткізетін уақыттың ұзаруы;
- Қызығушылықтардың өзгеруі, бұрын ынталандырған дүниелердің ысырылуы, әрдайым ойын туралы ойлау, ойын комбинацияларымен байланысты оқиғаларды елестету және осы ойлардың басым болуы;
- «Бақылауды жоғалту», ауқымды ұтыстан кейін немесе үнемі ұтылудан кейін де ойынды тоқтата алмау;
- Ойынға кезекті рет қатысқаннан кейін қысқа уақыт аралығында дамитын психологиялық дискомфорт. Ол бас ауруы, ұйқының бұзылуы, ашушаңдық, алаңдаушылық, көңіл күйдің түсуі, зейіннің бұзылуы секілді бірқатар белгілер бойынша есірткі/алкогольге тәуелді тұлғалардың абстиненциясына ұқсайды;
- Ойынға жиі қатысу, жоғары тәуекелдерге талпыну;
- Қарсыласу қабілетінің тез төмендеуі. Енді ойнамауға бел буғанымен, сәл арандатушылық болған жағдайда (бұрынғы таныстарын кездестіру, ойын тақырыбында әңгімелесу, ойын мекемесі жанында болу, т.б.) ойынға тәуелділіктің оралуы.
Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет.
Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім басшысы А.Тағай мырза айтпақшы: «Құмар ойынның құмарлығынан шыға алмай, құрдымға кеткен талай жас көз алдымызда. Бұл дерт күн өткен сайын қанатын жайып, өмір шырғалаңында талайларды шырылдатты. Қоғамдық дерттен құтылатын уақыт жетті. Мәселені кешіктірмей, тиісінше дұрыс әрекет жасап, жастарымызды дерттен сауықтырып, уақытты емшіге айналдыруымыз қажет».
Студенттер арасында аталған тақырыпта түрлі іс-шаралар өткізіліп жүргендіктен, мені алаңдататын бұл тақырыпта өз студенттерімнің арасында мәселе туындаған жоқ, дегенмен жастардың құрдымға ұшырамай, еліміздің дамуына үлес қосар азамат болуы үшін бағыт беріп, тәрбиелеп, жетілдіруге атсалысайық.
Нұрханым БАУЫРЖАН,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік университетінің оқытушысы.