Ажырасу неге көбейіп барады?
Бұрын қазақ халқына ажырасу деген ұғым мүлде жат болған. Қазір жастар арасында да, үлкендер арасында да бұл қалыпты нәрсеге айналып барады. Тіпті ажырасуды қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын болдық.
Қоғамда ажырасуға қатысты түрлі пікір қалыптасқан. Бірі бұған ер адамды кінәласа, енді бірқатары әйелді кінәлайды. Тағы біреулер отбасылардың әлеуметтік жағдайының төмендігін мысал етеді. Себеп көп. Дегенмен ажырасу деректері неге көбейіп барады? Осы мәселеге кеңірек тоқталсақ…
Себеп те, арыз да көп
Жалпы, ажырасуға себеп көп. Көп жағдайда некені бұзуға отбасында еркектің әйелге қол көтеруі, орынсыз қызғануы, ене мен келіннің тіл табыспауы, өзге отбасы мүшелерінің екі жастың ортасына түсуі, жауапкершіліктің болмауы, ерлі-зайыптылардың бала сүйе алмауы, екі тараптың біреуінің көзге шөп салуы — осының бәрі ажырасуға себеп.
Психолог мамандардың пікірінше, елімізде көп жағдайда отбасындағы ұрыс-керіс, дау-жанжал отбасы мүшелерінің кесірінен болады. Олардың қатарында ата мен ене, қайын аға, қайын апа, қайны, одан бөлек достар мен құрбы-құрдастар және бар. Түптеп келгенде, кез келген ерлі-зайыптының ортақ тіл табысуына мүмкіндік мол. Тек оларға көп жағдайда мұндай мүмкіндік берілмейді: сырттан қысым жасалады, екі тарап жеке тұрып, ойланбайды, өзге адамдардың сөзіне еріп, асығыс шешім шығарады, т.б.
«Бес баламен жалғыз қалдым…»
Ақтөбе қаласының тұрғыны Дария Бекболатқызы жолдасымен 20 жылға жуық уақыт бірге тұрған. Тату-тәтті өмір сүріп жатқан отбасының ойран болуына отағасының ішімдікке әуестенуі себеп болыпты.
— Жолдасым екеуміз бес баланы өсіріп, тәрбиеледік. Бүгінде үлкен қызым тұрмыста. Одан кейінгілері мектепте оқып жатыр. Кенже ұлым биыл 1-сыныпқа барды. Жұрт қатарлы өмір сүріп жатқан отбасы едік. Жұмысымыз, үш бөлмелі пәтеріміз бар. Алайда осы бақытты көтере алмады ма, жолдасым ойламаған жерден ішімдікке әуес болып, көше кезіп кетті. Осыдан бір жыл бұрын жұмысынан қысқарып қалған. Алайда азын-аулақ табыс тауып, такси жүргізушісі болып жұмыс істеп жүрді. Содан бейтаныс адамдармен араласып, ішімдік ішуді бастады. Ақыры сол ішімдіктің кесірінен балалардың берекесін қашырып, үйде дау-жанжал шығаратын болды. Тіпті кейде үйге ашуланып келіп, маған қол жұмсауды әдетке айналдырды. Содан мен оны мамандарға апарып көрсеттім. Диспансерге жатқызбақ болдым, алайда ол көнбей, қашып кетті. Қандай амал жасасам да, арағын қоймады. Ақырында, міне, бес баламен ажырасып, жалғыз қалдым, — дейді Дария.
Кейіпкеріміз кішкентай кезінен ата-анасыз өскен екен. Жақын аға-жеңгесінің қолында тәрбиеленген. Мектепті бітірген соң қалаға келіп, колледжге оқуға түскен. Сөйтіп жүргенде жолдасымен танысқан. 20 жасында тұрмысқа шыққан. Отбасында жолдасының туыстарынан көп қорлық көрсе де, балалары үшін шыдап бағыпты. Ақыры жолдасынан да ажырасып, бүгінде бес баламен жалғыз қалып отыр.
— Қазір еңбек еткен адамға жұмыс көп. Мен жұмыс істеуден қашпаймын. Бұған дейін көп салада еңбек еттім. Былтырдан бері қаладағы сауда орындарының бірінде кассир болып жұмыс істеймін. Тапқан табысым балаларыма азық-түлік, киім-кешек алып беруге жетеді. Тек бір қиналатынымыз — пәтерге төлейтін несиеміз, — дейді ол.
Дария сөз арасында жолдасы алимент төлемейтінін жеткізді. Себебі ол жұмыссыз. Ал ата-енесі немерелеріне қараспайды екен. Бір сөзбен айтқанда, жалғызбасты ана балаларын өзі асырауы керек.
Өңірде 3637 неке тіркеліп, 1163 неке бұзылған
Облыстық соттың баспасөз қызметінің берген мәліметтеріне сүйенсек, биыл сот неке бұзу туралы 1165 істі қараған. Нәтижесінде 1163 неке бұзылған. Бұдан бөлек медиация тәртібімен ерлі-зайыптылардың татуласуына байланысты 503 іс жабылса, 308 іс кері қайтарылған. Ал былтыр облыстық сот неке бұзу туралы 1733 азаматтық істі қараған. Сот шешіміне сәйкес 1726 неке бұзылып, 19 іс медиация тәртібімен ерлі-зайыптылардың татуласуына байланысты қысқартылған. Сондай-ақ 14 іс қайтарылған.
Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ержан Құрмановтың айтуынша, бүгінде некені бұзуға мына себептер түрткі болып отыр: мінездерінің сәйкес келмеуі, тіл табыса алмауы, бірін-бірі түсінбеуі, ерлі-зайыптының біреуінің құмар ойынға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткіге, психотроптық заттарға салынуы, ата-аналық мiндеттерiн орындаудан жалтару, оның iшiнде отбасын материалдық жағынан қамтамасыз етпеуі, ерлі-зайыптылардың отбасылық өміріне үшінші тұлғалардың араласуы, яғни ата-аналары, туыстары, достары, сондай-ақ материалдық қиындықтар мен отбасында зайыбына немесе жұбайына опасыздық жасау деректері.
— Өңірімізде өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар неке және отбасылық дауларды, соның ішінде неке бұзу істерін қарап бастады. Бұл соттардың қарауына аталған дауларды берудің негізгі мақсаты — тараптардың отбасын сақтап қалуына жағдай жасау. Атап айтқанда, талап қою арызы сотқа түскеннен бастап, судья тараптардың татуласуына күш салады, яғни отбасылық психологтарды, конфликтологтарды, медиаторларды және отбасын сақтап қалуға ықпал жасайтын басқа да мамандарды іске қатысуға тартады. Соттарда аталған мамандар тұрақты түрде қызмет етеді. Медиатордың рөліне тоқталсақ, бұл маманның дауды шешуде ықпалы өте зор. Оның артықшылықтары, көп, біріншіден, медиация арқылы отбасын сақтап қалу мәселесі қарастырылады. Ал егер тараптар некені бұзу туралы нақты шешімге келсе және татуластыру рәсімдері еш нәтиже бермесе, медиатор медиативтік келісім дайындайды. Ол жерде ерлі-зайыптының арасындағы мүліктік, балалардың тұрғылықты жерін және бөлек тұратын ата-ананың балаларымен араласу тәртібін айқындау, алимент төлеу сұрақтарын тараптардың өзара келісімге келуі арқылы шешеді. Демек, тараптар аталған дауды соттың шешуіне бермей, өздеріне ыңғайлы шарттар негізінде келісімге келіп, шешеді, — дейді Ержан Құрманов.
Оның айтуынша, сотта балаларды тәрбиелеуге байланысты дауды қарау барысында олардың жеке ойы мен пікірі сұралады. Заңға сәйкес сот процесінде он жасқа толған баланың пiкiрi міндетті түрде ескерiледі.
Айта кету керек, облыста биыл 3637 неке тіркелсе, былтыр тіркелген неке саны — 5439.
«Отбасы құндылықтарын сақтау мәселенің алдын алады»
Ақтөбе қаласындағы «Бақытты отбасы» орталығының психологі Зульфия Абдулдинованың айтуынша, елімізде, оның ішінде облыста ажырасу деректерін азайту үшін отбасы құндылықтарын сақтауға, ерлі-зайыптылардың бір-бірін ұғынып, түсінуіне жағдай жасау керек. Яғни бұған екі тарап та, қоғам да, мемлекет те бірлесе жұмыс істеуі керек.
— Бүгінде аталған орталық түрлі қиындыққа тап болған ерлі-зайыптыларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді. Мұнда көмекке мұқтаж жандарға медиаторлар, психолог мамандар қолдау көрсетіп, отбасы мүшелерін татуластырып, оларға мүмкіндік береді, — дейді Зульфия Абдулдинова.
Психолог жастайынан отау құрып, көп ұзамай ажырасып, өздерінің мүддесін қорғай алмаған ата-ана өзіне ғана емес, айналасына, балаларына, қоғамға үлкен қасірет әкелетінін айтады. Оның айтуынша, бұл жауапкершіліктің жоқтығын білдіреді.
— Ажырасу деректерінің көбеюі қазір қоғаммен қатар, еліміздегі құзырлы органдарды да алаңдатып отыр. Мәселен, біздің орталыққа келетіндердің арасында жауапсыздық танытып, отбасынан кетіп қалған әкелер көп. Мұнымен қоса бүгінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасымен қатар, материалдық жағдайы жақсы, табысы жоғары отбасыларда да ажырасу деректері орын алуда. Соның салдарынан жалғызбасты әке, жалғызбасты ана, жетім бала саны көбейіп отыр. Осы орайда біздің орталықта ажырасудың алдын алу, оны болдырмау, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында арнайы мамандар, медиаторлар, психологтар ата-аналармен, балалармен жан-жақты жұмыс істейді. Биыл жаңа оқу жылы басталғалы орталық психологтары үш мектеп пен бір жоғары оқу орнында ата-аналармен, қыз және ер балалармен осы мақсатта түрлі тақырыпта семинар-тренингтер өткізді. Алдағы уақытта бұл бағытта жұмыстар жалғасады, — дейді ол.
Ал облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Ақгүл Қасанғалиеваның айтуынша, биыл өңірде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 53 құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 4 дерек кісі өлтіруге қатысты болса, 4 дерек — денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ал 5-еуі — денсаулыққа орташа зиян келтіру дерегі, қалғаны — басқа да құқықбұзушылықтар.
— Осындай отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан жыл басынан бері Ақтөбе қаласындағы дағдарыс орталығына 199 адам орналастырылды. Оның 59-ы әйел болса, 140-ы — бала. Бұдан бөлек биыл біздің департамент облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, маскүнемдікке душар болған 161 науқасты арнайы профилактикалық емдеу мекемесіне мәжбүрлі түрде емделуге жатқызды, — дейді полиция майоры.
Р.S. Қалай десек те, соңғы кезде ажырасу деректері көбейіп барады. Сол үшін алдағы уақытта бұл мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу керек. Бұл орайда еліміздегі отбасы институтының жұмысын жандандырып, жас отбасылардың шаңырақтағы бірлігін сақтауға қоғам мен мемлекет тарапынан қолдау көрсету маңызды. Себебі бүгінде жас отбасылардың көбі қаржылық және психологиялық қиындықтарға тап болудан ажырасып жатыр.
Данагүл ҚАЗИХАН.