Құмарпаздық та індет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында лудоманияның ел болашағы үшін үлкен қауіпке айналғанын, бұған қарсы заң қабылдауды кешіктіруге болмайтынын айтқан еді. 8 шілде күні халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған жаңа заңға қол қойылды.
«Қауіптілігі бәрінен жоғары»
Казино, түрлі ойындар немесе спорттық сайыстарға бәс тігу арқылы жеңіл табыс табуға құмарлық — біздің ел ғана емес, бүкіл әлемді, тіпті ең бір кедей мемлекеттерді де шырмап алып, төбеден қауіп бұлтын төндіріп тұрған індет. Сондықтан оны заңмен реттеудің маңыздылығына қай елде де көңіл бөлінеді. Экономикалық дамуы казинолармен байланысты саналатын Монаконың өзінде жергілікті тұрғындардың құмар ойынмен әуестенуіне шектеу қойылған. Тек туристерге ғана рұқсат беріледі. Қытайда мұндай ойындарға мүлде тыйым салынған. Көрші тұрған Өзбекстан мен Қырғызстан заңдарында да шектеулер бар.
Құмар ойынға бейімділік қандай бір ұлтқа, дінге немесе әлеуметтік жағдайға қарамайды. Құмар ойындар мәселелері жөніндегі АҚШ ұлттық қауымдастығы жүргізген зерттеулер бойынша кез келген елдегі орта деңгейлі азаматтың қылмысқа ұрыну ықтималдығы — 6 пайыз; есірткіге немесе араққа салыну ықтималдығы сәйкесінше 32 және 34 пайыз болса, лудомания құрығына ілігу ықтималдығы 48 пайыз екен. Яғни зерттеулер лудоманияға ұрыну қауіптілігі бәрінен жоғары екенін көрсетіп отыр.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны F63 коды бойынша дерт ретінде тіркеген. Басқаша айтқанда, ғылым лудоманияны ұрлық жасауға немесе өрт қоюға әуестік секілді психикалық ауытқушылық деп таныған. Ал австралиялық және жаңазеландиялық зерттеушілер әлемде жыл сайын 10 миллион адамның ойынқұмарлықтан өз еркімен құтыла алмауы себепті кәсіби мамандар көмегіне жүгінуге мәжбүр болатынын жазыпты. Олардың деректері бойынша құмар ойынға келген әр 25 адамның біреуі тәуелділіктің ең жоғары шегіне дейін шырмалады. Дегенмен лудоманияға шалдыққандардың арасында өз басындағы ауыр халді, тәуелділікке ұрынғанын өз еркімен мойындайтындардың үлесі 8 пайыз ғана екен.
Адамзат баласы құмар ойынға қызығушылықты қашан және қай қауым бастады дегенге нақты жауап жоқ. Қайткенде де бұл жағымсыз әдеттің әлемнің әр түкпірінде ежелден-ақ кездескені көне деректерде қалыпты. Кейбір болжамдар бойынша, біз мақал санап жүрген «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген сөз құмар ойындардың көшпелі халықтар арасына да «жеткенін» көрсетеді, ал кейін ересектерге бәс тігіп, асық ойнауға қатаң түрде тыйым салынып, ол тек балалардың ойыны болып қалса керек. Бір анығы — кеңестік заманға дейін жаппай арақ ішу, құмарпаздық, есірткіге тәуелділік сынды зиянды әдеттердің қазақ арасына дендеп енбегені.
Кеңестік заманда әсіресе ер адамдардың үйге, аулаға жиылып, ұтысқа карта ойнап «уақыт өткізуі» үйреншікті жайтқа айналды. Ақын Сәкен Иманасовтың:
«…Айналамда келесі сап тыйылғьш жаңағы ән,
Абыржып-ақ қалады әлгіндегі нән ағам.
Ойыны ғой картаның,
карта деген бұл итің
кімнің ғана, Құдай-ау, көңіліне қараған!
Қойнына кеп кіргендей сиықсыздау бір кемпір,
Қалмайды енді ағамда әлгіндегі түрден түр.
Әлденені күбірлеп, күрмеле ме, қайтеді,
Қара тастың өзін де қиып түсіп жүрген тіл.
Карта дейтін шіркінге қандай ғана дауаң бар,
Қарап тұрып көкемнің қабағынан жауар қар.
Мәткені де, валетті алып жатар қос-қостан,
Қалып жатыр жауапсыз қаншама бір сауалдар», — деп келетін жолдармен ұтылып жатқан адамның көңіл-күйін суреттейтін өлеңі де бар…
Күніне — 900 адам
Казино, букмекерлік кеңселер, ғаламтордың қолжетімділігмен бірге келген онлайн-казинолар, бәс тігіп ойнайтын компьютер ойындары… Зерттеушілер бұларды қазір аз уақытта адамзат баласын кітаптан, баспасөзден, кинодан, басқа да түрлі қызықтардан «жұлып алған» «сиқырлы» күшке теңеп отыр. Еуропада ғаламтор пайда болмай тұрып-ақ, үлкен қалаларда казинолардың ашылуымен бірте-бірте кинотеатрлар жабыла бастапты.
Біздің елімізде, зерттеулер бойынша күніне, орта есеппен, 900, ал жылына 330-350 мың адам құмар ойындардың құрбаны болады екен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде бүгінде 400 мыңғажуық қазақстандықазаматтың букмекерліккеңселерменказинолардыңтұрақтыклиентіне айналғаны жөніндегі деректі алға тарта келіп:«Бұл—тұтасбірқаланыңхалықсанынапара-паркөрсеткіш. Шынмәнінде, лудомания—бейбіткүндеелдіңшырқынбұзыпжатқанқатер. Соныңкесіріненталайшаңырақшайқалды. Талайазаматзаңбұзып, қылмысқаұрынды. Құмаройынүшінқарызғабатып, өзінеқолжұмсағанжандартуралыхабарлар, өкінішкеқарай, күнсайынтарапжатады. Бұлдертжасұрпаққаөтеүлкензиянкелтіреді. Онлайн-ойындарбалалардыңкүнделіктіермегінеайналыпбарады. Құзырлыоргандарбылтыринтернет-казиноныңбелгісібар 4 мыңнанастамсайттыбұғаттады», — деді.
Казинолар мен букмекерлік кеңселерге қазақстандықтар, жалпы есептегенде, жылына 1-4 триллион теңге көлемінде қаржы жұмсайды деген дерек бар. Әсіресе ойынханаларға деген құмарлық соңғы 5 жылда қатты өршіген. 2017 жылы бұл бизнестің жылдық айналымы 15-16 миллиард теңге болса, 2022 жылы 500 миллиардқа жеткен, ал өткен жылы 1 триллион теңгеден асқан. Бұл — ресми деректерден алынған цифрлар. Мамандар іс жүзінде ойынханалар мен букмекерлік кеңселердің, интернеттегі казинолардың табысы бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп болжайды.
Әсіресе жастардың ойынқұмарлыққа әуестігі қатерлі құбылысқа айналды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде оқушылардың 20 пайызы құмар ойындармен танысып «үлгерген». Ал үкіметтің тапсырысы бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеулер қорытындысына сай, 2021-2023 жылдар аралығында құмар ойындарға үйір жастардың үлесі 0,1 пайыздан 3 пайызға дейін өскен. Соның ішінде 29-34 жас аралығындағылар арасында бұл көрсеткіш — 4,7 пайыз.
Зерттеушілердің айтуынша, елімізде ажырасулардың 40 пайызы отбасы мүшелерінің бірінің, көбіне ер адамдардың құмар ойынға салынуынан болып отыр. Мамандар суицид оқиғаларының, түрлі қылмыстардың көбеюін де лудоманияның өршуімен байланыстырады. Осы жерде бір оқиғаны еске түсіре кетсек: 2022 жылы Маңғыстау облысы Бейнеу кентінің 36 жастағы тұрғыны букмекерлік кеңсені өртеп жіберіп, «басқаның мүлкін әдейілеп өртегені үшін» деген айыппен сотталған болатын. Ол полицияға өзі беріліп, мұндай іске неге барғаны жөнінде: «Менің отбасым, 4 балам, жақындарым бар. Ойын үшін өз туғандарымды алдаған кезім көп. Мен 20 жылдың ішінде 200 миллион теңге қаржыдан айырылдым. Құмарпаздыққа салынған адамның қаншалықты төмендеп, ойын үшін соңғы нәрсесін сатуға дейін баратынын мен жақсы білемін. Мен жауапкершіліктен қашпаймын. Бірақ бұл ғимаратты өртемей қала алмадым. Жастардың мен жүрген жолмен жүргенін қаламаймын», — деп мәлімдеген болатын.
Күнделікті жаңалықтар арасында құмарпаздыққа салынған жанның өз меншігін былай қойып, туған-туыстарын да қарызға батырып, айналасындағыларды тонап, тіпті мемлекеттің қаржысын, мүлкін сатып жіберіп жатқан оқиғалар аз кездеспейді. Парламент Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында әскери оқу орындары мен қарулы күштер қатарындағы жастар арасындағы ойынға тәуелділік мәселесін қозғапты. «Жасы кішілері ақша жинап беруге мәжбүр, ал үлкендері оны ұтқызып келеді», — дейді ол. Биылғы 31 мамырда Шымкентте букмекерлік кеңсеге қарызын өтеу үшін әскери бөлімдегі топографиялық құралдарды ломбардқа өткізіп жіберген офицер сотталса, шілде айының басында Семей гарнизонының топографиялық қызмет штабының бастығы, капитан шеніндегі офицер тап сондай себеппен мемлекетке 2 миллион теңгеден астам шығын келтіргені үшін жауапқа тартылды. Елді қорғауға тиіс жандар өз бастарын құмарпаздық дертінен арылта алмай жүрген болып шықты…
Ойынқұмарлыққа ұшырап, барынан айырылған адамдар бар қиындықтың алғашқы ұтыстан басталатынын айтады. Жалпы, кез келген ұтыстың артында біреудің көз жасы, өкініші тұратынын, бүлінген, қираған тағдырлар тұратынын, «бүлінгеннен Бүлдіргі алма» дегендей, алғашқы ұтыстың тек бүлдіргі ғана екенін көпшілігі құрдымға кетіп бара жатқанда бір-ақ ұғады.
Ал «алғашқы ұтысқа» қалай келеді?Айтуларынша, көп жағдайда жарнама мен ортасы, яғни қасындағы достары жетелейді екен. Жаңа заң бойыншабукмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың сыртқы жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, БАҚ-та, анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады.
Тек спорт ғимараттары мен спорттық тақырыпқа маманданған БАҚ-та, соның ішінде тікелей көрсетілімдер кезінде жарнамалауға рұқсат етіледі.
Сонымен бірге тұрғын үйлер мен жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдары мен әлеуметтік нысандарда және олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға, лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады. Жаңа заңда құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға рұқсат берілмейтін адамдар санатының тізімі де кеңейтілген. Олар — 21 жасқа толмаған балалар мен жастар, Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары.
Мамандаркеңесіне құлақ түрсек, құмарпаздыққа салынбаудың ең басты жолы — отбасындағы тәрбие. Бұрынғы бабаларымыздың «бұл не қылған батпақ құйрық» деп, тегін дүниеге (шүлен, шашу, т.б. жөн-жоралғыны есептемегенде), еңбексіз келген ақшаға, арзан табысқа сақтықпен, тіпті асқан қауіппен қарағанын еске түсіріңіз. Қазақта: «Желмен келген желмен кетеді» деген де сөз бар. Біз «жел» сөзін әдетте тек табиғат құбылысы деп қабылдап үйренгенбіз. Ал зерттеушілердің айтуынша, оның екінші нұасқасы да бар: көне түркілер адамды алдап, арбап орға жығатын зымыстан, қара ниетті күштерді «жел» (йел) деп атаған. Исламды қабылдағаннан кейін ол «шайтан» ұғымымен алмасқан. Қалай десек те, көне түркілік таным бойынша, бұл — жаман жолмен келген табыстың жамандықпен аяқталатынын жеткізетін даналық сөз.
Айна САРЫБАЙ.