Басты жаңалықтарМәселе

Абайла, мопед келе жатыр!

Қала көшелеріндегі жаяу жүргіншілердің жиі айтатын сөзі бұл. Себебі жылда күн жылыса, қала көшелерінде мопедтер мен электр самокаттар көбейеді. Ақтөбе қаласының әр жерінде туарылған аттай болған самокаттар қаздай тізіліп тұрады. Әрине, жетер жерге тез апаратын мұндай да көліктің болғаны жақсы-ау, бірақ оның пайдасымен бірге зияны да аз емес екен…

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетовтің айтуынша, биыл мопед және мотоцикл жүргізушілерінің қатысуымен 134 жол-көлік оқиғасы тіркелген, соның салдарынан 16 адам әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түсіп, бір адам қайтыс болған.

Қандай талап қойылады?

17 сәуірде Мәжіліс «Жол жүрісі туралы» Заңға және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес ендігі жерде мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушыларымен теңестіріледі.

Шағын электрлі көліктер мен көліктердің жекелеген түрлерінің қозғалысын бақылау ұсынылған негізгі заң жобасы мопедтерді пайдалануға және қозғалыс ережелерін реттеуге мүмкіндік береді. Олардың жүргізушілері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексте көзделген баптарға сәйкес толық жауапкершілікке тартылады.

Құжатта мопед жүргізушілерінен мопедтерді басқару үшін уәкілетті органда міндетті тіркеуден өту, А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алу, жыл сайын техникалық байқаудан өткізу, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру рәсімінен өту секілді шарттар талап етілген. Сонымен бірге жергілікті  атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін айқындау бойынша құзырет беру, жол қауіпсіздігін цифрландыру бойынша нормалар ұсынылды.

Заң жобасы қабылданғаннан кейін құжатта көрсетілген талаптарды толық орындамағандар жауапкершілікке тартылады. Яғни көлік құралын ішімдік ішіп, есірткі шегіп басқарғандар, жүргізуші куәлігінсіз тізгіндегендер жеті жылға дейін

емтихан тапсыру мүмкіндігінен айырылмақ. Құжатта жылдамдықты асырмау мәселесі де қаралған. Яғни белгіленген жылдамдықтан асырып жіберетіндер айыппұл арқалайтын болады.

15 мамырда Мәжілістің жалпы отырысында «Жол жүрісі туралы» Заңға жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен ілеспе құжат екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

— Құжаттарды талқылау барысында Парламент Мәжілісінде тиісті нақтылаулар енгізілді. Мопедтерді мемлекеттік тіркеу заң қабылданғаннан соң 6 айдан кейін басталады. Жүргізушіде A, B, C санатындағы куәліктері болған жағдайда мопедтерді басқаруға A1 санаты автоматты түрде беріледі. Қозғалтқышы бар велосипед ұғымы нақтыланды. Яғни қозғалтқышы бар велосипедті жаяу жүруге арналған жолдар мен тротуарларда жүргізуге тыйым салынады, —  деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Оның айтуынша, аталған заң аясында көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізетін ұйымдарға қойылатын талаптар күшейтіледі.

— Көлік құралының габариттері мен салмағы бөлігінде жолдардағы цифрлық жүйелермен ереже бұзуды автоматты түрде тіркеу тәртібі өзгеріп жатыр. Сонымен қатар жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігіне, көлік жүргізушілерін оқытуға қатысты бірқатар қосымша талап енгізіледі, —  деді депутат.

Самокат тізгінінде сақ бол…

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетовтің айтуынша, бұл құжатта қаралған өзгерістер мен толықтырулар жолдағы апаттар санын азайтуға септігін тигізетінін айтады:

Бүгінгі ең арзан көлік саналатындықтан, елімізде мопед жүргізушілерінің саны артқан. Содан да болар, мопедтердің қатысуымен жол апаттары да жиілеп кетті. Мәжілісте заң жобасын таныстырған депутат Екатерина Смышляева былтыр мұндай көлік түрлерінің қатысуымен 750 жол апаты тіркелгенін мәлімдеген еді. Биыл Ақтөбе облысында 300-ден астам мотокөлік иелері жолда жүру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 25 мотокөлік құралы айып тұрағына қойылды.

Мамыр айында Әбілқайыр хан даңғылында жеңіл көлік пен мопед соқтығысып, мопед жүргізушісі ауыр дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Ақтөбелік тәртіп сақшылары мотокөліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 10 күндік жедел профилактикалық іс-шараларын өткізіп тұрады, — дейді Ардана Саймағамбетов.

А.Саймағамбетовтің айтуынша, жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электр самокаттарға жатады. Олар велосипед жолдары мен жол жиектерінде жүре алады.    

— Электр самокаттар жүргізушілеріне тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Тротуардағы жылдамдықты шектеу жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін маңызды. Электр самокатпен жүктер мен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады. 

Самокат мінген адам жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен жаяу өтуі керек. Өкінішке қарай, біздің қалада самокат жүргізетіндерге арналған орындар өте аз. Әбілқайыр хан даңғылында ғана жаяу жүргіншілер жолының бойында велосипедтер мен скутер жүргізушілеріне арналған қызыл жолақ бар. Дегенмен ол жерден балаларын серуендетіп жүрген аналар мен зейнеткерлерді жиі көруге болады. Сондықтан барынша қауіпсіздік ережелерін сақтап жүру керек, — дейді ол.

  • Тұрғындар пікірі

Жақсылық БАҚЫТЖАН,

қала тұрғыны:

Былтыр қызығушылықпен мопед сатып алдым. Алайда жол-көлік апатына түсіп, мопедті сатып жібердім. Электр самокатын көлік құралы ретінде емес, жай ғана діттеген жеріме тез жету мақсатында пайдаланамын. Достарымызбен күн сайын самокатты бір-екі сағатқа жалға алып тебеміз. Көбіне Әбілқайыр хан даңғылы мен Орталық стадион арасында жүреміз. Самокат пен мопед жүргізгенде сақтық шараларын ескерген жөн. Әсіресе кішкентай балалар жүретін жерлерде самокаттың жылдамдығын азайтып, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін сақтау міндетті.

 Нұркелді ЖАҚСЫЛЫҚОВ,

мопедші:

Мопедті тек шаруашылық жұмыстарына пайдаланамын. Жақында мерзімді басылым беттерінен мопедтерге қатысты жаңа заң жобасы мақұлданатынын оқыдым. Талап барлық жүргізушіге тең болуы керек. Өзім осы уақытқа дейін ешқандай жол-көлік оқиғасына түспедім. Мопедтерге қатысты заңнаманың мақұлдануы жол ережелерін сақтамайтын жүргізушілерге сабақ болмақ.

Жасөспірімдердің ата-анасы жауапкершілікке тартылады

Күні кеше Богослов тасжолында орналасқан айыппұл тұрағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында іс-шара өткізілді. Қалалық полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиевтің айтуынша, жыл басынан бері айыппұл тұрағына 324 мопед пен мотоцикл қойылып, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 1200 мотоцикл мен мопед жүргізушісі жауапкершілікке тартылды.

— Қазіргі таңда жол ережесін бұзатындардың басым бөлігі — мотоцикл мен мопед пайдаланушылары. Облыс орталығындағы жол қауіпсіздігін тұрақтандыру мақсатында 9-12 шілде аралығында «Қауіпсіз жол»  атты жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Мопед немесе мотоцикл тізгіндеген жас жеткіншектер жол ережесін бұзған жағдайда ата-аналары жауапкершілікке тартылады. Жедел профилактикалық іс-шара нәтижесінде ереже бұзған 15 адамға ескерту берілді. Қазіргі таңда 58 мопед пен мотоцикл айыппұл тұрағында тұр. Елімізде жылдамдықты арттыру салдарынан мопед жүргізушілері жол-көлік оқиғасына жиі ұшырап жатады. Осыған  байланысты мотоцикл жүргізушілеріне жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауды сұраймын. Ата-аналарға біздің ұсыныстарымызды тыңдауға, балалардың жетелеуіне ермеуге және мопед сатып алмауға шақырамын, — деді басқарма бастығы.

Іс-шара барысында айыппұл тұрағынан мопедін алып жатқан жас жеткіншекпен тілдескен едік. Аты-жөнін көрсетпеуді сұраған қала тұрғыны жастарды көлік тізгіндегенде мұқият болуға шақырды:

Жасым 17-де. Осы жылдың 3 шілдесінде байқаусызда мас адамды қағып кеттім. Жаяу жүргінші дін аман. Алайда полиция қызметкерлері мопедімді айыппұл тұрағына қойды. Бір аптадан кейін мопедімді алуға келіп тұрмын. Енді мұндай көлік түрлерін тізгіндемеймін. Себебі жол ережесін сақтамауымнан өзіме ғана емес, жаяу жүргіншіге де залалымды тигіздім, — дейді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button