Мәселе

Облыста құрылысы бітпей тұрған 7 нысан бар

Бүгінде облыста тұрғын үй кезегінде 36 мыңнан астам адам тұр. Осыны ескеріп, биыл жыл соңына дейін өңірде 950 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевпен  сұхбаттасып, тұрғын үй құрылысы, өңірдегі құрылысы тоқтап тұрған нысандар, сондай-ақ «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылу барысы жайында білген едік…

— Алдымен облыста салынып жатқан тұрғын үйлер жайлы айтып берсеңіз. Жыл соңына дейін қанша тұрғын үй пайдалануға беріледі?

— Биыл жоспарға сәйкес облыс бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 950 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жыл басынан бері облыс бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 487,3 мың шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне берілді. Оның ішінде 234,0 мың шаршы метр көппәтерлі тұрғын үй болса, 252,4 мың шаршы метрі — жеке тұрғын үй.

Жалпы, тұрғын үй саясаты аясында үй кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін негізгі екі бағыт қарастырылған. Біріншісі облигациялық қарыздар есебінен несиелік тұрғын үй салу болса, екіншісі — жалға берілетін коммуналдық тұрғын үй салу және сатып алу. Биыл облигациялық қарыздар есебінен жалпы ауданы 149,6 мың шаршы метр, яғни 1928 пәтер болатын 13 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде жыл соңына дейін жалпы ауданы 56,8 мың шаршы метр немесе 952 пәтер болатын 7 жобаның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтар үшін жалпы ауданы 38,8 мың шаршы метрлік 629 пәтер жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлердің 11 жобасы іске асырылуда.Биыл жыл соңына дейін 6 жобаны пайдалануға беру күтілуде, ол дегеніміз — 409 пәтер немесе 24,8 мың шаршы метр тұрғын үй. Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың тұжырымдамасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін 10 жылға 0,02 пайызбен сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй алуға мүмкіндік беру туралы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Бұл ретте дайын 922 пәтер сатып алуға қаражат бөлінді. Жыл соңына дейін тиісті конкурстық жұмыстар аяқталып, 922 пәтер қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес кезекте тұрған азаматтарға беріледі.

— Аудандарда құрылысы ұзаққа созылған әлеуметтік нысандардың нешеуі биыл қолданысқа беріледі? Бұл бағытта қандай проблемалар бар?

— Жыл басында облыста құрылысы ұзаққа созылған 13 нысан болса, бүгінде соның алтауы пайдалануға берілді. Жалпы «сақалды» құрылыстар қатарында екі денсаулық сақтау нысаны, 7 білім беру ұйымы, 4 спорт кешені бар. Қазіргі таңда қалған 7 нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы облыстық туберкулезге қарсы 300 орындық диспансер ғимаратының құрылысы қазіргі таңда диспансер қажеттілігінің болмауына байланысты тоқтап тұр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасыаталған ғимаратты алдағы уақытта өзге профильді ауруханаға беру немесе қажеттілігі болу-болмауына байланысты басқа да шешім қабылданған соң тиісті шаралар жүргізілетін болады.

Екінші нысан — Ақтөбе қаласы Шилісай кентіндегі «Шилісай-1» тұрғын алабындағы 600 орындық орта мектеп. Бұл мектептің құрылыс жұмыстарын «НСК-Строй Баланс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Жоба құны — 1 775 871,0 мың теңге. Бүгінде құрылыс жұмыстары жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде. Жоспарға сәйкес нысан биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Үшінші нысан — Байғанин ауданы Жаңажол ауылдық округінің Оймауыт ауылындағы 150 орынға арналған мектеп-балабақша. Бұл нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп жатыр.

Төртінші нысан — Мұғалжар ауданы Ащысай ауылдық округі Ащысай ауылындағы 60 орындық орта мектепті «Ынтымақ Бес-Арыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатыр. Жоба құны — 434 765,9 мың теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде. Биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

Бесінші нысан — Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылындағы 150 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешені. Бұл кешеннің құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, 2022 жылдың 14 наурызында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Түзетуден кейінгі жобаның жалпы құны – 453 101,0 мың теңге. Мердігер мекеме ретінде «АСТ-Технология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылып, 2022 жылы 2 тамызда келісімшарт жасалды. Алайда түзетулер барысында нақты жұмыстар көлемі дұрыс есептелмегендіктен, мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын жүргізбеді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын аяқтау мақсатында нысанды ауданға тапсыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Алтыншы нысан — Хромтау ауданы Хромтау қаласындағы денешынықтыру-сауықтыру кешені. Бұл кешенді салу бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп, 2023 жылдың 2 тамызында сараптама қорытындысы алынды. Мердігер мекеме «Бабәк-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жалпы құны 1 миллиард 158,4 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Құрылыс жұмыстары биыл 10 шілдеде басталды. Бұл нысанның құрылысы 2025 жылы жалғасады.

Жетінші нысан — Ақтөбе қаласының Алтын Орда» шағын ауданындағы дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешені. Бұл жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, биыл 15 тамызда сараптама қорытындысы алынды. Құрылыс жұмыстарын бүгінде мердігер мекеме «Интерстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Нысанды 2025 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

— Облыста үй алу үшін қаржы салған үлескерлер мәселесі шешілді ме? Үлескерлерге тұрғын үйлер тапсырылды ма?

— Бүгінде Ақтөбе қаласындағы 11 проблемалық үлестік құрылыс нысанының басшыларына қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта 9 нысан бойынша қылмыстық іс аяқталды. Сот шешімі бойынша күдіктілерге коммерциялық және қаржы ұйымдарында 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бүгінде сот шешімі заңды күшіне енген жоқ, өйткені тараптар апелляциялық шағым берген. Ал алданған үлескерлер мәселесін реттеу бойынша «Ақтөбе құрылыс компаниясы-2023» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қызметін жалғастыруда. Жыл соңына дейін инвестор қаражаты есебінен бір тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ жаңа проблемалық нысандардың көбеюінің алдын алу мақсатында барлық салынып жатқан тұрғын үй құрылысына мониторинг жүргізіліп жатыр.

— Биылғы су тасқыны кезінде өңірде біраз отбасы баспанасыз қалды. Осындай отбасыларға қанша үй салынып, берілді? Қай аудандарда әлі де құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр?

— Өңірде көктемгі су тасқыны кезінде 4087 үй зардап шеккен. Оның ішінде 1468-і тұрғын үй болса, 2619-ы — саяжай үйлері. Барлық үйлер бойынша техникалық тексерулер жүргізіліп, соның нәтижелері бойынша 3074 үй жөндеуге жататындығы, ал 1013 үй апатты жағдайда тұрғандығы анықталды. Өңірге бекітілген меценаттармен бірлесіп, зардап шеккен азаматтардың келісімі бойынша апатты деп танылған 1013 үйдің 500-і бойынша жаңа тұрғын үй салу және 513-і бойынша екінші нарықтағы дайын тұрғын үй сатып алу туралы шешім қабылданып, нәтижесінде 513 (100%) дайын тұрғын үй (Ақтөбе қаласында — 185, аудандарда – 328 үй) сатып алынды.

Нысандарды салу кезінде негізінен облыс аумағында шығарылатын материалдар қолданылды, құрылыс жұмыстарына 50 жергілікті мердігерлік ұйым тартылды.

Бұдан басқа 4083 отбасына 1,4 миллиард теңгеге келтірілген материалдық залал (150айлық есептік көрсеткіш) үшін өтемақы төленді, 3074 (100 пайыз) отбасына жалпы мөлшері 9,7 миллиард теңгеге тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы берілді.

— «Жайлы мектеп» жобасы аясында өңірде 18 мектеп салу жоспарланғаны мәлім. Бүгінге дейін соның нешеуі халық игілігіне берілді? Қанша нысанның құрылысы жүріп жатыр?

— Облысымызда 2023 жылдан 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 14 900 орындық 18 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған болатын.

Бүгінде өңірімізде «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамының мәліметтеріне сәйкес, 11 400 орындық 14 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес, өңірде 3800 орындық 6 мектеп іске қосылады. Бүгінге дейін соның бесеуі, яғни жалпы саны 1800 орындық мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 2 мың орындық тағы бір мектеп халық игілігіне беріледі. Ал қалған 8 мектеп келер жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Сұхбаттасқан Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button