Мәдениет

Балдәурен шақтан бірге жұп

Тәуелсіз елмен құрдас шаңырақ

Ел тәуелсіздік алған жылы шаңырақ көтергендердің қатарында Бозой ауылдық округіне қарасты «Ақжол» шаруа қожалығының иелері, ерлі-зайыпты Нәсіпжан Лекеров пен Алтынзер Аманиязова бар. Тәуелсіз елдің арайлап атқан әрбір таңымен бірге оянып, кешімен келелі ой түйген шаңырақ иелері бүгінде ауылдастарының сый-құрметіне бөленіп отыр. Қойнауынан қашаннан да құт арылмаған ұлы Борсық құмының аяғында орын тепкен Кекірелі қыстағында төрт түлікті тең өсіріп, халқымыздың ата кәсібін нәсіп еткен Нәсіпжан мен Алтынзер замана көшінен бір елі қалмауға тырысады. Екеуінің өзгеге үлгі болар жақсы қасиеттері де бар. Еңбексүйгіштігі, шаршағанға демеу, қиналғанға көмек қолын соза алатындығы, қайырымдылық жасауды өздеріне парыз санайтындықтары жақсы үлгінің бір парасы сынды.

Қазақта «Бесікте басы қосылған» деген жақсы сөз бар. Бұл сөз кез келгенге айтылмайтыны бесенеден белгілі. Әйтсе де, біздің кейіпкерлеріміз жайлы айтылған сияқты. Өйткені екеуі балалық балдәурен күндерінен бастап, бір ауылдың майда топырағында бірге ойнап, бірге өскен. Себебі, олар бір көшеде іргелес көрші тұрған екі тату-тәтті отбасының балалары болды. Кейін араларында махаббат оты тұтанып, екі жас отбасын құрған. Сөйтіп, екі көршінің балаларын Құдай қосқан.  Бүгінде Нәсіпжан – қайырымды отағасы да, Алтынзер бір үйдің ибалы келіні атанып отыр. Сонымен, Алтынзер Айтбайқызының әңгімесіне құлақ түрсек…

 

— Отағасым Нәсіпжан 1968 жылы, өзім 1967 жылы Аяққұм (қазіргі Қаңбақты елді мекені) ауылында дүниеге келдік. Мектеп табалдырығын да қарайлас аттадық. Аяққұм кеңес дәуірі кезінде ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосқан фермалардың бірі болды. Осы ферма жұмысының өрге домалауына біздің ата-аналарымыз да бар күш-жігерлерін жұмсады. Қайын атам Жұматжан механизатор болып еңбек етсе, менің әкем марқұм Айтбай шофер болып жұмыс істеді. Ал енем мен анам от басы, ошақ қасының ұйытқысы бола білген жандар.

Нәсіпжанды ауылдастары Нәсу деп атайды. Біз оқыған кезде Аяққұмдағы мектеп сегіз жылдық болатын. Ауыл балаларының дені сол мектептен негізгі білім алған соң Сарыбұлақ кеңшарының орталығындағы Қорғантұз орта мектебіне барып, 9-шы, 10-шы сыныпты оқитын. Біздер де сөйттік. Нәсіпжан орта мектепті бітірісімен бір жылдай әкесіне жәрдемдесіп, кеңшарда жұмыс істеді.

Бұрын кеңестік дәуірде  ер жігіт әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтемесе, үлкен сын болып есептелетін. Нәсіпжан да он сегіз жасқа толысымен Қиыр Шығыстағы Амур өлкесінде екі жыл болып, Отан алдындағы борышын өтеп қайтты. Әскерден оралған соң ауылда әр түрлі жұмыстар істеген.  Ал өзім орта мектепті бітірген соң, Ақтөбе кооперативтік техникумына оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, ауылдағы азық-түлік дүкеніне сатушы болып жұмысқа орналастым. Кейін экономист мамандығы бойынша жоғары білім алдым.

—  Сіздер бір ауылда дүниеге келіп, тел өстіңіздер. Балалық шақтарыңыз көз алдарыңызда шығар?

— Әрине, біз балдәурен шақтан бері біргеміз десек болады. Бір-бірімізді кішкентайымыздан жақсы білеміз. Екеуміз де ауылда, қарапайым отбасында дүниеге келіп, жақсы адамдардың тәрбиесін көріп өстік. Ата-аналарымыздың ақыл-кеңесінен аттап кеткен кезіміз болмады. Отбасылы болған соң екеуміз екі жаққа бірдей болуға тырысып, ата-аналарымызға қарасып тұрдық.  Екі жақпен де сыйластығымыз бірдей.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Бұл күні екеуміздің жеткен жетістігіміз, жиған абыройымыз болса, сол үлкендеріміздің бізге берген ақыл-кеңестерінің арқасы деп білеміз. Қолымызда ата-енем тұрады. «Алтынзерім алтын десе алтын ғой» деп отырады енем. Мені өз қызындай көріп, жиі еркелетіп отырады. Есейсем де, енемнің жылы сөздеріне өзім балаша мәз боламын. Осының өзі ене мен келін арасындағы мызғымас сыйластықтың нышаны деп ойлаймын.

Отбасымызда Әсет есімді ұлымыз бен Әсел есімді қызымыз бар. Үлкендерден алған ақыл-кеңесімізді, жақсы өнегені балаларымызға дарытудан, үйретуден жалықпай келеміз. Шүкір, балаларымыздың тәлім-тәрбиесі жаман емес. Қызымыз Әсел Ақтөбедегі «Дүние» университеті жанындағы гуманитарлық-техникалық колледжді қызыл дипломмен аяқтады. Бүгінде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде заңгер мамандығы бойынша білімін жалғастырып жатыр. Ал ұлымыз Әсет Ақтөбе кооперативтік колледжінде оқиды.

«Мал баққанға бітеді» деген сөз бар. Шаруашылықтарыңыз жайлы айтсаңыз?

— Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кім-кімге де оңай соққан жоқ. Кеңес үкіметіне арқа сүйеп, ұйыған айрандай болып отырған ауылдардың іргесі сол кезде сетінеп кетті. Көптеген ауылдағы ағайындар жүгін тиеп, қалаға көшіп жатты. Бәрін де «келешегіміз қалай болады?» деген ой мазалады. Бірақ біз ол кезде ауылдан көшу жайында ойламадық.

Тоқсаныншы жылдардың басында «Ақжол» шаруа қожалығын құрып, мал өсіріп, мал шаруашылығымен айналысуды мақсат еттік. Қазірде шаруа қожалығы иелігінде шабындық жерді қоса есептегенде 7 мың гектар жер бар. Малдың жайлауы – Кекірелі қыстағы. Құдайға шүкір, мал саны жыл сайын артып келеді. Заман талабына орай төрт түліктің санына емес, қазір сапасына да қарайтын болдық. Жалпы Аяққұм өңірі малға жайлы жер. Себебі, бұл жақтың қысы қатал емес. Сонда да жыл сайын жазда қысқа мал азығын  мол етіп, қор жинап аламыз. Артылғанын көрші ауылдарға апарып сатамыз. Шаруашылық жайы шүкір дерлік. Отағасым ауыл шаруашылығындағы жетістіктері үшін бірнеше рет аудан әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.

— Бозой ауылдық округінде жомарт жүректі азаматтар көп. Солардың қатарында сіздің де жұбайыңыздың есімі жиі айтылып жатады..

— Иә, менің жұбайым қолынан келсе, біреуге көмектескісі келіп тұрады. Округте өтетін түрлі  қайырымдылық шараларына әрдайым қатысып, өз үлесін қосып келеді. Жыл сайын шөп шабу науқаны кезінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына шөп беріп, көмек қолын созады. Бірақ өзі «мен біреуге қайырымдылық істедім» деп атын шартарапқа естіртуге әуес емес. Бұл да оның көргенді отбасында тәрбиеленгенінің бір белгісі шығар. Қарапайымдылығы болар.

Отағасыңыз отбасында қандай адам?

— Әңгімеміздің басында айтқанымдай, ол екеуміз бір-бірімізді кішкентайымыздан білеміз ғой. Сондықтан оның болмысына сипаттама жасар болсам, мен ұзаққа кетіп қалуым мүмкін. Қысқасы ол тумысынан еңбекқор, сабырлы, көпшіл адам. Жолдас-жораларымен әрдайым бекем татулықта, сыйластықта келеді. Сіздің бұл сауалыңыздың артында өзге отбасыларындағыдай «ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмай ма?» деген сауал жатқан тәрізді. Біздің арамызда ондай келіспеушілік жоқ. Өйткені біздің бір-бірімізбен ұрысып, тәжікелесіп жатуға уақытымыз бола бермейді. Күн сайынғы атқаратын шаруамыз шаш етектен. Бірде малдың жайын күйттеп, енді бірде қалаға түрлі шаруалармен шапқыласақ,  енді бірде үйдің күйбең тірлігінен босамай жатамыз.  Еркек пен әйелдің арасындағы кикілжің негізінен жұмыстың жоқтығынан, бос уақыттың көптігінен, бір-біріне деген сыйластықтың, түсіністіктің таяздығынан туындайды деп ойлаймын.

Жұбайым сондай-ақ, малжанды. Бала кезінен жылқы малын күтіп-баптағанды жақсы көреді. Аламан бәйге десе, ішер асын жерге қояды. Бәйгеге ат қосу, ат жарату, баптау — оның сүйікті ісі. Өткен жылы оңтүстік өңірінен жарты миллион теңгеге тұлпар сатып әкелді. Оны да күтіп-баптап жүр. Ол сондай істен рахат демалыс табатынға ұқсайды…

— Жолдасым Нәсіпжанның Тоқберген, Бекнияз, Аманқос, Ізберген, Нұрман, Амандық есімді достары бар. Ол осы достарын әрқашан мақтан тұтады. Достары бәрі бірігіп, осыдан үш жыл бұрын «Аламан-Бозой» бәйге клубын ашты. Клубтың өз эмблемасы бар. Көбіне көктемде, яғни, 1-мамыр, 9-мамыр мерекелерінде бәйге жарыстарын ұйымдастырады.

Үш жыл қатарынан Бозой селосында жылына бір мәрте ат жарысы өткізіліп келеді. Оған жан-жақтан сәйгүліктер қатыстырылады. Аламан бәйгенің жүлде қорын өздері жасақтайды. Ауыл азаматтарының ұлттық спортты дамытуға ден қоюын үлкен бір ауызбіршіліктің көрінісі деуге болады, — дейді зайыбы Алтынзер.

Нәсіпжан мен Алтынзерді өздерінің шаруашылықтарының тасын өрге домалатып отырған іскер жандар деуге болады. Олар иелік ететін «Ақжол» шаруа қожалығындағы төрт түліктің саны да, сапасы да көңілге қонымды. Кез келген мезгілде қай шаруасына да іркілмей жүре беретін техникалары да сақадай сай. Қысқасы, тәуелсіз елмен үзеңгілес отбасы иелерінің бойынан қай іске де тиянақты, тындырымды, адал еңбекті алға қоятындықтары көрініп-ақ тұр.

 

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Беттің әзілі:

Шойын тойды жүргізуші асаба былай деді:

—  Өзенде тасбақа жүзіп келе жатса керек. Оның үстіне жылан жайғасып алған екен. «Шағып алсам – тастап кетеді-ау», — деп ойлайды жылан. «Тастап кетсем, шағып алар», — деп ойлайды тасбақа. Ендеше, тасбақа мен жылан сияқты бір-бірін ешқашан тастап кете алмайтын ерлі-зайыптылар болуларыңызды тілеп, сол үшін алып қоялық!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button