Мәдениет

Ахметтің халқына аманаты

Жақында Нұрпейіс Байғаниннің әдеби хатшысы  болған арқалы ақын, Ұлы Отан соғысында шейіт болған журналист Ахмет Ескендіровтің 110 жасқа толуына орай «Қазақстан – Гүлстан» атты кітабы жарық көрді.  Оның баспа жүзін көруіне үлкен еңбек сіңірген — ақынның ұлы Темірболат Ескендіров.

Қазір Заречный-2 ауылында Ахмет Ескендіровтің  атында  көше бар. Дегенмен ақын есімін алдыңғы толқын ұрпақ болмаса, қазір оқырман қауым онша біле бермес. Енді осы кітаптың арқасында халыққа ақынның шығармашылығымен, өмірімен жақынырақ танысудың мүмкіндігі туды деп ойлаймыз.

Ақынның тұңғыш кітабының   бірінші бөлімінде  оның  облыстық газетте (ол кезде «Кедей», «Социалды жол» аталған)  жарық көрген өлеңдері, мақалалары толық басылған.  Оның әдеби мұрасын ақынның зайыбы Нәсіл Дәржанқызы сандықта көздің қарашығындай сақтап, ұлы Темірболатқа аманат еткен екен.

«Өткен күндер естелігі» бөлімінде  ақынның ұлы Темірболат  Ескендіровтің әкесі жайлы естелігінен үзінді берілген, оны оқи отырып, жалынды  ақынның  өмірі, қызметі жайымен, әулет тарихымен, сол заман тынысымен танысуға болады. Сондай-ақ небәрі қырық үш жасында Отан үшін опат болған Ахмет Ескендіровті көзімен көрген Қ.Қожамұратов сынды әріптесінің, ақын Мұхтар Құрманалиннің,  кейінгі буын журналистердің  ақын туралы мақалалары берілген. Қай-қайсысынан да Ахметтің талантты, оқыған, сауатты, адамшылығы мол, жан-жақты азамат болғаны аңғарылады. Ахмет Ескендіровтің кітабы оқырман қауымның олжасына айналарына  сенімдіміз.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button