Мәдениет

Әлиялар ғана шақырылады!

Байқау

Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында «Әлиялар — Тәуелсіздік құрдастары» атты облыстық сайыс өткізгелі отыр.

Мақсат — жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттық тәрбиені өрістету, Әлия Молдағұлованың есімін ұлықтау және мәңгі есте қалдыру.

Осы жылдың 6 желтоқсаны күні облыстық халық шығармашылығы үйінде өтетін байқауға өтініштер мен қатысушы туралы ақпараттар 20 қарашаға дейін қабылданады.

Бір ерекшелігі, бұл байқауға 1991 жылы дүниеге келген Әлия есімділер ғана қатысуы керек.

Ал Әлияларға қойылатын талап қандай?

Әуелі әр талапкер өзін-өзі таныстырады.

Одан соң Кеңес Одағының Батырлары Әлия мен Мәншүк туралы, 1990-1991 жылдар аралығындағы Қазақстан тарихына қатысты сұрақтарға жауап береді.

Келесі кезең — өнер: ән, би, мәнерлеп оқу, т.б.

Әлияға арналған шығармаларды мәнерлеп оқу немесе сахналық қойылым көрсету — тағы бір жеке кезеңнің еншісі.

Бесінші талап — сән үлгісін ұсыну.

Облыстық мәдениет басқармасы, облыстық білім беру басқармасы, Т.Ахтанов атындағы драма театрдың өкілдері мен Ә.Молдағұлова музейінің директоры сарапшылық жасайтын бұл байқауда тіл байлығына, тіл мәдениетіне, білімге, дауыс мәнеріне, сахнада талапкердің өзін ұстай білуіне, киім кию үлгісіне назар аударылады.

Байқаудың қорытындысы бойынша Бас жүлде, үш орын (І,ІІ,ІІІ) иелері анықталып, дипломдар, бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Байқауға қатысуға тілек білдірушілер Ә.Молдағұлова даңғылы, 47-үйде орналасқан музейге, сондай-ақ 52-15-98; 24-22-14 телефондарына хабарласуларына болады.

Бәйгеден құр қалмаңдар, Әлиялар!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button