Мәдениет

Қайтып келген чех жақсы…

Осыдан бір қауым уақыт бұрын облысымыздағы чех отбасылары тарихи Отанына қарай үдере көшкенімен, биыл олардың алдыңғы легі елімізге қайта оралды. Уәждері – Қазақстандағы бауырмалдық пен ыстық құшақты сағыныпты. Біз алдағы мереке қарсаңында осы ұлттың белсенді өкілдерінің бірі Валенитна Пэструді әңгімеге тартқанбыз.

– Чехияға кетуімізге байланысты біздің ұлттық-мәдени орталық бір жылдай жұмыссыз тұрған еді. Енді оны қайта жандандырмақ ойымыз бар.

Қайта оралғанымызды көпшіліктің түсінбеуі мүмкін. Бірақ саналы ғұмырымыз өткен Ақтөбедегі жылы орнымызды тастап кетудің оңай болмағаны рас. Біз қазақтарды сағындық… Оның үстіне, ол жақтың ауа райы балаларымызға жақпады. Осындағы қазақ достарымызды өлердей сағындық… Қазақстан шекарасын аттаған бетте еңіреп жылағаным да сондықтан. Әсіресе, кеденшілердің түсіністікпен қарап, өз адамындай, жерлесіндей қарағандығы қуантты.

Бізбен бірге қозғалғандардың бірсыпырасы Ресейде қалды. Ал қазір 13 отбасы бірге келдік. Тіпті, бұрынырақ кеткендердің арасында қайта келгендері де бар. Әрине, менің Чех мемлекетін жамандағым келмейді. Бірақ ол жақтағы тұйықтық, қарым-қатынастағы салқындық тіксінткені рас.

Енді қалған ғұмырымызда Отанымыз – Қазақстаннан аттап баспаймыз. Бұл жақта ұлтқа бола жіктелу жоқ. Болашағымыз жарқын. Шіркін, Наурыз бен Пасханы бірге тойлап, қуаныш пен қайғыны қатар бөлісетін қазақтан асқан ұлт бар ма? Оған әлі көз жеткізгенім жоқ. Сондықтан осындағы бауырластар ғайбаттамаса екен деймін.

Ақтөбеден кеткен чехтардың көпшілігі осындағы үйлерін сатып жібергендіктен қайта оралуға шамалары жетпеді. Ал облыс басшылары көмектесеміз деген уәделерін бергенде қуанғанымызды көрсең. Осында келген бетте күйеуім мен балаларым бұрынғы жұмыс орындарына орналасты. Әрине, бұл – бауырмалдықтың айқын белгісі.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button