Басты жаңалықтар

«АҚТӨБЕ» «ЖЕҢІСТІ» ЖЕҢДІ, ал ойыннан түскен қаражат су тасқынынан зардап шеккендерге жұмсалды

«Ақтөбе»-«Жеңіс» — 3:0

30-31 наурыз күндері 3-тур ойындары өтті. Қазақстанның екі дүркін чемпионы биыл үшінші рет жеңіліске ұшыраса, астаналықтар мен былтырғы чемпиондар бірінші рет ұтылды. «Тобыл» тең ойынмен қанағаттанды. Ал  «Қайраттың» жеңісі үйреншікті есеп ретінде қабылданды.

Қысқасы, алаң иелерінің ішінен бір ғана команда жеңіске жетті. Ол — «Ақтөбе».

«Ақтөбе»-«Жеңіс» кездесуінен түскен қаражатты футбол клубының басшылығы облыстағы төтенше жағдайдан зардап шеккендерге аудару туралы шешім қабылдады.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Астананың «Жеңіс» командасын қабылдады.

Біздің шаһарымыз бұл кездесуді салқын қабақпен қарсы алды. Әрине, чемпионаттың да, футболшылардың да жазығы жоқ. Тек біздің өңіріміз көктемнің алғашқы айында жылынып кете алмайды. Сол себепті бірінші ойынды Орталық стадионда өткізе де алмайды.

Наурыз айының басында өткізген бірінші турдан соң жерлестеріміз ұзақ демалған. Арасында бір аптаға Түркияға барып, жаттығулар өткізіп қайтқан. Осы аралық жанкүйерлерді қатты қауіптендірген. Грекия құрамасымен кездесер алдында біздің ұлттық құрамамыз да осындай ұзақ дайындалғаны бар. Ақыры не болды? Күтпеген есепке ұрындық — 0:5.

Бірақ бұл жолы олай болмады. Дмитрий Парфенов шынықтырған жігіттер биыл Премьер-Лигаға қайта оралған, сонысына қарамастан, «Шахтерді» ұтып үлгерген «Жеңіске» дес бермеді.

13-минутта есеп ашылды. «Жеңіс» футболшысы сасқалақтап жүріп қолмен қорғануға мәжбүр болды да, пенальти белгіленді. Он бір метрлік нүктеге келген Максим Самородов қателескен жоқ — 1:0.

Арада 7 минут шамасы өткенде «Ақтөбе» есепті еселеді. «Жеңістің» үш қорғаушысының бақылауында жүрген Ыдырыс Умаев алаң ортасына тақау жерде  өзіне ішкі жақтан тасталған пасты қағып түсті де, қарсыластар қақпасына қарай құйындай ұшты. Қапталдаса жүгірген екі қорғаушыға да ерік бермей, тура қақпа алдына жетіп, соққы жасады. Қақпашы Никита Калмыков аяғын созып үлгерді, бірақ доп бөгелместен сырғып барып сол бұрышқа еніп кетті — 2:0.

Осыдан соң «Жеңіс» футбошылары қауіпті екі соққы жасады. Біріншісінде доп маңдайшаға тиіп кері серпілсе, екінші жолы Игорь Щацкий аса қағылездік көрсетіп, допты кері қағып үлгерді.

Ал екінші таймда үшінші голға кезек келді. 49-минутта Дорни Ромеро өзіне тасталған пасты абдырамай қабылдап, айып алаңына жақындай түсті де, сол аяқпен жойқын соққы жасады. Доп маңдайша бағанының астыңғы жағына тиіп барып, қақпа ішіне топ ете түсті — 3:0.

Бұдан соң да ақтөбеліктер Никита Калмыковты екі рет қапы қалдыра жаздады. Әттең, сәті түспеді. Ал 74-минутта Матео Барач алаңнан қуылды да, қонақтар және бір ыңғайсыз соққы жасады, бұл жолы да қақпашымыз Игорь Щацкий тамаша шеберлік көрсетті.

Осылайша «Ақтөбе» биылғы екінші кездесуінде екінші рет жеңіске жетті. «Ақтөбенің» шамасын әлі көрерміз, мынау алғашқы қарқыны ғой, оның үстіне қонақтар көп қателесті» деушілер де болмай қалған жоқ. Бұл жерде мәселе тек қателесуде емес, қателестіруде екенін де ұмтпаған жөн-ау.

«Ақтөбе»-«Жеңіс» — 3:0

Гол авторлары: Максим Самородов, пенальти, 13-минут (1:0); Ыдырыс Умаев, 20-минут (2:0); Дорни Ромеро, 49-минут (3:0).

Ескерту қағазын алғандар: Матео Барач, 51-минут, Игорь Шацкий, 90+3 минут («Ақтөбе»), Ғалымжан Кенжебек, 30-минут, ​Беньямин Йертстранд, 45+1 минут («Жеңіс»).

74-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Матео Барач («Ақтөбе») жасыл алаңнан қуылды.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий, қақпашы, Дмитрий Бессмертный (Бағдат Қайыров, 90+2 минут), Матео Барач, ​Габи Кики, Богдан Вэтэжелу, Хосе Севальос (Әлібек Қасым, 77-минут), ​Леонель Струмия, Уче Агбо, Бауыржан Байтана (Жан Жайро, 46-минут), Максим Самородов (Рамазан Оразов, 44-минут), Ыдырыс Умаев.

Бас бапкер — Дмитрий Парфенов.

31 наурыз 2024 жыл. Ақтөбе қаласы, Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің стадионы.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Шахтер»-«Тұран» — 0:2

«Ордабасы»-«Қайрат» — 1:2

«Астана»-«Елімай» — 0:1

«Атырау»-«Жетісу» — 0:1

«Қызылжар»-«Тобыл» — 0:0

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 3 гол;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 2;

Дорни Ромеро, жартылай қорғаушы — 1.

*   *   *

Жерлестеріміз 2 кездесу өткізіп,  2 рет жеңді. Ұпай саны — 6. Доп айырмашылығы — 6-1.

*   *   *

Үшінші турдан соң турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:

1-2 орындарға 7 ұпаймен «Тобыл» мен «Қайрат» шықты.

3-4 орындарда 6 ұпайдан жинаған «Ақтөбе» мен «Астана» тұр.

5,6,7,8 орындарға 4 ұпайдан жинаған «Ордабасы», «Қызылжар», «Тұран», «Елімай» жайғасты.

9-10 орындарға 3 ұпайдан жинаған «Жетісу» мен «Жеңіс» келсе, 2 ұпайы бар «Атырау» 11-орында қалды.

Соңғы 12-13 орындарда еш ұпайы жоқ «Қайсар» мен «Шахтер» тұр.

* Басқалардан «Ақтөбе», «Жетісу», «Қайсар» командаларының бір ойындары кем екенін еске саламыз.

*   *   *

4-тур ойындары:

6 сәуір, сенбі

«Қызылжар» — «Жеңіс»

«Елімай» — «Қайсар»

«Қайрат» — «Жетісу»

7 сәуір, жексенбі

«Ақтөбе» — «Атырау»

«Шахтер» — «Астана»

«Тұран» — «Ордабасы»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button