Басты жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзі

Aqorda 🇰🇿:
⚡️ Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Келесі құндылық – әділдік және жауапкершілік. Шын мәнінде, бұл мемлекеттің де, қоғамның да айнымас темірқазығы болуға тиіс. Барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнайды, татулық пен келісім нығая түседі.

Мен мемлекет басшысы ретінде Әділетті Қазақстанды құруды өзімнің басты міндетім деп санаймын. Президент болып сайланған алғашқы күндерден бастап әділдік қағидасын қатаң ұстанып келемін.

Бұл идея 2022 жылы қыркүйекте жарияланған Жолдауымда толыққанды тұжырымдама ретінде көрініс тапты. Осы орайда «әділдік» ұғымының саяси риторикада және тәжірибеде қолданылуы белгілі бір сын-қатерлер туындатып, азаматтарды шамадан тыс үміттендіріп, олардың билікке талабын күшейте түсуі мүмкін деген пікір бар. Меніңше, бұл әділдік ұғымының аясын тарылтады, жұрт оны игіліктер мен ресурстарды тең бөлу деп қана қабылдайды. Шын мәнінде, әділдік – ең алдымен, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз.

Әділдік пен жауапкершілік – тығыз байланысты ұғымдар. Басқаша айтсақ, жауапкершілік болмаса, әділдік те болмайды. Әркім өз ісіне, міндетіне жауапкершілікпен қараса, жеке азамат та, бүкіл ел де табысқа жетеді. Әділдіктің қуаты – осында».

«Тағы бір маңызды құндылық бұл – заң және тәртіп. Заң алдында – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуге тиіс.

Барша азаматтар, барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауы керек. Заңға қайшы келетін, қоғамға іріткі салатын және арандатушылық пиғылдағы кез келген әрекетке қатаң тыйым салынады. Біз «жасампаз плюрализмді толық қолдаймыз, елге іріткі салатын радикализмге түбегейлі қарсымыз» деген қағидатты берік ұстанамыз. Ел ішіндегі тәртіпке әрқайсымыз жауаптымыз. Әлемді шынымен өзгерткің келсе, өзгерісті қарапайым нәрседен баста деп бекер айтылмаған. Яғни, отбасыңда береке болуын ойла, жұмыс орныңды, үй-жайыңды, аулаңды ретке келтір, қоғамдық орында әдеп сақта.

Құқықтық мәдениеттің деңгейін аңғартатын айқын көрсеткіштің бірі – азаматтарымыздың көлік жүргізу мәнері. Жол жүру ережесін жаппай бұзудың және жол үстіндегі дөрекіліктің зардаптары аса ауыр боп тұр. Жыл сайын мыңдаған адам мен бала көлік апатынан қаза табады. Бұл – солардың жақын-жуықтары үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін қайғылы жағдай. Заң бар жерде, тәртіп бар.

Көбінесе қиын сәттерде азаматтардың тәртіпке бағынуы олардың қауіпсіздігіне кепіл болады. Жақында Алматы қаласында жер сілкінгенде кейбір балабақшалар мен мектептердегі балалар ұйымшылдықтың озық үлгісін көрсетті. Осыдан-ақ баланы балабақшадан және бастауыш сыныптан бастап тәртіпке баулудың қаншалықты маңызды екенін айқын көруге болады».

«Келесі маңызды құндылық – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. «Туған жерге туың тік» дейді халқымыз. Өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет.

Қазақстан – барша азаматтарымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені. Оның қай түкпірі де – біздің туған жеріміз. Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал.

Мен облыстарға сапар кезінде жастардың көбі туған ауылынан сыртқа шығуға құлықсыз екенін байқаймын. Менің тапсырмаммен алдыңғы жылы батыс аймақтың жастары үшін 10 мың білім гранты бөлінді. Өкінішке қарай, сол гранттың көбі игерілмей қалды. Сондықтан грант санын еселеп қысқартуға тура келді. Яғни, жастарымыз қолда бар мүмкіндікті пайдаланбай отыр.

Өмір бойы бір жерде, бір ауылда отырған жастардың келешегі және көзқарасы қандай болады? Бұл сұрақтың жауабы – анық. Айтпаса да түсінікті. Шын мәнінде, бұған үлкендер де кінәлі. Көбінесе, ата-аналар баласын алысқа жібергісі келмейді. Соның кесірінен көптеген жастар еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болып, әлеуметтік жәрдемақыға қол жайып отыр. Бұл – масылдық деген сөз».

«Бала есейген соң қанаттанып, ұядан ұшуға тиіс. Басқа аймақтарда, тіпті, шетелде білім алуы қажет. Өзге жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын көргені абзал. Сондай-ақ қай жерде өзіне және еліне пайдасы тисе, сол жерге барып еңбек етуі керек.

Бүгінде солтүстік аймақтарда жұмыс күші жетіспейді. Ол жақта тегін білім алуға, жақсы жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Мемлекет беріп отырған осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет.

Біз мыңдаған шақырым жерде көшіп-қонып жүрген көшпенділердің ұрпағы екенімізді ұмытпайық. Қазіргі жастар заманауи көшпенділіктің жақсы жақтарын игере білуі керек. Көші-қон – дүние жүзіне ортақ қалыпты құбылыс. Біз шетелге барып, қара жұмыс істеп жүр деп, көрші елдің азаматтарын менсінбей қараған адамдарды да көрдік. Шын мәніне келгенде, сол шетелде жүрген адамдар жаңа дағдыларды игереді, жаңа кәсіптерді меңгереді. Олар өз елінің экономикасын дамытуға едәуір үлес қосып жүр».

«Американың өзінде Орталық Азиядағы көршілес елдердің мыңдаған азаматтары тұрып жатыр. Көбі бизнесін жүргізіп, саудамен айналысады, арасында қалталы адамдар пайда болуда. Бірақ олар өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтқан жоқ. Ең дамыған елдердің азаматтары да шетел асып, табыс табуға намыстанбайды. Заманауи көшпенділер, Modern Nomads дегеніміз – осы. Бұл – бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс.

Соңғы жылдары біздің де жастарымыз шетелге жиі шыға бастады. Қазір Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеп жүр. Табыс табу үшін шетелде бейресми еңбек етіп жүргендер де бар. Қай жерде болсын, еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Сонда мемлекет олардың құқығын қорғап, қандай бір жағдай болса, көмектесе алады.

Ел ішінде немесе шетелде заңды түрде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік туса, одан бас тартпаған жөн. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу»

«Келесі құндылық – жасампаздық және жаңашылдық. Бұл – өте жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті, біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз.

Біз адам капиталына арқа сүйесек, өзіміз белгілеген ауқымды өзгерістердің бәрін жүзеге асыра аламыз. Елімізде талантты азаматтар аз емес. Олар тың амал-тәсілдер қолданып, батыл шешімдер қабылдағанының арқасында түрлі салада зор табысқа жетіп жүр.

Соңғы жылдары креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Қазақстанның мәдени толқыны кең қанат жайып, өрендеріміз аймақтық және жаһандық деңгейде таныла бастағаны кездейсоқтық емес. Ұлтымыздың орасан зор жасампаздық әлеуеті кино, музыка, әдебиет және өнердің басқа да жаңа салаларында айқын көрініс тапқан. Креативті индустрия экономикамызды өркендетуге тың серпін беретініне сенемін.

Еліміз біртіндеп постиндустриалды қоғам үлгісіне көшіп келеді, идея мен инновация оның басты қозғаушы күші саналады. Біз озық технологияларға негізделген білім экономикасын құруымыз қажет. Қазақстан жаппай цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған елге айналуға тиіс. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз. Осы технология таяу болашақта әлемді түбегейлі өзгертеді.

Біз барлық салада цифрлы номадтар өркениетінің озық стандарттарына сай болуымыз керек. Жастарымыздың әлеуеті мен менталитеті, қарым-қабілетіне қарасақ, «Қазақстанның қарышты қадамын» жасауға біздің толық мүмкіндігіміз бар екені байқалады. Басқа-басқа, бірақ дәл осы жерде батыл қимылдап, құлашымызды кең сермеуден қорықпау керек».

«Әрине, мұның бәрі қатып қалған қағида емес. Алайда, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы негізгі бағыт-бағдар бола алады. Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Мен ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек.

Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады»

«Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек. Өздеріңізге мәлім, соңғы бес жылда біз әртүрлі құндылықтар жайлы жиі пікір алмасып, ой елегінен өткіздік. Оның бәрі уақытша ғана мәні бар жалаң тақырыптарды талқылау емес, идеология саласында жүргізілетін кешенді жұмыстың нақты бағдарын айқындау үшін жасалды.

Мен бүгін маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз туралы тарқатып айтып бердім. Тағы да бір қайталап өтейін: бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет.

Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға тиіс. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер студенттермен жүргізілетін жұмысқа осы құндылықтарды үйлестіре кіріктіруі керек. Аталған идеалдар Қарулы күштеріміздің әскери-патриоттық іс-шараларына да арқау болуы қажет».

«Әрине, мұның бәрі қатып қалған қағида емес. Алайда, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы негізгі бағыт-бағдар бола алады. Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Мен ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек.

Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады»

«Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек. Өздеріңізге мәлім, соңғы бес жылда біз әртүрлі құндылықтар жайлы жиі пікір алмасып, ой елегінен өткіздік. Оның бәрі уақытша ғана мәні бар жалаң тақырыптарды талқылау емес, идеология саласында жүргізілетін кешенді жұмыстың нақты бағдарын айқындау үшін жасалды.

Мен бүгін маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз туралы тарқатып айтып бердім. Тағы да бір қайталап өтейін: бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет.

Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға тиіс. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер студенттермен жүргізілетін жұмысқа осы құндылықтарды үйлестіре кіріктіруі керек. Аталған идеалдар Қарулы күштеріміздің әскери-патриоттық іс-шараларына да арқау болуы қажет»

«Негізгі құндылықтарымызды бұқаралық ақпарат құралдары мен креативті индустрия, әсіресе, кино, музыка және әдебиет арқылы дәріптеу аса маңызды. Салалық ведомство көпшіліктің қызығушылығын туғызатын тың жобалар ұсынуға тиіс.

Жаңа қоғамдық этиканы орнықтыру ісінде орталық органдар ғана емес, өңірлік билік те маңызды рөл атқарады. Орталық пен аймақтар тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Мысалы, ел ішіндегі еңбек көші-қонын жандандыру мәселесі бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыс әкімдіктері өзара үйлесімді әрекет етіп, жұмыла жұмыс істеуі қажет.

Ұсынылып отырған құндылықтар жүйесі ағартушылар мен қоғам белсенділеріне бағыт-бағдар бола алады. Озық құндылықтар біздің болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы үшін оны қоғамда жан-жақты дәріптеудің тиімді тәсілдерін іздеу, ұсыну және тарату қажет. Сіздер, Ұлттық Құрылтайдың мүшелері, осы күрделі әрі маңызды жұмыстың алғы шебінде болуға тиіссіздер.

Сырттан келмеген, өмірден іргесін ажыратпаған бұл құндылықтар төл тарихымызға, мәдениетімізге, болашаққа ұмтылысымызға негізделген. Сондай-ақ барша азаматтарымыздың мүддесіне сай келеді. Оны кеңінен дәріптеп, ілгерілету үшін мемлекеттік аппарат пен қоғамдық күштердің бәрі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеуі қажет. Президент Әкімшілігіне бұл жұмысты бақылауға алуды және идеология саласындағы міндеттерді орындау үшін кешенді жоспар жасауды тапсырамын»

«Елімізді жан-жақты жаңғырту үшін кең ауқымды жұмыс жасалып жатыр. Бүгінгі айтылған бастамалар – соның бір бөлігі ғана. Көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер әлі де бар. Оның бәрі халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етеді. Біз оны біртіндеп шешіп жатырмыз. Бірақ барлығын бір күнде реттеу мүмкін емес. Сондықтан оған уақыт, түсіністік және сабыр қажет.

Дүние жүзінде қалыптасып отырған аса күрделі ахуал жағдайды ушықтырып тұр. Кейбір саясаткерлердің жауапсыз мәлімдемесін өздеріңіз оқып жатырсыздар, олар түрлі арандатушыларға дем беруде.

Біздің алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу. Біз әрдайым өрлеуді таңдаймыз. Әрине, өрге шығу оңай емес. Талай қиындық туындауы мүмкін. Соған қарамастан, тек алға ұмтылуымыз керек.

Соңғы бес жылда көптеген маңызды бастаманы жүзеге асырдық. Нәтижесінде Қазақстан саяси тұрғыдан түбегейлі өзгерді. Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін нақты шаралар қолға алынды. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Үкіметке экономиканы түбегейлі реформалау үшін барлық құзырет берілді. Халқымыз оның нәтижесін көп ұзамай көреді деп сенемін. Бірақ ең бастысы – нақты мақсат қойып, соған ұмтылу. Осыны жете түсінген жөн. Әр азамат еліміздің қайда бет алғанын, ертеңіміз қандай болатынын білуі керек. Бұл – өте маңызды»

«Әрине, еліміздің болашақтағы бейнесі сан қырлы, оны әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Алайда оның негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттауға болады. Бұл үшеуі бір-бірінен бастау алады және өзара тығыз байланысты.

Еліміз стратегиялық бағдарынан ешқашан ауытқымайды. Біз мықты демократиялық институттары және дамыған құқықтық жүйесі бар Әділетті мемлекет құрамыз. Ел ішінде заң мен тәртіп қатаң сақталады. Бұл – саясатымыздың тұғырлы қағидаты. Біз баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастырамыз. Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады.

Біз «бірлігіміз – әралуандықта» деген қағиданы берік ұстанып, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтайтын боламыз. Түрлі діндер мен конфессияларды жақындастыруды және қазіргі заманғы өзекті мәселелерге қатысты диалог орнатуды көздейтін мәртебелі миссиямызды атқара береміз.

Біз азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыратын, барша әлемнің кәсіпкерлері, инвесторлары мен талантты адамдары қызығатын ашық әрі дамыған экономика құрамыз. Бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырамыз.

Бізге және ұрпағымызға ешкім сырттан келіп жарқын болашақты жасап бермейді. Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді».

«Мен жуырда Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен арнайы кездестім. Сонда айтқан ойымды еліміздің барша жастарына тағы да қайталағым келеді. Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Көп ұзамай мемлекетті басқару ісі, яғни ел тізгіні бүгінгі жастардың қолына өтеді. Сіздер осы жауапкершілікті қазірден бастап сезінулеріңіз қажет. Өздеріңізге жүктелетін тарихи миссияны орындауға қашанда дайын болуларыңыз керек.

Біз жасампаз халық болуымыз қажет. Оған әлеуетіміз толық жетеді. Сан ғасырлық тарихында қазақ мемлекеттігінің құрылымы талай рет өзгерді. Бірақ елдігіміздің тұғыры қашанда – берік, ұлтымыздың рухы – әрдайым асқақ.

Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға ұмтылуымыз керек. Өнімді еңбек етіп, сапалы білім алып, ортақ мақсатқа жұмыла білуіміз қажет. Сонда болашағы жарқын, қуатты мемлекетті бірге құрамыз».

«Ұлттық құрылтай жұмысы жүйелі, маңызды қоғамдық институт ретінде қалыптасты. Құрылтай мүшелері нағыз елдік мәселелерді көтеретін «біртұтас командаға» айналуға тиіс. Сіздер жұмыс барысында көптеген ұтымды ұсыныс беріп жүрсіздер. Бірқатар бастама жүзеге асырылып жатыр. Бүгін де жаңа идеялар айтылды. Оның бәрі мұқият қаралып, маңызды ұсыныстар бойынша нақты шаралар қолға алынады. Құрылтай барынша тиімді әрі оңтайлы қызмет етіп жатыр деп санаймын. Алдағы уақытта да белсенді жұмысты жалғастыра берген жөн.

Өздеріңіз білесіздер, мен осы басқосуға аймақ өкілдерін шақыру туралы тапсырма бердім. Бүгін, міне, ортамызда атыраулық ағайындар да отыр. Соның ішінде экология мәселелерін көтеріп жүрген белсенді азаматтар бар.

Жалпы Атырау жұртшылығы облыстың экологиялық ахуалына алаңдап отырғанын білемін. Қалада кәріз жүйесін, су құбырын салу өте маңызды. Инфрақұрылым әбден ескірген. Соның кесірінен жерасты сулары және Жайық өзені ластанып жатыр. Облыс орталығында қоқысты сұрыптауға және өңдеуге қатысты түйткілдер бар. Атырауда қоқыс сұрыптайтын кешен салынған. Әкімдік оны жақын арада іске қосуға тиіс. Сондай-ақ қоқыс полигонын дереу ретке келтіруі қажет. Бұл мәселелер міндетті түрде өз шешімін табуы керек. Қазір осыған байланысты нақты жұмыс жасалып жатыр. Үкіметке және облыс әкімдігіне бұл маңызды жұмысты аяғына дейін жеткізуді тапсырамын. Бұл мәселе менің бақылауымда болады.

Жалпы Атырау облысының дамуына ерекше мән беру керек. Сондықтан Үкімет пен әкімдік арнайы жоспар бойынша жұмыс істейді»

«Мен кезінде осында Онкология орталығын салу туралы тапсырма бердім. Бірақ, қаржы мәселесі толық шешілмей, созылып кетті. Енді оған жер қойнауын игерумен айналысатын кәсіпорындар қаржы бөлетін болды. Құрылыс келесі жылы аяқталады. Сондай-ақ, облыс әкімінің айтуынша, Радиология корпусының құрылысын қаржыландыру мәселесі де шешімін тапты. Бұл нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Осы жобаларға демеушілік көрсеткен азаматтарға және компанияларға ризашылығымды білдіремін.

Бұдан бөлек, биыл бірнеше емхана, оңалту (реабилитация) орталығы және басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі».

«Шын мәнінде, мұндай алқалы жиындарды аймақтарда өткізудің мән-маңызы зор. Сол арқылы облыстардың дамуына тың серпін береміз. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады.

Әйгілі Қасым хан – Сарайшықта, Абылай хан – Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында – Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады. Сондықтан Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынамын»

t.me/aqorda_resmi

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button