Білім

МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЖАҢА СЫНАҒЫ

Педагогтерді аттестаттаудан өткізудің қағидалары мен шарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі

 «Педагог — ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді».

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық педагогтер съзінде сөйлеген сөзінен.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес биыл елімізде педагогтерді жаңаша аттестаттау басталады. Аттестаттаудан өткен мұғалімдерге біліктілік санаттары беріледі және соған сай еңбекақысына үстемеақы қосылады.

«Ашық НҚА» порталында Оқу-ағарту министрлігінің педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы бұйрық жобасы жарияланды. Құжатта педагог білімін бағалау қағидаларын бұзғандар бір жыл мерзімде аттестаттаудан өтуге жіберілмейтіні, сондай-ақ педагог санаты төмендетілетіні көрсетілген. Сонымен қатар жасы зейнеткерлікке төрт жылдан аз қалған педагогтер аттестаттау рәсімінен босатылады. Тағайындалған біліктілік санаты оның берген өтініші негізінде зейнеткерлік жасқа толғанға дейін сақталады.

Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарындағы өзгерістер мен толықтырулар туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуовамен сөйлескен едік…

Заман талабы және жаңа дағды

Ұстаз деген құрметті атқа лайық болу үшін мұғалімдер әрдайым кәсіби тұрғыдан дамып, өзгерістерге дайын болуға тиіс. Жақын болашақта қайта оқып, біліктілік алып отыру қалыпты дүниеге айналады. Өйткені Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшыларының болжамынша, алдағы 4 жылда барлық сала, оның ішінде педагогика саласы қызметкерлерінің жартысына жаңа дағдыларды меңгеру қажет болады. Міне, дәл осы жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тыс қалған жоқ. Былтыр қазан айында өткен республикалық педагогтер съезінде ел Президенті Үкіметке педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуге нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын қайта қарап, өзгерістер мен толықтырулар енгізді. «Ашық НҚА» порталында («Ашық НҚА» порталы —  нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда мақұлдау сәтіне дейін оларды талқылау алаңы ретінде құрылған «Ашық үкімет» жобасы компоненттерінің бірі) Оқу-ағарту министрлігінің педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы бұйрық жобасы жарияланды. Қазір жобаны түсіндіру жұмыстары еліміздің барлық аймағында жүргізіліп жатыр, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

«Педагог ұжымда жүріп жалғызсырамауы қажет»

Педагогтерді аттестаттау «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес бес жылда бір рет өткізіледі. Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары «Білім туралы» Заңға сәйкес үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді. Білім беру ұйымдары басшысының орынбасарлары үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді.

Талапқа сәйкес білім алушылардың білім сапасының динамикасы — педагог үшін қызмет тиімділігінің негізгі көрсеткіші (ІІІ тараудың 1-тармағы), ал сабақ (оқу сабағы, іс-шара, ұйымдастырылған іс-әрекет) —  педагог үшін оқыту әдістемесін меңгерудің негізгі көрсеткіші.   

Басты жаңашылдықтардың бірі — педагог білімін бағалау кезінде аттестаттаудан өтетін педагогке білім беру ұйымының әкімшілігі портфолио материалдарын жинауға көмектеседі. Бұл ұжымдағы келісім мен өзара ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Әрбір аттестаттаудан өтетін педагогке ұжым басшылығы тарапынан нақты қолдаулар көрсетіледі. Бұған дейін атестаттаудан өтуге педагог өзі дайындалатын: өзі құжаттарын жинады, өзі барып тест тапсырды. Педагогтердің тең жартысы тест тапсыра алмайтын. (Еліміз бойынша аттестаттау тапсырған педагогтердің 57 пайызы тесттен «құлайды»). Енді олай болмайды. Әрбір білім беру ұйымы (мектеп, балабақша, колледж, тағы басқа) өзінің ұжымында атестаттаудан өтетін педагогтерді, соның ішінде біліктілігін дәлілдейтін жаңа біліктілік санатқа өтетін барлық педагогпен жұмыс жасайтын болады. Тікелей жауапкершілік сол білім беру ұйымына жүктеледі. Мұндағы мақсат — педагогті қолдау. Ол тестілеуден «құлап қалса» да, ұжымы оны әрдайым қолдайтынын біледі. Педагог ұжымда жүріп жалғызсырамауы қажет, — дейді Нұргүл Лескенқызы.

Әдістемеге қатысты сұрақ болмайды

Жаңа толықтыруларға сәйкес әрбір сабақ (дәріс, шара, ұйымдастырылған іс-әрекет) — педагогтің білім беру әдістемесін меңгеруінің көрсеткіші болмақ (ІІІ тарау, 49-тармақ). Яғни педагогтің сабағын бағалау арқылы мұғалімнің барлық жетістігін көруге болады.

Сондай-ақ оның әдістемелік қабілетін де байқап отырамыз. Мұғалімнің қандай әдістерді қолданғанына қарай баға қойылады. Мұның бәрі бағалау парақшасын ашқан кезде көрінеді. Бұрын мұндай болған жоқ. Тест тапсырмасы 50 сұрақтан болған-ды. Оның 30-ы — пән бойынша, 20-сы әдістемеге қатысты берілді. Жаңа талапқа сәйкес 50 сұрақтың бәрі де педагогтің өз пәні бойынша беріледі. Яғни оның әдістемесі әрбір сабақтан қаралып отырады. Сол себепті тесттен әдістеме алынып тасталды, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Жаңа талап биікке бастайды

Білім сапасын арттыру мақсатында енді білім беру ұйымдары басшыларының орынбасарлары мен әдіскерлер де аттестаттаудан өтетін болады. Мұның себебі туралы Нұргүл Лескенқызы былай дейді:

Себебі олар — болашақ басшы, сондықтан заңдарды білуге міндетті. Сондай-ақ олар — сарапшы, яғни өз пәнін меңгерген, білікті педагог, ол тестілеу тапсыру арқылы жаңа деңгейге көтеріледі. Сөйтіп, басқарушылық деңгейді меңгереді, менеджер болады.

Сонымен қатар бұл санаттағы педагогтер меритократия принципі бойынша өсіп отырған мамандар саналады, яғни мемлекеттік басқару ісіне тартылатын лауазым иесі.

Осылайша бұл қадам білім ұйымы басшысының орынбасары лауазымының деңгейін, мәртебесін көтереді.

Жоспар және меже

Білім беру ұйымы жыл сайын 1 маусымға дейін алдағы оқу жылына аттестаттау жоспарын жасайды және бекітеді. Аттестаттау комиссиясы қаңтар-маусым айларында жұмыс жасайды және жылына бір рет шешім шығарады. Осылайша педагогтер 1 қыркүйектен бастап жалақыларына тиісті үстемақыларды алуға мүмкіндік алады.

Егер педагог уақытша еңбекке жарамсыз болса, бала күтіміне байланысты демалыстан шықса немесе білім беру ұйымынан мемлекеттік органдарға немесе әдістемелік кабинетке ауысса, онда оның біліктілік санатының қолданыс мерзімі 2 жылға дейін ұзартылады (бұрын 1 жыл болатын), — дейді Нұргүл Лескенқызы.

Оның айтуынша, жобаға сәйкес педагогтердің кезекті атестаттаудан өтуіне екі рет мүмкіндік беріледі.  Жылына бір рет — тегін, бір рет — ақылы (3700 теңге); кезектен тыс болса, жылына бір рет тегін тапсыра алады. Сынақ тестілеуі (педагогтің қалауы бойынша) — жыл бойы ақылы негізде тапсыруына болады. Бірақ сынақ тестілеуінің нәтижелері аттестаттау үшін негіз болмайды.

Педагог білімін бағалаудың (ПББ) шекті деңгейі:

1) барлық лауазымдағы педагогтер үшін:

«педагог-модератор» біліктілік санаты — 60 пайыз;

«педагог-сарапшы» біліктілік санаты — 70 пайыз;

«педагог-зерттеуші» біліктілік санаты — 80 пайыз;

«педагог-шебер» біліктілік санаты — 90 пайыз;

2) бiлiм беру ұйымдарының (әдiстемелiк кабинеттердiң /орталықтардың) бiрiншi басшыларына, басшының орынбасарларына, әдiстемелiк кабинеттердiң (орталықтардың) әдіскерлерiне — 70 пайыз.

Тестілеу ұзақтығы туралы айтсақ, математика, физика, химия, информатика пәндерінің мұғалімдеріне берілетін уақыт — 125 минут.

Қалған мұғалімдер үшін 80 минут беріледі.

Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары, басшысының орынбасарлары, әдістемелік кабинеттер (орталықтар) әдіскерлері үшін 90 минут берілсе, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қосымша 40 минут беріледі.

ПББ ережелерін бұзған жағдайда педагог бір жыл мерзімге аттестаттаудан шеттетіледі. Егер қайталап бұзса, онда 5 жылға шеттетіледі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button