Мәдениет

32 МЫҢ ШАРА, 2,5 МИЛЛИОН КӨРЕРМЕН

Өткен жылы өңірімізде шамамен 2,5 миллион көрермен қамтылған 32 мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова былтыр басқарма тарапынан атқарылған жұмыстарды қорытындылаған баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Қазіргі таңда облыс тұрғындарына барлығы 480 мәдениет мекемесі қызмет көрсетеді. Оның 235-і — кітапхана, 197-сі — клуб, 21-і — музей, сондай-ақ планетарий, театр және филармония сияқты ұжымдар бар. Бұл салада еңбек ететін қызметкерлер саны 3 мыңнан асады.
Алтынай Юнисованың айтуынша, еліміздегі стратегиялық бағдарламаларды іске асыру мақсатында былтыр атаулы даталар мен мерейтойлар жоспарына сәйкес ірі мәдени іс-шаралар Сұлтан Бейбарыстың — 800 жылдығына, Әбілқайыр ханның — 330, Т.Жүргеновтің — 125, Т.Ахтановтың, Ө.Қанахиннің және Н.Тапаловалардың 100 жылдығына арналып өткізілді.
— Өткен жылы облыс әкімдігінің қолдауымен Ақтөбе аймағында табылған ғұн-сақ дәуіріне қатысты құнды жәдігерлерге байланысты зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қараша айында «Халықтардың ұлы қоныс аударуы қарсаңындағы далалық тайпалар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылғаны белгілі. Аталған іс-шараның аясында жетекші ғалымдар ғұн дәуіріне қарасты табылған құнды ескерткіштермен танысып, пленарлық мәжіліс өткізді. Елек І жанынан кездейсоқ табылған материалдар негізінде ғұнның костюмі, қару-жарақ және ат әбзелі жиынтықтарының ғылыми-көркемдік және заттай қайта жаңғыртпасының ашылуы өтті. Осы іс-шарада Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс Қазақстандағы филиалының ресми ашылуы болды. Батыс өңірі бойынша алғаш рет Ақтөбе қаласында, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жанынан институт филиалы ашылып, ғылыми-әдістемелік орталық ретінде жұмысын бастады, — деді басқарма басшысы.
Спикердің айтуынша, ғұн дәуірінің мұраларын зерттеу мен зерделеу ісін, ата-баба тарихын ұлықтау мақсатында жерлес күйші Тұрар Әліпбаев «Ғұн бабалар» атты күй-дастанын арнау етіп шығарған. Жақында профессор, күйші Т.Әліпбаевтың «Алтын ұя — Ақтөбе» концерттік кешінде атаулы күйдің таныстырылымы өткен. Күй-дастан Ахмет Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрінің орындауында көпшілікке ұсынылды.
Сонымен қатар брифингте А.Юнисова аймақта дәстүрлі өнерді қолдау мен дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ аймақтағы бірқатар өнер ұжымдарының жетістіктеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ Қазақстанның киелі жерлер географиясы жобасы, «Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында іске асырылып жатқан
Іс-шаралар жайын да баяндады.
— Биыл Қаныш Сәтбаевтың, Құдайберген Жұбановтың 125 жылдығы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың, Бердібек Соқпақбаевтың, Рәбиға Сыздықованың, Сара Мыңжасарованың 100 жылдықтарына арналып облыс көлемінде 28 мыңға жуық іс-шара өткізу жоспарланып отыр, — деді Алтынай Юнисова.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button