Басты жаңалықтарЭкономика

Кәсіпкерлік дамып келеді

Шағын және орта бизнес

Облыста былтыр 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1637 жобаға қолдау көрсетілді. Оның 23 пайызы аудандарға тиесілі. Ал шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген қаржы көлемі 14,2 млрд теңге болды.

Өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен отырыста баяндама жасаған кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев шағын және орта бизнес саласында Ақтөбе облысының өңірлер бөлінісінде мемлекеттік қолдау көрсетілген жоба саны бойынша үздіктер қатарында тұрғанын айтты. Бұған «Ауыл аманаты» жобасының да тигізген әсері бар.

2023 жылдан бастап шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту жөніндегі өңірлік бағдарлама іске қосылды. Жалпы сомасы 2 млрд теңге қаржы Хромтау моноқаласының кәсіпкерлеріне несие ретінде беріледі. Қаржыландыру облыстық бюджеттің аралас қаражаты, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Қазхром» ТҰК» АҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда Хромтауда 1,1 млрд теңгеге 53 жоба мақұлданды.

2024 жылдың 1 қаңтарында тіркелген дерекке сүйенсек, облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 пайызға артып, 83,8 мыңға жеткен.

Өндірген өнім көлемі өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 1,5 трлн теңгеге жетті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 1,2 трлнтеңге болды. Аталған салада 172,7 мың адам еңбек етіп жүр.

Алмас Салықбаевтың айтуынша, биыл қонақүй кешені, супермаркет, сауда үйі, жартылай фабрикаттар өндіру цехы, ТҚҚ және көлік жуу қызметін ұйымдастыру, спорт кешендерін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жиында облыс әкімі Асхат Шахаров бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға жаңа өзгерістер енгізіліп жатқанын, оны кәсіпкерлерге түсіндіру қажеттігін алға тартты. Салаға жауапты басшылар шағын және орта кәсіпті дамыту бағытында белгіленген межені орындап, жұмыстарды күшейтуге тиіс екендігі айтылды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button