Мәдениет

Батыр қыздың анасы ұлықталды

Маржан Нұрмұханбетқызы — Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың анасы. Кешегі кеңестік құйтырқы саясаттың құрбаны. Ашаршылық жылдары бақша қорыған орыс күзетшісінің оғынан қаза болғандықтан есімі де ескерусіз қалып, айтылмай келген. Бұл жөнінде газетімізде бұған дейін жазылды. («Әлияның анасы неге ізделмеді?», «Ақтөбе», 11 қыркүйек 2011 жыл.) Осы мақалада батырдың анасының жерленген жері, бейіті табылғаны да айтылған еді. Ол Әлияның туған ауылы Бұлақтың күн батыс бетінде, Қобда өзенінің бойындағы «Көкмешіт» аталатын жерде. Өткен аптада батырдың анасының бейітінің басына балбал тастан ескерткіш белгі қойылды.

Бұл шараға Ақтөбе қаласының оқу орындарының басшылары, мұражай қызметкерлері, еңбек, соғыс ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Қобда ауданының тұғындары, батырдың көзі тірі тума-туыстары, ұрпақтары қатысты.

Батырдың анасын еске алуға жиналғандар ең әуелі Бұлақ ауылындағы батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.Мұнан кейін батырдың анасын еске алу  «Көкмешіттегі» бейіт басына тұрғызылған ескерткіш жанында жалғасты. Митингіні ашқан аудан әкімі Асқар Жүсібалиев:

— Бүгін — қобдалықтар үшін есте қалатын күн. Тағы бір ардақтымыз оралып отыр. Ол — Әлиядай батыр қызды дүниеге келтірген Маржандай аяулы ана. Сәбиінің бетінен де сүйе алмай, қызығын да көре алмай арманда кеткен қыршын жан. Арада сонша жыл өткенде, сондай аяулы адамның тағдыр-талайымен қайта қауышып отырмыз. Еліміздің Тәуелсіздігінің арқасында бейітінің басына белгі қоюға, ескерткіш орнатуға мүмкіндік туды, — деді.

Сөзді Әлияның туыстары алды. «Көз алдыма апам тіріліп келгендей сезініп тұрмын» деп Әліп Сарқұлова көзіне жас алды. Ал Әбдіраман Рабаев ақсақал:

— Осы Бұлақта туып, өстім. Механизатор, трактор бригадасының бригадирі болып жұмыс істедім. Қазірде де осында тұрамын, зейнеткермін. Өмірден өткен Бағдәулет ағамды әркез ризалықпен еске аламын. «Күндердің күнінде іздейсіңдер» деп, осы бейітті көрсетіп кеткен сол кісі еді маған. Ол Әлиямен бірге осы топырақта туған, түйдей құрдас. Өзі де соғысқа қатысып, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан. Әне, сол ағаларымыздың айтқаны айнымай келіп, ұзақ жылдар есімінің өзінен көз жазып қалған анамызды ардақтап отырмыз, — деп қамықты.

Партия, кеңес ардагері, өзі де жоғалған талай асылдарымызды түгелдеуге мұрындық болған Игілік Сағиев осы атқарылып жатқан шаралардың болашақ ұрпақтарды тәрбиелеудегі алатын орынына кеңірек тоқталды. Батырдың есімімен байланысты сабақты инеге дейін түгелдеп, Ресейдегі және өзіміздің еліміздегі мұражайларды толықтырып, батырдың ерлік жолдарын ұлықтауға көп жылдардан бері өлшеусіз үлес қосып жүрген «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербеске күллі туыстарының атынан алғыс айтты. Жасының ұлғайғанына қарамай, аруақтың жолында адал қызмет етіп, жастарды батырдың өршіл рухына талмай тәрбиелеп жүрген осындай азаматтардың еңбектері еленіп, нақты бағасы берілсе екен деген ұсыныс білдірді.

Ақтөбе қаласында Әлия, Мәншүк атымен байланысты мәдени-қоғамдық орындар аз емес. Тек соңғы жылдары теміржол және М. Мәметова атындағы медицина колледждерінде батырлардың мұражайлары ашылды. Осы оқу орындарының басшылары Жеңісгүл Сағидоллақызы, Темірхан Қарақойшыұлы жастарға патриоттық тәрбие беруде мұражайлардың алатын орынын айта келіп, мұражай қоры батырдың анасы туралы деректермен толығатын болды деп қуанды.

Ұлы Отан соғысының ардагері, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Федор Чемодановтың соғыс қасіреті, қазақтың батыр қызы Әлияның ерлік жолдары, оларды есте қалдыру шараларының маңыз туралы айтқан жалынды сөзі жиналғандарды ұйытты. Бірсыпыра мәселелерді қозғағанда ардагердің көп жылдар бойы Қобда ауданында басшылық қызметтерде істегені көрінді. Ол елуінші жылдары осы кеңшарға Әлия аты берілгенде құжатқа қол қойған адам. Бұл өңірдегі арғы-бергі азаматтарды жақсы білетін жерлес. Сондықтан да, Федор  Евгеньевич қобдалықтармен жерлес ретінде, батырдың анасына белгі қойып, осындай есте қаларлықтай іс істеген Қобда ауданы әкімшілігіне, осы шаруаның басы-қасында жүрген жандарға соғыс ардагерлері атынан алғыс айтып, ескерткішке гүл шоғын қойды.

— Көп жылдардан бері шешімін таба алмай келген үлкен жұмысқа нүкте қойылды. Осы мәселе менің көп жылдардан бері қабырғама батып жүретін. Батырға сонша құрмет көрсетіп, оны тапқан, дүниеге келтірген анасын ұмытуымыз, ауызға алмауымыз әділдік емес еді. Бірақ, кеңес саясаты тізгіндеп жібермеді. Енді, міне, бәрі орынына келді. Батырдың анасының рухы риза шығар деп ойлаймын. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген бар, бұл шара көптің арқасында бітті деп есептеймін. Осы шараны ұйымдастыруға жетекші болған аудан әкімдігіне, облыстық мәдениет басқармасына, мұражай қызметкерлеріне, батырдың ағайын-туыстарына рахметімді айтамын, — деді «Қос шынар» Әлия- Мәншүк қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес.

Балбал тас ескерткіш ашылды. Ауыл адамдары тас белгіге орамал іліп, рухқа тағзым етті.

Бұлақ ауылындағы мектептің асханасында батырдың анасы Маржанның рухына ас берілді. Аста аудан әкімі Асқар Қазиханұлы елдікті танытатын үлкен шараға үлес қосқан азаматтарға ілтипат білдірді. Осы іске бастамашы болған Ғалымжан Байдербес ақсақалға шапан жауып, аудан халқы атынан алғыс айтты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button