Мереке

«Ару ана»: үздіктер үлгісі

Биыл елімізде «Ару Ана» республикалық үздік әйелдер жобалары байқауы өткізіліп жатыр. Бұл байқау әлеуметтік бағыттағы үздік идеялар мен жобаларды іске асыратын әйел көшбасшыларды қолдауға, біріктіруге және ілгерілетуге бағытталған. Аталған байқаудың облыстық іріктеу турына өңірден 13 қыз-келіншек қатысып, өз жобаларын ұсынған болатын. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында осы байқауға қатысушылардың бірқатарымен тілдескен едік…

Клуб әйелдерге қолдау көрсетеді

Гүлмира Мамытжанова жетекшілік ететін «Дамушы аналар» клубы биыл жыл басында ашылған. Қазір бұл клубтың құрамында 20-ға жуық әйел бар. Ақтөбе қаласындағы «Бақытты отбасы» орталығының жанынан ашылған бұл клуб облыстағы қыз-келіншектердің, аналардың басын қосып, оларға жан-жақты қолдау көрсетуге,

олардың өзін-өзі жетілдіруіне, дамытуына, салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыруына, ұлттық дәстүрлерді зерделеуіне бағытталған.

Гүлмира Мамытжанованың айтуынша, клуб мүшелері бүгінде көптеген іс-шара өткізіп, белсенді өмір салтын ұстануда.

— Клуб өз жұмысын бастағалы мұндағы қыз-келіншектер «Қаржылық сауаттылық» семинар-тренингіне, хош иісті сабын жасау шеберлік класына, «Өз өміріңнің иесі бол!» тақырыбында өткен тренингіне қатысты. Сондай-ақ қазір клуб мүшелеріне аптасына екі рет зумба биінен үйірме өткізіледі. Жуырда клуб аналарының қатысуымен «Бақытты отбасы» орталығында Ақтөбе қаласының 155 жылдығына орай жәрмеңке ұйымдастырылды. Ал Алғыс айту күнінде «Әйел әлемі» атты трансформациялық-психологиялық ойын өткізілді, — дейді ол.

Клуб жетекшісінің айтуынша, бұл ұйымның жұмысы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсететін «Бақытты отбасы» орталығымен тығыз байланысты. Орталыққа тіркелген, өзін-өзі дамытамын деп келген кез келген адам клуб мүшесі бола алады.

— Әйел өзінің мінез-құлқын, өмір салтын, сыртқы келбетін үнемі бақылауда ұстауы керек. Әйелдің басты мақсаты — отбасының ұйытқысы болу. Әйелдердің жаны нәзік, сезімтал, жылулық пен қамқорлыққа аса мұқтаж. Отбасындағы әйелдерді көбіне тұрмыс тауқыметі қажытса, жұмысбасты әйелдерге бос уақыт, демалыс жетпей жатады. Клубты құрудың өзектілігі де, міне, осындай мәселелердің алдын алу, яғни қазіргі қоғамдағы әйел адамдардың уақытын тиімді пайдалана отырып, өздерін жан-жақты дамытуға қолдау көрсету. «Дамушы аналар» клубы жыл бойы осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастырады. Орталықта аптасына екі рет кездесу өткізіледі. Оларға белгілі психологтер, белсенді аналар, әр салада жетістікке жетіп жүрген қыз-келіншектер, тағы басқа да танымал адамдар шақырылады. Сондай-ақ алдағы уақытта клуб аналарына арт-терапия, кітапханаға саяхат, басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады, — дейді ол.

Айта кету керек, Гүлмира Мамытжанова бірнеше жылдан бері «Бақытты отбасы» орталығында жұмыс істейді. Ол ақтөбелік аналар мен қыз-келіншектерге ұлттық құндылықтарды насихаттап, олардың жаңа кәсіп бастауына ықпал етіп келеді. Мінезі ашық-жарқын, еңбекқор, сегіз қырлы бір сырлы кейіпкеріміз алдағы уақытта клуб жұмысын дамытуда жан-жақты жұмыстар жүргізетінін айтады. Ашылғанына аз уақыт болса да, қазір бұл клубты көпшілік жақсы біледі.

Гүлгүлдің ірімшігі

Қарғалы ауданы Ащылысай ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлгүл Сүйінова бүгінде сүт өнімдерінен түрлі ірімшік жасайды. Ол былтыр «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, жеке кәсіп ашқан. 2 млн теңге несие алып, сүт өнімдерін өңдейтін құрал-жабдықтар сатып алған.  Қазір ол ауылда моцарелла, адыгей ірімшігі мен сүзбе жасап сатады. Гүлгүлдің ерекше өнімдері мол сұранысқа ие.

— 2020 жылы жолдасым өмірден өтті. Содан кейін қолымыздағы малды сатып жібердік. Қазір сүтті ауыл тұрғындарынан сатып аламын. Отбасында бес бала өсіріп отырмын.

Жұмыстан қолым қалт етсе, ірімшік дайындаймын. Ол үшін көп уақыттың қажеті жоқ. Ірімшіктің екі түрі де тез дайындалады. Алайда сақтау мерзімі санаулы күн ғана.

Былтыр аудан орталығында өткен жәрмеңкеге алғаш жасаған өнімдерді апарып, саттым. Қазір тапсырыс беретіндер көп, — дейді ол.

Гүлгүлдің негізгі мамандығы — инженер. Ол Орал қаласындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетін бітірген. Алайда өз мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Қазір ол Ащылысай орта мектебінде шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істейді. Биыл жаз айларында цех ашып, сол жерде сүт өнімдерін өндіргісі келеді. Әзірге ол тек құрылғылар ғана сатып алған.

— Алға қойған жоспарым көп. Жазда осы жобаны жүзеге асырмақпын. Өнімдердің түрлерін көбейтіп, ауыл тұрғындарын нәрлі, таза ірімшікпен қамтамасыз етпекпін. Премиум  бағадағы  жоғары сапалы ірімшіктің сорттарын жасағым келеді. Ол үшін әлі көп еңбектену керек, — дейді жеке кәсіпкер.

Гүлгүл ірімшіктен бөлек, қазір үйінен кондитерлік өнімдер де дайындайды. Оның дәмді торттары пен пирогтары тіл үйіреді. Қолынан бал тамған, пысық келіншек алдағы уақытта үлкен белестерді бағындырып, жеке кәсібін дамытуды армандайды. Гүлгүлге арманың орындалсын дейміз!

Сүйектен кәдесый жасайтын шебер

Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылының тұрғыны Гүлдана Серікқызы аталған байқауға «Шығармашылық индустрия саласындағы үздік жоба» номинациясы бойынша қатысқан. Оның ұсынған жобасы — сүйек өңдеу және оларға сурет салу.

— Менің негізгі мамандығым — бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі. Сондықтан менің сурет салуды ерекше жақсы көремін. Ең алдымен сүйекті қайнатып аламын. Қайнаған соң майы, еті мен сіңірі түсіп қалады. Содан соң екі-үш күн кептіріп, тазартамын. Құрғақ, таза сүйекке алдымен қарындашпен сурет саламын. Содан кейін оны түрлі түсті етіп бояймын. Бір сүйекке сурет салу үшін 4-5 күн уақыт кетеді. Жалпы осы күнге дейін жауырыннан бастап, жамбас, мойын омыртқа, кәрі жілік сияқты сүйектерге сурет салдым. Бұл өнерді маған ешкім үйретпеді, өзім ізденіп, үйрендім, — дейді ол.

Гүлдана асыққа да сурет салып, безендіреді екен. Ауылда ірі қара мен қойдың асығын пайдаланып, түрлі элементтер салады. Қазір шебер қыздың қолынан шыққан бұйымдар сұранысқа ие.

Өнерлі жас бүгінде Байғанин аудандық шығармашылық орталығында  «дизайн» үйірмесінің жетекшісі болып қызмет етеді. Өткен жылы облыстық «Үздік шығармашыл жас — 2023» номинациясын жеңіп алған. Аудандағы жастар арасында «Жыл адамы — 2023» атағын иеленген.

Қайырымдылық — ізгі қасиет

«Ару Ана» республикалық үздік әйелдер жобалары байқауына қатысушылардың бірі — Айзада Балмағамбетова. Ол аталған байқауға «Әйелдер құқығын қорғау саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым» номинациясы бойынша қатысқан.

Ол алғаш рет волонтерлік қызметті «Рақым» еріктілер тобында жұмыс жасаудан бастаған. Бүгінде ол «Фонд помощи продуктовая корзина» қайырымдылық қорының негізін қалап, мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіп отыр. Соңғы екі жыл ішінде бұл қор халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 25 мың отбасына көмек көрсеткен. Олардың қатарында аудан тұрғындары да бар.

— Бүгінде біз арнайы меморандум аясында «Бақытты отбасы» орталығымен бірлесіп мұқтаж отбасыларға, оның ішінде көпбалалы аналарға көмек көрсетіп келеміз. Сондай-ақ Рысқұлов көшесі,190 мекенжайында әлеуметтік киім-кешек дүкеніміз жұмыс істейді. Осы жерде аптасына екі рет аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға киім-кешек, аяқкиім үлестіріледі. Бұдан бөлек бірнеше жылдан бері төтенше жағдайлар кезінде де облыстағы тұрғындарға қолдау көрсетіп келеміз. Былтыр қолдауға мұқтаж балаларға, ана-анасыз қалған кәмелетке толмаған жастарға, жалғызбасты аналарға, мектепке дайындық кезінде бірқатар оқушыларға киім-кешек үлестірдік. Халықаралық балаларды қорғау күнінде мың балаға балмұздақ әперіп, мерекеде балапандардың көңілін көтердік. «Мектепке жол» акциясында өңірдегі 20 мектептің оқушысына мектеп формаларын алуға үлес қостық. Одан бөлек әрдайым мерекелерде ардагерлерге, мұқтаж жандарға қайырымдылық шараларын ұйымдастырамыз, — дейді Айзада.

Оның айтуынша, қор Түркияда болған зілзала кезінде де облыс тұрғындарынан гуманитарлық көмек жинап, бауырлас елдің халқына екі көлік киім-кешек, аяқкиім, тұрмыстық заттар жіберген. Сондай-ақ кейіпкеріміз облыста баспанасыз жүрген жандарға көмектесу үшін «Happy home» жобасын қолға алған. Оның басты мақсаты — қала әкімдігінің қолдауымен жеке баспанасы жоқ азаматтарға көмектесу. Бұл орайда ол алдағы уақытта баспанасыз тұрғындарға тегін жатақхана ашқысы келеді. Әзірге бұл жобаны жүзеге асыру үшін көп қаржы керек.

Айзада — қайырымдылық қорының жетекшісі ғана емес, отбасында үш бала тәрбиелеп отырған мейірімді ана. Қай кезде де жұрттың баласына өз баласындай қамқорлықпен қарайтын Айзада болашақта қайырымдылық көрсету ісінде жаңа бастамаларды қолға алмақ.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button