Мереке

 «Алтын алқалы» ене мен келін

«Сәбидің күлкісі сыңғырлаған үйде шаттыққа толы өмірдің берекелі бесігі тербетіліп тұрады. Өмірге ұрпақ әкелу бір бақыт болса, көпбалалы болудың қуанышы тіпті бөлек». Бұл — балаларын байлығына балап, әулетінің алтын діңгегіндей болған кейуана Бибісұлу Тұрғанбаеваның пікірі.

Бүгінде торқалы тоқсан жасқа таяған ілгері буын өкілінің балалық шағы қоңырқай тірліктің көлеңкесінде өрілгеніне өткен күндер естелігі куәлік етеді. Ашаршылық зардабы, одан беріде тұтанған сұм соғыстың салмағы сол кезеңнің жас пен кәрісінің мойнына тең артылды. Бибісұлу Тұрғанбайқызының дүние есігін ашқан туған мекені — кезінде шартарапқа танылған Арал теңізінің жағалауы. Сонау ашаршылық жылдары тайдай тулаған балығымен талай жанның өзегін жалғаған айдын теңіздің шарапатын бала Бибісұлу да көріп, сол бір нәубеттерден тарықпай өтеді. Алайда қалтарыс-бұлтарысы көп жолдар мұнымен бітпеді. Қаршадай қыз әке-шешесінен 5 жасында қалып, жақын аға-жеңгесінің тәрбиесінде жетіледі. Өсе келе тұстастарынан қалмай тылдағы қол жұмысына жегіліп, өмір кезеңдеріндегі қиындықтарға мойымай, құрыштай шынығады.

Бір әулеттің түтінін түтетіп, бәйтеректей жайылған өз жұрты — бүгінгі Бершүгір ауылы. Осында ғұмыр жарастырған серігі Балғабек ақсақал екеуі өмірге 8 бала әкеліп, тәрбиелеп өсірді. «Алтын алқалы» әжеміз осы балаларынан қазір 30 немере, 40 шөбере, 2 шөпшек сүйіп, қадірі артып отырған жайы бар.

— «Әр баланың өз несібесі бар» деген қағиданы бәрің де білесіңдер. Бірақ осыған біржақты қарап, ата-ана бала-шаға алдындағы өз міндетін тым жеңілдетіп алмау қажет. «Қолы қимылдаған адамға кедейлік жоқ» деп, біз қайратты шағымызда уақытпен санаспай балалар үшін жұмыс істедік. Кезіккен қиыншылықтардан табанды еңбектің ғана алып шығарына сендік. Тәубе, сол сеніміміз ақталды, еткен еңбегіміз де зая кеткен жоқ, сый-құрметтің де бұйырғанын алдық. Қазірде де еліміздің көбеюіне үлес қосып жатқан жас аналар қоғамда елеусіз емес. Сондықтан ата-анаға барды бағалап, көрінген балаларыңның амандығын ойлап, заманның тыныштығын тілеп отырудан асқан мақсат бар ма? — дейді қанағаты мол Бибісұлу әже.

Қарт ана кезінде Бершүгірдегі сауықтыру орталығында кіші қызметкер болып жұмыс істеп, құрметті еңбек демалысына шығады. Ал қосағы Балғабек ата болса, Алабас елді мекеніндегі қиыршықтас зауытында еңбек етіпті. Балаларына адал істің ғана алар асуы биік боларын үйреткен әке 2002 жылы 74 жасында өмірден озған екен.

Биыл 8 наурызда 89 жасқа толатын Бибісұлу әженің тұңғышы — қазір 70 жаста. Қара шаңырақтағы кенже баласы Болатқалиды 1973 жылы өмірге әкелген қарт ананың қазір де қимылы ширақ, көру қабілеті жақсы. Бесігін тербетіп, шөберелеріне байырғы ән-жырды айтып отырады.

«Келін — қайын ененің топырағынан» деп бекер айтылмаса керек. Әженің қолындағы келіні Базаргүл Бөлебаева да өзінің жолын қуып келеді.

— Осы әулетке 2003 жылы келін болып түстім. Жолдасым Болатқали қазір ауылдағы қиыршықтас өндіретін зауыттардың бірінде жұмыс істейді. Өзім осындағы Бершүгір орта мектебінде музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істегеніме 20 жылдай уақыт болды. Баларымыздың алды — студент, ең кішкентайымыз — үш жаста. Алла берген жеті баланың анасымын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 24 шілдедегі Жарлығымен «Күміс алқамен», 2022 жылдың 5 сәуірдегі Жарлығымен «Алтын алқамен» наградталдым. Балаларың өскен сайын аналық жауапкершілігің де арта береді. Алдыңғы буын әжелеріміз бен ардақты аналарымыздың ізін жалғап, балаларыма бойымыздағы бар жақсы қасиеттерімізді, тәлім-тәрбиемізді беріп, ақылымызды айтып, дұрыс жөн көрсетуден еш жалыққан емеспіз. Балалы болудан қашпау керек. Біз алдағы уақытта балаларымызды жарқын болашақ күтіп тұрғанын сеземіз және сенеміз, — дейді Базаргүл Абдрахимқызы.

Бір шаңырақта алтын алқалы ене мен келіні бар Қалниязовтар әулетін бершүгірліктер қарапайым да өнегелі отбасы ретінде құрметтейді. Өткен жылы «Отбасы күні» мерекесінде ауыл клубының қызметкерлері арнайы келіп құттықтап, алтын құрсақты аналардың ризашылығына бөленіпті.

Әулетінің ырысын арттырып, халқымыздың көбеюіне үлесін қосқан «Алтын алқалы» аналарымыз қандай да жоғары құрмет пен қошеметтерге лайықты.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button