Мереке

Өмірге құштарлық өнегесі

Өткен ғасырдың орта тұсында Өтек деп аталатын ауылда дүниеге келген Дәмелінің қатарластары мектепте оқып жүрген кездерінен-ақ сол кездегі комсомолдық үндеулерге қолдау жасап, өндірісте еңбек етуге ұмтылатын.

Дәмелі Шөмекеева да жастайынан ауыл шаруасына белсене араласады. Ол бастапқыда шаруашылықтың науқандық жұмыстарына қатысады, ал он бес жасынан «Победа» колхозында аға сауыншы болып еңбекке араласады. Одан кейін механизатор, малшы болып жұмыс істейді. Қыз баланың ер адамдар атқаратын ауыр жұмыс тізгінін қолға ұстауын мақтаныш тұтқан да бір кезеңдер болған.

Дәмелі Салыққызы «Жұлдыз» деп аталатын комсомол-жастардың қыз-келіншектерден құралған тракторшылар бригадасын құрудың бастауында тұрады. Ол кілең нәзік жанды арулардан құралған ұжымға жетекшілік етіп, оларды алдыңғы қатарға шығарады. Сол кезде өзі бас болып «Т-40», «ЮМЗ-6Л», «МТЗ-80», «К-700А-17» тракторларын ұршықша иіреді.

Жазда шөп шабу, егін орағы, қыста қар тоқтату, малды ауылдарға көмектесу — осылайша бірінің соңынан бірі айналып келе беретін қауырт жұмыстарда Дәмелінің көптеген жұмыстар атқарғанын қатарластары бүгінде мақтанышпен айтады.

Ол кезде еңбек адамының жетістіктерін бағалаудың өлшемі бүгінгіден сәл басқаша болатын. Мәселен, Дәмелі Салыққызы бірнеше жыл қатарынан тегін жолдамамен Мәскеу, Севастаполь, Бахчисарай, Ялта, Алушта, Латвия, Вильнюс, Каунас, Таллин, Минск қалаларына саяхатқа барыпты. Тіпті шетел асып, Дели, Калькутта, Мадрас, Агра шаһарларын да аралаған. Ол уақытта мұндай игілікті сапарларға екінің бірінің қолы жете бермейтін.

1982 жылы адал еңбегі үшін оған «Жигули» автокөлігі сыйға беріледі. Ол аудандық кеңестің депутаты болып сайланады. Әйелдер съезіне делегат болып қатысады.

Дәмелі Шөмекееваның сол жылдардағы еңбегінің жемісін 1975 жылы «Облыстың таңдаулы сауыншысы», 1978 жылы «Облыстың таңдаулы механизаторы» атақтарын алуынан-ақ көруге болады. 1981 жылы үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, оның алдында «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Бүкілодақтық жастар ұйымының «Бесжылдықтың жас гвардияшысы», «Мал шаруашылығының үздік қызметкері» белгілері де белсенді комсомол мүшесіне көрсетілген ерекше құрмет еді.

Ол — еңбек ете жүріп, ұл-қыз өсірген ардақты ана. Балалары бір-бір мамандық игеріп, әр салада абыроймен қызмет етіп жүр. Тұңғышы Назымхан Ақтөбе қаласында информатика саласында еңбек етсе, ұлы Руфат — мұғалім, аудандық білім бөлімінде маман, кіші қызы Наргиза — «Нұр» балабақшасында тәрбиеші-психолог. Үш немересі — әжесінің қуанышы.

…Иә, бәрі кеше сияқты еді. Дәмелі Салыққызы — қазір немере сүйіп отырған ақ жаулықты әже. Ұзақ жылдар дала төсінде, жаздың аптабында, қыстың суығында темір тұлпарды тізгіндеп, ауылдың қай шаруасына болмасын, күй таңдамай кірісіп кететін қызулы шақтарын сағынады кейде. Бүгінде ол — «Дәстүрге жол» жобасының қатысушысы және аудан орталығындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» мүшесі.

Уақытпен санаспай тынымсыз жүрген, әйел адамға салмақ түсіретін ауыр жұмыстардың салдарынан денсаулыққа да кінәрат түспей қалған жоқ. Ол соған қарамастан, жігерлі, өмірге құштар қалпын жоғалтқысы келмейді.

Үйде көбірек отырса да, мерзімді басылымдарды — газет-журналдарды үзбей оқиды, әдеби кітаптарды қолынан тастамайды. Бір сәт немерелер күлкісінен қуат алады.

Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button