Мереке

Ұстаз мерейі

Гүлназ Мыңжасарова 39 жасында білім саласындағы ең жоғары марапат — «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін иеленді. Дәл осы жасында «Үздік педагог-2018» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды. Гүлназ Ізтілеуқызы — PASCO компаниясы шығарған SPARK зертханалық құралғысын меңгерген облыстағы ең алғашқы биолог. Үнемі ізденіп, тынбай еңбектенгенді жаны сүйетін кейіпкеріміз пандемияға қарсы күреске белсене атсалысқаны үшін «Халық алғысы» арнайы медалімен марапатталды. 

Гүлназ Мыңжасарова — 10 жылдан бері республикалық ұлттық тестілеу орталығында тұрақты түрде тест тапсырмасын әзірлеуші және сарапшы. Сондай-ақ — ол ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы арақашықты жоюды мақсат еткен «Білім All» жобасы аясында іріктелген облыстағы таңдаулы педагогтердің бірі.  

Мереке қарсаңында өз ісінің кәсіби шебері, білікті педагогпен сөйлескен едік.

«Білім — инемен құдық қазғандай» деген нақыл бар. Оқушыларға ілім-білім үйрету арқылы  олармен бірге өзіміз де дамып, тәжірибе жинап жатырмыз.  Жыл өткен сайын түрлі жаңашылдықтар, әдіс-тәсілдер шығады. Жыл сайын балалармен бірге жаңалықтарды танып, біліп, қабылдап, түйіп, жетіліп жатырмыз. Білім саласында жеткен жетістігі, бағындырған белесі көп болса да, педагогке ешқашан тоқмейілсуге болмайды. Білім берудегі инновациялық технологияларды білу, меңгеру, оқу процесінде қолдану — үлкен ізденісті, өзіңді өзің үздіксіз дамтуды талап етеді, — дейді Гүлназ Ізтілеуқызы. Ол — сандық технология — SPARK зертханалық құралғысын меңгерген облыстағы ең бірінші биолог және тренер.

Оқушылардың биология пәні бойынша алған теориялық және практикалық дағдыларын, сондай-ақ күрделі ғылыми зерттеулерді орындауға көмектесетін  бұл әмбебап сандық қондырғы еліміздің мектептеріне 2000 жылдары жеткен. Дегенмен оның «тілін» ешкім білмегендіктен біздің облыстың ғана емес, республикадағы білім шаңырақтарының бәрінде он жылдан астам уақыт шаң басып, босқа тұрған. Жалпы, осы бір ғана қондырғы арқылы 21 зертханалық жұмыс жасауға болады екен. 2012 жылы SPARK қондырғысымен зертханалық жұмыс жасауды үйретуге елімізге Англиядан арнайы тренерлер шақыртылыпты. Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында ұйымдастырылған курсқа облыстан бір ғана биолог — Гүлназ Мыңжасарова таңдалып алынды. Кейіпкерімізге үлкен жауапкершілік жүгі артылды. 33 жасында курсты тәмамдаған Гүлназ Ізтілеуқызы 3 жыл бойы облыс мектептерін аралап, биологтарға шеберлік-сыныптарын өткізіп, SPARK зертханалық құралғысын қолдануды үйретті. Кейін Гүлназ Ізтілеуқызы аталған қондырғыны қалай пайдалану керектігі туралы әдістемелік құрал жазды.

Гүлназ Мыңжасарова 1999 жылы еңбек жолын Темір ауданы Шұбарқұдық кентінде №3 орта мектепте бастады. 2009-2010 оқу жылынан бері М.Құсайынов атындағы  облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының биология пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді.

Еліміздегі ең басты білім бәйгесі — республикалық пәндік олимпиада.

Республикадағы ең мықты, дарынды балалалар бақ сынайтын дүбірлі додаға шәкірттерін баптап қосу және олардың жетістігінің куәсі болу — ұстаз үшін үлкен мерей, үлкен абырой. Олимпиадада бала жетістікке жетпесе, бұл — педагогке сын, педагогтің әлсіздігі. Баламен жүйелі жұмыс жасалмаса, нәтиже болмайды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген бар.  Баланың ғылымның қай саласына, қай бағытына, қай пәнге қабілеті, ынта-ықыласы бар екенін мықты педагог ерте бастан, оқушы орта буынға көшкенде-ақ аңғарып, оны 6-7 сыныптан бастап, сол сала бойынша үздіксіз даярлауға тиіс. Пәндік олимпиадаға оқушыны екі апта, бір ай, екі ай қалғанда даярлау — бос әурешілік, — дейді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, пәндік олимпиадада биікті бағындырып, облыс намысын, ел намысын қорғайтын баланың логикалық ойлау, есте сақтау қабілеттері мықты болумен бірге үш тілді — қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жақсы меңгеруі керек.

Әсіресе жаратылыстану бағытындағы пәндік олимпадаға қатысушылар орыс, ағылшын тілдерін білуге тиіс. Өйткені биология пәнінен өткізілетін олимпиадада негізгі тапсырмаларды орыс, ағылшын тіліндегі материалдардан оқып, дайындалған нәтижелі болады. Олимпиадаға дайындалатын кітаптың қазақ тілдегі аудармасы жоқ. Сондай-ақ олимпиада тапсырмаларында кейбір сөздер, сөйлемдер латын, ағылшын тілдерінде жазылады.  Мысалы, гүлдің формуласының қандай екені, өсімдіктердің аттары, терминдер көп жағдайда латын тілінде жазылады.

2009-2010 оқу жылында Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа жұмысқа орналастым. Қызметке кіріскен бойда олимпиадаға дайындау үшін қазақ, орыс тілдерін еркін меңгерген, ағылшын тілін де жақсы түсінетін оқушы іздей бастадым. Биохимия деген пән бар. Биологиядан жетістікке жету үшін оқушы химияны да жақсы білуге тиіс. Мамандығым биолог болғандықтан маған химиядан оқушы даярлау қиындық тудыратыны рас. Ұлттық бірыңғай тестілеу үшін тест құрастыруға Астанаға жиі іссапарға барамын. Тестілеу орталығына еліміздің әр өңірінен мықты педагогтер жиналады. Сол кезде бір-бірімізбен тәжірибе бөлісеміз. Сонда білгенім, биологқа оқушысына химияны үйрету үшін тренер тарту тиімді тәсіл екені айтылды. Сөйтіп, тренер іздеп, балаларға химиядан тереңірек оқуға мүмкіндік жасадым. Бұл тренерлер — мықты мамандар. Олар кезінде биология пәнінен халықаралық олимпиадада жүлдегерлер болды. Тренерлер алдымен балаларға мотивация береді. Республикалық, халықаралық олимпиадаға жетістікке қалай жеткендерін айтады. Бұдан кейін балалардың ерекше қызығушылықтары оянып, құлшынып дайындалады.

Бүгінде республикалық додаларға бірнеше оқушым шығып, жүлделі орындарды иеленіп келді. Биылғы облыстық пәндік олимпиадаға үш оқушы даярладым. Нәтижесінде 11-сынып оқушысы Сымбат Төлеген 28 наурызда Астана қаласында өтетін республикалық олимпиадаға жолдама алды.  10-сынып оқушысы Нұрбек Мақсетов 2-орын, Нұрдәулет Ізтілеу 3-орынға ие болды, — дейді педагог.

Гүлназ Ізтілеуқызы қазір балаларын ерте бастан олимпиадаға үздіксіз дайындағанының жемісін көріп жатыр. Мысалы, 10-сынып оқушылары Нұрбек Махсетов пен Нұрдәулет Ізтілеу 7-8 сынып оқушылары қатысатын жасөспірімдер олимпиадасына биология пәнінен тренер болып жүр.

Нұрбек пен Нұрдәулеттің арқасында тренерді сырттан іздемейміз. Оларға өзім бағыт-бағдар беріп отырамын. Олар балаларды олимпиадаға қалай дайындау керегін нақтылап, оқу жоспарын құрады. Қазір оқушылар «сабағыңыз жиірек болсыншы» деп Нұрбек пен Нұрдәулеттің соңынан қалмай жүр.

Жасөспірімдер олимпиадасының басты мақсаты — оқушыларды республикалық  пәндік олимпиадаға даярлау. Былтыр сол кезде 7-сыныпта оқитын Диляра деген оқушым өте аз уақытта, екі-ақ апта ғана дайындалып, облыстан 1-орын, республикадан 2-орын алды. Диляраның есте сақтау қабілеті мықты, әр күні 20 параграфтан оқып, 7 мен 8-сыныптың бағдарламасын бір аптаның ішінде меңгеріп алды. Ол қазір 9-10 сыныптың материалдарының бәрін біледі. Диляра жетістігі үшін Бурабайдағы лагерьде демалып келді. Президент шыршасына қатысты. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хатын алып, 100 мың теңге сыйақыға ие болды, — дейді Гүлназ Мыңжасарова.

Тәжірибесі мол, жетістігі көп педагог-тренер Гүлназ Ізтілеуқызы аудандарға жиі іссапарға шығады. Ауыл мұғалімдерімен іс-тәжірибесімен бөлісіп, жасөспірімдер олимпиадасына, облыстық пәндік олимпиасына оқушыларды қалай даярлау керектігі, білім сапасына қол жеткізу үшін тест тапсырмаларын қалай құрастыру қажеттігі туралы тренинг өткізеді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button